Қытайда талай қызық бар

…Шанхайдағы Диснейленд қалашығы қаладан сырт жақта орналасыпты. Шамамен 1 сағаттық жол. Уақытты құр өткізбей жолбасшымыз Колямен әңгіме-дүкен құрдық. Орысшасы әжептәуір екен. Сұраққа тыңқылықты жауап беріп отыр. Қала халқының тұрмысынан бастап, мәдени-рухани өмірі туралы аз-кем мәлімет алдық.
Бұл қалада орташа жалақы – шамамен 700 АҚШ доллары болады екен. Қаржы-экономикалық секторда жұмыс істейтіндердің айлық табысы бұдан бірнеше есе көп көрінеді. Табыскерлер санатына кәсіпкерлермен қатар, медиа саласында жүргендер де жатады. Әсіресе, халықаралық ақпарат агенттіктеріндегі қызметкерлердің табысы өзгелер үшін арман көрінеді.
Мұндай қалашықтың әлемнің бірнеше елінде ғана бар екенін естігенмін. Алайда, Шанхайдағы Диснейленд туралы хабарым жоқ екен. Сырттай қарағанда кәдімгідей өркениет, бір аралға ұқсайды. Бейне бір ертігілер әлемі дерсіз.
Ойын-сауық кешені орналасқан аумақ бірнеше гектарға созылған. «…Бұл жерді балалардың ойын әлемі ғана емес, ересектер үшін де қызықты демалыс орны деп қабылдауға болады», – дейді жолбасшымыз. Расында, солай. Ересектер үшін де тамашалайтын дүниелер жетерлік. Қонақ үйден таң ата шыққан біздің топ кешке дейін осы аймақта болды.
Құжынаған адам. Кезекте тұрғандардың арасында шетелден келген туристер де аз емес. Қалашықтағы кезегіміз 2 сағат дегенде әрең жылжыды. Кіру құны – 30 мың теңге. Өзіміздікімен есептегенде. Ақылы аттракциондар мен ойын-сауық орындары, тамақ, ас-су үшін тағы 20 мыңдай жұмсауға тура келеді. Себебі, қалашықтың өз нарығы бар. Шанхайдың өзіне қарағанда қымбаттау. Бір гамбургерді 6-7 мың теңгеге аласың. Құдай қарасып, күн бұлтты болды. Әйтпесе, пәлен гектар жерді жаяу аралап, қара терге түсеміз-ау деген уайым болған. Сонымен, Қытай сапарындағы ең ұнаған серуен осы болды. Әрине, бірінші кезекте балалар үшін…
Ең жас топ мүшесі Тамила Жұртабаеваны сөзге тартып, алған әсерін білгіміз келген. «…Керемет, сөз жоқ. Достарыма түскен фотоларымды көрсетемін. Әсіресе, мультиктердегі кейіпкерлермен түскен фотолар өзіме ұнады», – деп қуанышты сәтімен бөлісті. Ішке кіре сала, бірнеше топқа бөліндік. Әйтпесе, шоғырланып жүру мүмкін емес. Дала қазағымыз ғой, өз тәртібіміз, өз заңымыз бар. Кешікпейміз, ережені бұзбаймыз деп келіссек те, өз ыңғайымызға салып, 10-15 минут елді күттіртіп қоятын әдетімізді Қытайда жүріп те паш еттік.
«Менің уәдемді орындады. Анама рахмет, осындағы аға-апайларға рахмет. Мен осы сәтті бірнеше ай бойы күткенмін». Сыр өңірінен келген Арнель Туреман Диснейлендтен шыға сала қуанышымен бөлісті. «Енді әрі қарай сабақты жақсы оқып, анамды қуантқым келеді» дейді. Қалашықтан шыға сала, автокөлікке қарай бет алдық. Жол ұзақ, шамамен 5 шақырым бар-ау. Топ болып жүрген соң білінбеді.
Сонымен, жолда сұқбатымызды жалғастырдық. Көркем – біздің делегацияның ең жас мүшесі. Өзі белсенді һәм ерке. Бастысы, ақылды.
– Ақтөбені сағындың ба?
– Әрине, бірақ, Диснейленд бәрінен күшті.
– Саған не нәрсе ұнады?
– Аттракциондар ерекше әсер қалдырды. Мультфильмдердің кейіпкерлері де ұнады. Бірге жүріп, қол ұстасып суретке түстік.
Шынын айту керек, балалардың жазғы демалысы үшін бұл керемет тарту болды. Балалар ғана емес, аналар да дән риза.
