Алыс ауылдар да назарда

Солтүстік Қазақстан облысында 160-тан астам полиция қызметкері екі күн бойы азаматтарды қабылдап, Facebook пен Instagram желілерінде тікелей эфир өткізді.
Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары екі күн бойы таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат жетіге дейін ашық аспан астында азаматтарды қабылдады.
Петропавл қаласының тұрғыны Юлия Ацина полиция қызметкерлеріне туыстарын құжаттандыру мәселесімен жүгіне келіпті. Тоқсаныншы жылдардың соңында оның ағасы мен тәтесі Ресей Федерациясына қоныс аударыпты. Зейнетке шығар алдында оларға балаларының петропавлдық мектептердің бірінде білім алғанын растайтын құжаттар қажет болған. Бір кездері олар оқыған мектеп жабылып қалғандықтан, анықтама алу қиындық тудырыпты. «Жолда қабылдау» пунктінде азаматтарды қабылдап жатқан Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ермек Нұсұрбаевқа жүгінген соң, оның мәселесінің түйіні шешілді.
«Түрлі органдарға жүгінген едік, жауап алу қиын болды. Енді не істейміз деп жүргенде кенеттен осы акцияны көріп қалдым. Полиция қызметкерлері сұрағымды тыңдап, барлығын түсіндіріп берді. Сұрағыма жауап алдым. Бұл мәселем жақын күндері шешіледі деген ойдамын», – дейді Юлия Ацина. Көші-қон полицейлері мұрағаттық-мекенжайлық картотекасын тексеріп, азаматшаға хабарласып, растайтын мәліметтерді тауып берді.
Көші-қон қызметі қызметкерлерінен бөлек, акцияға әкімшілік полиция бөліністерінің, тіркеу-емтихан алу бөлімінің инспекторлары, жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Акция аясында облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин де азаматтарды қабылдады.
«Жолда қабылдау» пункттері тек Петропавл қаласының орталығында ғана емес, барлық шағын аудандарда да қойылды. Акция өтетін орындар туралы хабарландыру алдын ала газет беттері мен әлеуметтік желілерде жарияланды.
Облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев нақтылағандай, қаладағы 49 аулада азаматтарды қабылдау жүргізілді. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне, мемлекеттік қызметтер көрсетуге, көші-қон қызметі заңнамасына, айыппұлдарды төлеуге және қаруды тіркеуге байланысты. Акцияның бірінші күні аяқталғанға дейін 200-ге тарта сұрақ келіп түсті. Оның ішінде 114-і – көпқабатты үйлердің аулаларында өткен қабылдауларда қойылды.
Жаңа форматтағы акция облыстың ауылдық жерлерінде де ұйымдастырылды. Бұрын аудандық полицейлер мобильдік пункттерді тек аудан орталықтарында ғана қойса, енді акцияның алғашқы күнінде ірі ауылдар да сақшылардың назарында болды. Ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі ведомстволық парақшалар мен аккаунттарда «тікелей эфирлер» өткізді. Сондай-ақ, Call-орталық пен WhatsApp қосымшасында тікелей желі жұмыс істеді.

Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*