Адам саудасы асқынып тұр…

1771 жылғы 23 тамыз – құлдар көтерілісімен тарихта қалды. Содан бері ЮНЕСКО-ның атқарушы кеңесінің ұсынысы бойынша осы оқиғаны мәңгілік есте қалдыру мақсатында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге жыл сайын осы күнді Халықаралық құл саудасының құрбандарын еске алу һәм оны жою күні ретінде атап өту ұсынылған.
Адам саудасы – жыныстық эксплуатация, мәжбүрлі еңбек, қарыздық құлдық, «үй жағдайындағы» құлдық, қайыршылық, қару-жарақ құрылымдарында адамдарды күштеп пайдалану, органдары мен тіндерін трансплантациялау үшін адам сату – мұның барлығы бір қылмыстың жантүршігерлік формалары. Ер адамдар көбіне мал бағу, үй шаруаларын тегін атқару, құрылыс, жер қазу, дала жұмыстары сияқты ауыр еңбектің құрбанына айналса, әйелдер, қыздар жезөкшелік және тұрмыстық жұмыстарға жегіледі. Өкініштісі, адам саудасының құрбанына айналған әр бесінші адам – бала. Бұғанағы қатпаған жеткіншектерді көбіне көшелерде қайыр садақа-сұрауға, қалта тонауға пайдаланады.
Арада 2 ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда, адамды құл қылып пайдалану, зат сияқты сату яғни адам саудасы, керісінше, өрт секілді өрши түспесе, өшкен жоқ. Ұлан-ғайыр даласына адамы сыймай жатқан халқы жоқ болса да, аты өшкір кесапат Қазақстанды айналып өтіп кетті десек қатты қателесеміз. Азаттық алып, экономикасы қалт-құлт етіп тұрған кезеңде негізгі күш қылмыстық топтардың, көкірегі көк тіреген кеудемсоқтардың жарым-жартылай қолында еді.
Сол жарты патшалар адамдарды ұрлап әкетіп, адамдарды әртүрлі мақсатта пайдаланып жатты. Содан не керек, еліміз ес жия бастады, құқық қорғау органдарымыз ояна бастады.
Соның дәлеліндей, тәуелсіздіктің бірінші ширек ғасырында, 2006 жылдың наурызында қазақстандық бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қылмыстық кодексте «Адам саудасы» деген жаңа бап пайда болды. Конституциямызда «Адам саудасымен айналысу аса ауыр қылмыс» деп жазылған.
Содан бері Қазақстандағы статистика келтірген ресми деректерге жүгінер болсақ, қазір адам саудасымен ымырасыз күрес мемлекетімізде біршама жандана түскендей. Заң актілеріне сәйкес қазақстандық сот адам саудасымен айналысқандарды әрі кеткенде 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Дегенмен, біздің ойымызша, бұл да өте аз мерзім. Адам саудасына, адамды құл қылып ұстауға, қанаушылыққа қатаң қарамайынша, қылмыскерлер де тайраңдауын тоқтатпайды.
Мысалы, көрші Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының Қылмыстық кодексінде жай ғана мал ұрлығы жеке қылмысқа жатады және бұл үшін қатаң жаза қарастырылған. Сол елдерде қайталанған ұрлық өте ауыр қылмыстардың қатарына жатады. Тіпті қайта ұрлық жасағандар 15-20 жылға дейін сотталып кете барады. Ал бізде мал түгілі адам ұрлайтындарға, тіпті лаңкестерге де мұндай жаза кесіле ме өзі?!
Қазақстан адам саудасына қарсы заңды күшейтіп, осындай қылмыс құрбандарын қорғауды жақсартқанымен, мемлекет ішіндегі адам саудасы әлі де үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам саудасы туралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмегенімен, соған тырысып жатыр. Үкімет адам саудасымен айналысқандарды қудалап, соттау және адам саудасы құрбандарын қорғауға кәдімгідей күш салып жатыр», – делінген.
Былтыр ІІМ-нің «Стоп-тарфик» жедел алын алу операциясы кезінде адам саудасына байланысты 100-ге жуық қылмыс анықталған! Анықталмағаны қаншама?!
Көбіне адам саудасына түсетін құрбандықтар – еліміздің географиялық орналасуы мен экономикалық дамуына байланысты Қазақстан қалалары мен ауыл-аймақтарына Орта Азиядан ағылып келетін еңбек мигранттары. Ел ішінде де миграциялық процестер тоқтаусыз жүріп жатыр. Мыңдаған адам отбасын асыраймыз деп ауылдан шаһарларға шұбыруда. Мемлекеттің бақылауына қарамастан, ішкі және сыртқы еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болуда.
Қазақстанға құлдыққа, көбінесе, жағдайы нашар Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары түседі. Ал Қазақстан Республикасының азаматтары Араб, Түркия, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, т.б. елдерге құрбандыққа «аттанады» екен.
Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Орталық Азиядағы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның үйлестірушісі, Қазақстандағы, Қырғыз Республикасындағы, Түрікменстан мен Өзбекстандағы миссия басшысы Деян Кесерұлымен болған кездесуінде: «Біз адам саудасына қарсы күрес және халықтық көші-қон мәселелері саласындағы ынтымақтастықты үздіксіз жалғастыруға мүдделіміз және оған әрқашан дайын екенімізді жеткізгім келеді», – деп ІІМ халықаралық ұйымдармен, соның ішінде халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе ынтымақтастықта жұмыс атқаратынын тілге тиек етті. КҚХҰ-мен белсенді байланыс заңсыз көші-қон және адам саудасымен күрес саласында да даму үстінде.
Бүгінгі таңда ІІМ-нің және КҚХҰ миссиясының қолдауымен Қазақстанда республикалық «116 16» сенім телефоны жұмыс істейді. Оның операторлары адам саудасы тәуекелдерін болғызбау мақсатында тәулік бойына қызмет атқарып, еңбек көші-қонына байланысты сұрақтарға жауап береді.
Сондай-ақ, «Интернет арқылы тартуға қарсы әрекет ету арқылы адам саудасымен күрес» атты өңіраралық жобамыз бар. Осының бәрі адам саудасына қарсы атқарылып жатқан тірліктің бір парасы.
Өйткені, адам саудасы – әлемдегі үшінші кең таралған қылмыс. Яғни трансұлттық қылмыстар арасында қару-жарақ және есірткі саудасымен қатар тұрған тиімді де тегін табыс көздерінің бірі. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды, мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қырағылықпен қамтамасыз етпейінше, телегей тер төкпейінше қоғамда бейбіт өмір орнату мүмкін емес.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
коллаж Қайсар ЗАКИРАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*