Светлана Туременова ұйымдастырушыларға ерекше алғысын білдірді: «Шанхайда жұмыс бабымен болған едім. Бірақ, Диснейлендтен алған әсерім ерекше. Бәрін керемет үйлестірген. Оқиға, ондағы кейіпкерлер – бәрі-бәрі өз орнымен, тым әсерлі. Осындай тарту жасап, балалардың көңілін аулаған Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі мен өзіміздің Ішкі істер министрлігінің басшылығына айтар алғысымыз шексіз». Светлананың пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Бір нәрсе анық. Осындай сапарлар мен демалыстар балалардың дүниетанымын, ойлау көкжиегін дамыту үшін аса пайдалы болмақ. Сондықтан бар нәрсені бағалап, алғыс білдірудің өзі азаматтыққа жатады.
Жүрген жерін өлкетану тарихымен байланыстыруды әдетке айналдыратын тарихшы Раиса Несіпбаева туризмді дамытып, туған жердегі киелі орындарды гүлдендіруді біздің қалталы азаматтар неге қолға алмайды екен деген ішкі ойын жеткізді. Расында солай, біздің көрікті де, көркем жерлеріміз жетеді. Тұмса табиғатты еліміздің барлық өңірінен тамашалауға болады. Аспан асты музейі де біздің елде емес пе? Қасиет дарыған Пір Бекет атамыз жатқан Маңғыстаудың өзі бір төбе. Менің де ішкі ойым мазасызданып, өз-өзіме сұрақ қоюмен келдім. «Ол енді уақыттың еншісіндегі шаруа» деп «шаблонды» жауап бере салдым…
«Тағдырдың қанша тауқыметін тартсам да, өз-өзімді биік ұстап, ел қатарлы өмір сүріп келемін. Бастысы, осындай байланысымыз нығайып, екі елдің тарихы мен өркениетін байланыстыратын азаматтар көп болса екен» деген ойын жеткізді.
Менің байқағаным, бұл рухани құндылықтарды интеллектуалдық биікке көтерген сапар болды. Елде жүргенде шетел тілін меңгеру керек. Байланыс керек. Интеллект керек. Бәрі өзіміз үшін, балалардың болашағы үшін деген мемлекеттік бағдарға мән бермейтініміз анық. Осы жолғы сапарымызда тіл білу өркениет пен жаңа мәдени ортаны меңгеруге жол ашатынын ұқтық. Қысқасы, делегация мүшелері дән риза.
Біздің делегацияның Қытай сапарындағы кезекті тоқтаған қаласы – ел астанасы Бейжің. Көлемі жөнінен Шанхайдан кейінгі 2-ші қала. Юндинхэ өзенінің алабында орналасқан алып мекен. Мұнда қазақ елімен ортақ мүддедегі жиындар өтіп тұрады. 1992 жылы Қазақстан елшілігі ашылды. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Орталық штабы да осында. Қазақ-қытай қатынастары туралы Қазақстандағы Қытайдың Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Қазақстандағы ресми өкілі, полиция аға полковингі Дай Сюйкуй біраз дүниеге қанық екен. Дай Сюйкуйдің мамандығы – тарих пәнінің оқытушысы. Кеңес үкіметі тарихын тыңғылықты зерттеген маман екенін сөзінен бірден ұқтым.
Ұлы Қытай қорғаны туралы аңыз-әфсаналар өте көп. Солардың бірі – қытайды біріктерген император Цинь Шихуанди туралы. Император қабырға салынардан бір күн бұрын қанатты тұлпарларымен болашақ қорған салынатын аумақпен жүріп өткен. Қорған сол жолдың сызығымен салынған-мыс. Шамамен 10 мың ли ұшып отырған. Бұл дегеніңіз, біздіңше 5 шақырымнан сәл көптеу жол. Қысқасы осы ұлан-ғайыр жерде кейін ұлы қорған салынады. Қабырғаларының биіктігі орташа алғанда – 79 метр, қалыңдығы – 5 метр. Әлгі қабырғаның үстімен сарбаздар өте алатын болған. Қорғанның сақталған ұзындығы 2500 шақырымдай. Барлығын қосып, есептесек 6 мың шақырымға жетеді. Осындай мәліметтерге қанық болып барған біздің топ тамсанды. Көзбен көріп, қолмен ұстағанға жетпейді. Өзім бірнеше рет бұл қорғанда болғанмын. Сондықтан маған аса қатты жаңалық емес еді. Бірақ, қызық алда екен. Бір бұрышынан екінші нүктеге жаяу жету мүмкін емес. Оның үстіне, Бейжіңде 40 градус ыстық болатын. Қысқасы, күн қайнап кетті. Бірақ, ұйымдастырушылардың әккілігі болу керек, ең жеңіл де шаршатпайтын тәсілді ұсынды. Жоғарыға арнайы жолаушы таситын құрылғы арқылы шығып, сонымен төмен түстік. Бірнеше жүздеген метрден Ұлы Қытай қорғанының аумағын тамашалау сәтіне куә болдық. Жұп-жұбымызбен арнайы арбаға ұқсас сырғанау орнына жайғасып, жүйткідік. Жыланқұртқа ұқсас ирек-ирек жолдың қалтарысы да, арнайы аялдамасы да бар екен. Ең бастысы, жылдамдықты реттеп отыратын құрылғылары да орналастырылған. Қауіпсіздік шарасын сақтауға ерекше мән беретінін байқадық. Ақ тер, көк тер болып бірнеше сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай, түскі астың уақытын ұмытып барады екенбіз. Жолбасшымыз еске түсіріп, кері қайттық.
