«Жұлдызды жігіттердің» жеңісі

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Полиция департаменті және оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің арасында «Парасатты полицей» байқауы өтті.
Байқауға «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл», «Байқоңыр» аудандары ПБ, ЖҚАЖ, ЖППП, Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінен құралған 7 команда қатысты.
Полицейлердің өнері мен өресі сыналған байқау 3 кезеңнен тұрды. «Сен тұр, мен атайын» дейтін командалар байқауды өздерін таныстырудан бастады. Таныстыру кезеңінде жарысқа түскен командалар полицияда қызмет етудің мәртебесін, жұмыстарының ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолданудағы жетістіктерін паш етті. Бұл кезеңде ЖПП Мамандандырылған батальонының «Ұшқындар» командасы таныстыруымен ерекшеленді. Ерекшілігі сонда, команда мүшелері батыр образына еніп, театрландырылған қойылым көрсетті. Саханаға батырдың сауытын киіп, қылыш асынып шығып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Байқоңыр ауданы ПБ-ның «Байқоңыр сақшылары» командасы ұлттық нақышта киініп шығып, қара өлеңмен таныстыру айтты. Патрульдік полиция полкінің «Жұлдызды жігіттер» командасы да таныстырылымда ұлттық элементтерді қолданды. Бәрі бірдей ақ патшадай шапан киіп, қазақтың қара домбырасын саxнаға алып шықты.
Байқаудың екінші кезеңінде полицейлер өз өнерлерін көрсетті. Бұл сайыста командалар 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғанын ескере отырып, қоғамдағы жастардың орнын, оның ішінде полициядағы жастардың, олардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және т.б. тұрғыдан қамтамасыз етілуі бойынша атқарылып жатқан істерді және жастардың осыған қосқан үлестерін сахналық көрініс арқылы көрсетті.
Байқаудың негізгі мақсаты да – «Жастар жылын» қолдауға байланысты, жас және білікті полицейлерді таныту, полиция мамандығының деңгейін өсіріп, оң имидж қалыптастыру. Сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тілдң мәртебесін нығайту. Сайыстың бұл кезеңінде «Ұшқындар» командасы патрульдік полицияның жұмысынан үзінді көрсетті. Былайғы өмірде жүргізуші мен полицей арасында болатын жағдайды шынайы алып шықты.
Ал «Алматы арландары» командасы «Жастар – еліміздің болашағы» деген атпен қойылым қойды. Сахналандырылған қойылып арқылы полицейлер арақ-шарап, темекіге әуес болған жастарды бұл жаман әдеттерінен арылуға шақырып, дұрыс жолға түсуге үгіттеді. «Жұлдызды жігіттер» командасы болса, үй тапсырмаларында тастанды бала тақырыбын қозғады. Қойылым сценарийі бойынша сақшылар көшеден тастанды баланы тауып алады, олардың біреуі әлгі баланы бауырына басып, асырап алады. Бұл тақырып көпшілікке ой салды, тіпті көрерменің көзіне жас үйірді.
Үшінші тур – көркемсөз сайысы. Бұл турда әр команданың капитаны Абайдың бір қара сөзін жатқа мәнерлеп оқыды. Сайысқа қатысушылардың орындауы барысында мәнерлеп оқуына, сахналық шеберлігіне мән берілді.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Патрульдік полиция полкінің «Жұлдызды жігіттер» командасы жеңіп алды. 2-орынға «Сарыарқа» аудандық ПБ-ның «Ұлы дала сарбаздары» командасы ие болса, 3-орын Алматы аудандық ПБ мен Әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған жеке батальонына бұйырды.
Сонымен қатар, басқа командалар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Есіл» аудандық ПД – «Өнерлі команда», «Байқоңыр» аудандық ПБ – «Ұйымшыл команда», Жедел қимылдайтын арнайы жасақ – «Тілі басқа, тілегі бір» номинацияларына ие болды. Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*