Полиция полковнигі Жасұлан БАЙКЕНОВ: Сауатты адам құқық бұзбайды

Қоғамда тәртіпке, азаматтардың жеке меншігіне, құқықтары мен бостандықтарына, белгіленген басқару тәртібіне нұқсан келтіретін әрекеттер мен әрекетсіздіктер – әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Бұл үшін арнаулы заңдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Осы орайда еліміздің әуе және темір жол нысандарында орын алып жүрген әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша Көліктегі Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жасұлан Байкенов өз жұмыстарының қыр-сырымен таныстырып, нәтижелерімен бөлісті.

Жасұлан Құдайбергенұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын сіздің «Рухани жаңғыру» туралы ойыңызды білгіміз келеді. Осы ұғымды қалай қабылдадыңыз, қызметіңізбен қалай байланыстырар едіңіз?
– Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мақсаты – үздік 30 елдің қатарына қосылу деп түсінемін. «Рухани» сөзінің өзі адам санасының бір тазалығы ғой. Сананың таза, жақсы ойларға толы болуы – жұмыс барысында үлкен қолдау көрсетеді. Жақсы идеялар, қателіктердің болмауы, іске жауапкершілік – мұның бәрі тікелей ой-санамызбен жүзеге асып отыр. Ал жаңғыру – сол ой-санамызды дамытып, нарыққа сай ойлап отыру. Мысалы, біздің қызметте осындай сана арқылы өзімізді басқаратын болсақ, құқық бұзушылық санын азайтуға деген әрекеттердің түрін дамыта аламыз. Бұл да бір жетістік емес пе?! Сондықтан біздің әрбір жетістігіміз – үздік ел болуға деген нақты қадамдар деп ойлаймын.
Өте керемет. Алғашқы сұрағымыз, жалпы әкімшілік құқық бұзушылыққа қандай теріс қылықтарды жатқызамыз?
– Әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлері өте көп. Бұл көбіне қоғамдық орындарда орын алып жатады. ӘКҚК-нің 449-бабында көрсетілген қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру – мұның бәрі «Қоғамдық орындарда тиісу» фактісі бойынша жасалған құқық бұзушылықтар. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішіп, мас күйде болу, пайдалану орындарын ластау, тыйым салынған орындарда темекі шегу, белгіленбеген орындарда сауда жасау, заңсыз жүк тасу мен жолаушы тасымалдау қызметтерін көрсету, тәуліктің түнгі уақыттарында балалардың үлкендердің ілесіп жүруінсіз жүруі, тіпті заңмен тыйым салынған қаруға ие болу немесе билетсіз пойызға жүру секілді теріс қылықтарды осы әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызамыз.
Аталған әкімшілік құқық бұзушылықтар біздің нысандарда да орын алып жатады. Әрбір құқық бұзушыға белгіленген арнайы шаралар, яғни жазалар тағайындалған. Ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкімшілік қамаққа алу сияқты әкiмшiлiк жазалар осы құқық бұзушылықтарға қолданылады. Сондай-ақ, қосымша әкiмшiлiк жаза ретiнде арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ, тізілімнен алып тастау, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу сияқты жазалар да қолданылуы мүмкiн.
Сіздердің аумақтарыңызда қандай әкімшілік құқық бұзушылықтар көп орын алады?
– Айтып өткен құқық бұзушылықтардың барлығы дерлік орын алып тұрады. Бірақ, дегенмен де алдын алу шаралары жақсы жолға қойылған. Мәселен, осы жылдың басынан бері 32813 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 154-тен аса адам әкімшілік қамауға алынды және 57 млн 982 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп, соның нәтижесінде, жалпы пайдалану орындарын ластау бойынша 510, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді пайдаланып, мас күйде болғаны үшін 3987, тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін 2234, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 2101, тәуліктің түнгі уақыттарында балалардың үлкендерсіз жүрген 287, белгіленбеген жерлерде темір жол өткелдерін кескені үшін 15697 құқық бұзушы және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 946 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түсінікті. Сондай-ақ, сіздердің қызмет көрсету аумақтарыңызда жолаушыларды кез келген көлік жүргізушісі тасымалдауға құқылы емес. Мұның өзі әкімшілік құқық бұзушылық болып табыла ма?
– Әрине, бұл жолаушыларды заңсыз тасымалдау болып табылады. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Мұндай таксистерді қоғамдық орындарда адамдарға өтініш білдіріп, мазалап тиіскені үшін «Қоғамдық орындарда тиісу» фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Мәселен, жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке тартылған 1654 адамның 262-сі жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын такси жүргізушілері. Мұндай таксистерді көлік полицейлері жедел профилактикалық іс-шаралар барысында немесе күнделікті тексеріс кезінде анықтап, әкімшілік хаттама толтыртып, ескерту жасап, айыппұл салады.
Мұндай жағдайлардың алдын алуға қандай шаралар қолданып жатырсыздар?
– Полицейлеріміз бірлескен түрде алдын алу іс-шараларымен қоса түрлі акциялар, халықпен жиындар, жолаушылар пойыздарында кездесулер және оқу орындарында дәрістер өткізіп тұрады. Нәтижесі де жаман емес. Атап айтар болсақ, «Қару», «Құқықтық тәртіп», «Демалыс» жедел алдын алу шаралары, «Таза вокзал», «Жұмыспен қамту» акциялары, т.б.
Сондай-ақ, белгіленбеген жерлерде темір жол өткелдерін кесіп өтушілер де көлік полицейлерінің жіті назарында. Осы орайда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, темір жол бекеттеріне жақын орналасқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп тұрады.
Осындай құқық бұзушылықтарды болдырмас үшін халыққа қандай кеңес айтар едіңіз?
– Бүгінде адамдардың заң тұрғысынан сауаттары жеткілікті деп ойлаймын. Сондықтан құқық бұзушылықтың алдын алуға әрбір азамат атсалысқаны жөн. Бұл, әрине, полицейлермен бірге қызмет көрсетсін деген сөз емес, құқық бұзбай, заңсыздыққа жол бермей жүрудің өзі – олардың көмегі.
Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Жаннұр МЫРЗАБАЙҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*