Қысқасы, Ұлы Қытай қорғанынан алған әсеріміз ерекше болды. Түс ауа океанариумды тамашалау нәсіп болды. Елордадағы Думанның ішіндегі океанариумнан қатты айырмашылығын байқамадым. Шағын ғимарат, адам да көп емес. Қысқасы, бір сағат ішінде аралалап шықтық. Балалар алған әсерімен бөлісті.
София Гревцова арнайы шыныдағы акуламен суретке түсіп жатыр. «Бір қызығы, менің балықтар әлемінен алған әсерімді өзім де сезбей қалдым. Анам түсіріп алған суретке қарасам, жан-дүниеммен кіріп кетіппін. Расында, мен балықтар әлемін жақсы көремін. Мектепте де осы пәнді мен қызыға оқимын», – дейді ол.
«Тамаша! Керемет, мұндайды бұрын-соңды көрмедім!» деген балалардың таңданысын сырттай бақылап біз тұрдық…
Ертеңіне дүкен аралау «бақыты» бұйырды. Ұйымдастырушымыз қалтаға қонымды әрі сапалы тауарлар сататын сауда нүктесіне апарамын деген уәдесін орындады. Дегенмен, баға біз күткендегіден қымбат көрінді. Себебін, кейін байқадық. Сырттан келген туристерден «ақша» жасап қалғысы келеді екен. Оны байқаған біздіклер, көзі түскен заттарын бірнеше есе төмен бағамен «сындырып» алды. Бермесеңіз, басқасын қараймын десеңіз болды. Амалдың жоқтығынан айтқан бағаңызға келісе кетеді екен. Мұның сыры, қытай саудасында өзгермейтін заңдылық бар: келген клиенттен айырылсаң, әрі қарайғы саудаңда береке болмайды-мыс. Бұлар ырым-жырымға қатты ден қоятынын осыдан-ақ байқауға болады.
Сонымен, Қытай сапары да аяқталуға жақын қалды. Қанша дегенмен, шағын ұжымға айналған тобымызбен қош айтысқымыз келмейтінін білсек те, уақыт төрелігіне бағынамыз. Елге Үрімші арқылы келдік. Бейжің-Үрімші аралығына қатынайтын ұшаққа мінісімен бір жайсыздықты сезінгенім бар. Іштей елемеген сыңай тынытып отырғанмын. Аты дардай «Боинг» емес пе? Бірақ… Қара бұлтты жара көкке көтірілген ұшағымызға найзағай түсіп, Жаратқанның Құдіретімен аман қалдық! Әйтпесе, іштен бір түтіннің иісі шығып, ұшағымыз қатты теңселгенде абдырап қалғанымыз рас. Ұшақтан аман-есен түсе бер Жаратқанға шүкірлер айтып, келесі ұшаққа дейін жақсы ойда болайық деген ішкі тілегімізді жеткіздік.
Қытай сапары жас ұрпақ үшін ерекше пайдалы болды. Әсіресе, дүниетанымын арттырып, ортаға деген көзқарасын қалыптастыру үшін берері мол дүние болды. «Баланың асқақ арманы осындай дүниелерді көріп, тамашалау арқылы бекіп, нығая түседі. Сондықтан мұндай сапарлар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – дейді Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының жетекшісі, құқық қорғау саласының ардагері Кемел Жұмашев. Біздің тілек те осы! Жақсы дүниені жалғастырудың өзі де ғанибет…

(Жалғасы. Басы 53-санда)
Құрманәлі ҚАЛМАХАН, суреттер автордікі
Нұр-Сұлтан – Сиань – Шанхай – Бейжің – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*