Өлкетанушының алғысы

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті ведомстволық мұрағатының «Пікірлер мен ұсыныстар» журналы ел тарихын зерттеушінің келесі бір алғысымен толықты.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, өлкетанушы Алдияр Әубәкіров ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың тағдырын зерттеумен айналысады. Мұрағат қонағының пікірінше, ақынның өмірбаянына нүкте қоюға әлі де ерте. Алдияр Әубәкіров Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті мұрағатынан ақынның туған-туыстарына қатысты көптеген жаңа деректерге қол жеткізді.
«Мұрағат қызметкері Эльмира Рафаильевна Валиулинаға зор алғысымды білдіремін. Қорлармен танысқанда ерекше сезімде болдым… Көрсетілген қызмет үшін алғысым шексіз», – деді ол. Сондай-ақ, тарихшы ресми мекемелерде сирек кездестіруге болатын ілтипат пен құрметті Полиция департаменті мұрағатынан көргенін де жасырмады.
Мұрағат қорында 1930-1950 жылдары заңсыз сотталып, кейін ақталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық іс бар. Сондай-ақ, полиция мұрағатында ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты істер, әскери тұтқында болғандар мен Германиядан қайтарылған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты фильтрациялық істер сақталуда.
«Бұл материалдардың өзге облыстардан, тіпті шетелдерден келетін тарихшылардың қызығушылығын тудыруы алғашқы рет емес, – дейді облыстық ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығының Арнайы мемлекеттік мұрағаты тобының бас маманы, полиция капитаны Эльмира Валиулина. – Бізге адамдар өз отбасының тарихын қалпына келтіру үшін де жүгінеді. Жыл басынан бері саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және фашистік тұтқындықтың құрбаны болған жерлестеріміз туралы 15 сұрауға жауап бердік. Негізінен Қазақстан, РФ, Польша, Украина елдері аумақтарынан».
Эльмира Валиулина азаматтарға барынша ыңғайлы болуы үшін аталған мәліметтерді алуға электрондық түрде жүгінуге болатынын атап өтті. Өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беру жылдам әрі тиімдірек. Интернет желісінің кез келген қолданушысы Ішкі істер министрлігінің www.mvd.gov.kz сайтына кіріп, өздігінен іздей алады. Сайтта қуғын-сүргінге ұшырағандар мен бұрынғы әскерилер бойынша деректер базасы толығымен ұсынылған.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*