Шын жүйрік сында білінеді

Теміртау қаласында полиция қызметкерлері «Әр жүректе – Туған жер!» патриоттық ән арт-фестивалінде бақ сынасты.
Тамыз айының 20-21 аралығында Теміртау қаласының мәдениет үйінде полиция қызметкерлері «Әр жүректе – Туған жер!» патриоттық ән арт-фестивалі өтті. Оған Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының Полиция департаменттері және Мамандырылған күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінен 50 қызметкер қатысты.
Үміткерлер «Дуэт», «Трио» және «Квартет» номинациялары бойынша бақ сынасып, жанды дауыста өнерлерін ортаға салды.
«Байқаудың мақсаты – полиция қызметкерлері арасында елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, руханиятты жаңғырту және өзге облыстардағы әріптестерімен байланысты нығайту», – деді Ішкі істер министрлігі Кадр саясаты департаментінің өкілі, полиция подполковнигі Рүстем Сәдуақасов.
«Елбасының еңбек жолын бастаған қалада осындай рухани байлық алар кеш өтіп жатқанына қуаныштымын. Мемлекеттің болашағы – жастар. Бұл шара жастар арасында патриоттық сезімді ояту, елдің келешегі жастар екенін насихаттауға бағытталған», – деп атап өтті Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Мирас Құттыбай.
Өнер байқауына қатысып, әуелете ән салғандардың бағасын Ішкі істер министрлігі, Қарағанды облысы Мәдениет басқармасы мен Білім басқармалары мамандарынан құралған қазылар алқасы берді.
Екі күндік байқаудың қорытындысы бойынша «Дуэт» номинациясында 3-орынды лауреатты Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті, 2-орынды Шығыс Қазақстан облысы, ал жүлделі 1-орынды Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қанжығаларына байлады.
«Трио» номинациясы бойынша 3-орынды Шығыс Қазақстан облысы иемденсе, екінші орын Ақмола облысына, ал бірінші жүлде Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлеріне бұйырды.
«Квартет» номинациясы бойынша 3-орында – Ақмола облысы, екінші орын Қарағанды облысының, ал бірінші орын Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің еншісіне тиді.
Байқау жеңімпаздары елордада өтетін гала-концертке қатысуға жолдама алды.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*