Ақ тілектер ақтарылған күн

Ішкі істер министрлігінде Интерпол Ұлттық орталық бюросының бұрынғы бастығы, отставкадағы полковник Әміржан Тоқсанбаевты асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық Кеңесі Президиумының қаулысымен ІІО-ғы ұзақ және адал қызметі, жас қызметкерлерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысқаны және олардың кәсіби шеберлігін арттырғаны үшін, сондай-ақ, мерейтой құрметіне Әміржан Тоқсанбаев ҚАК, ҰҰ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды. Ардагерге лайықты марапатты ІІО және ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесі төрағасының орынбасары, отставкадағы милиция полковнигі Берік Сүлейменов табыс етті.
– Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесі президиумының атынан Сізді Құрмет грамотасымен марапаттаймын. Ең алдымен денсаулық, бақ-береке, сіздерге және сіздің отбасыңызға амандық тілеймін, – деді Б. Сүлейменов.
Өз кезегінде ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының бастығы Мерей Мақұлжан:
– Әміржан Ботайұлы, сіз Интерпол құрылуының бастауында тұрдыңыз. Сондықтан да туған күніңізде ішкі істер органдарындағы лайықты қызметіңіз үшін алғыс білдіргім келеді, табыс, отбасылық бақ-береке, оптимизм, мықты денсаулық және ұзақ өмір сүруге тілектеспін, – деді.
А. Тоқсанбаев ардагерлерге, сондай-ақ, ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының басшылығы мен ұжымына алғысын білдірді.
– Интерпол мен үшін өте қымбат, біз бірге экстрадициялау және халықаралық іздестіру саласында алғашқы қадамдар жасадық. Интерполдағы мінсіз қызмет еткен жылдар ішінде біз халықаралық аренада беделге ие болдық. Бұл біз үшін үлкен жеңіс болды. Менің ойымша, біз табысты жұмыс істеу үшін жақсы негіз қаладық, – деп атап өтті мерейтой иесі.
Салтанатты іс-шара соңында Әміржан Ботайұлы М. Мақұлжанмен бірге жазысқан «Интерпол: терроризмге жол жоқ» атты кітапты ІІО және ҰҰ төрағасының орынбасары Берік Сүлейменовке табыс етті.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*