Жауапкершілік – жас маманның басты қағидасы

Ішкі істер органдарында жұмыс істегеніне бір жарым жыл болған жас маман, Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы 2-ші бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Шагиров жас та болса өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың тыныштығын қорғауға үлес қосып келеді.
Жәнібек 2016 жылы Ақтөбе заң институтын бітірген соң, еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Алғашында алты ай тәжірибеден өткен оған жауапты жұмысты бірден игеріп кету оңайға соқпаған. Ол өзінің тәлімгері болған, тәжірибесімен бөліскен полиция капитаны, учаскелік полиция инспекторы Олжас Жәметовке ризашылығын білдіреді.
Ж. Шагиров Ақтөбе қаласының 8-ші шағын ауданындағы өзіне жүктелген аумақта тұрғындармен тіл табысып, қызмет барысында талай заң бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізіп келеді.
«Менің аумағымда 11 көпқабатты тұрғын үй мен 130 жеке үй бар. Сондағы тұрғындардың бәрі мені біледі. Мен әркез олардың мазалаған сауалдары мен тілек-өтініштеріне, талаптарына құлақ асамын. Өзіме жұмысым өте ұнайды. Бастысы – тұрғындарға қол ұшын беріп, алғысын алу. Қызмет еткен жылдары ішімдікке салынған ер адамдардың арасында алдын алу, түсіндіру шараларынан соң, ішімдігін тастап, түзеліп, жұмыс істеп, отбасымен қайта тіл табысып кеткендері болды. Бұл, әрине, қуанышты. Алайда, тағы бір қынжылтатыны, араққа салынып, отбасына, балаларына қарамайтын әйелдер де бар. Осындай екі азаматшаны мәжбүрлі түрде емдету орталығына жібердік», – дейді жас полицей.
Жәнібек Шагиров қызмет барысында ширап, тәжірибе жинақтап, талай қылмыстардың алдын алып, ізін суытпай ашуда тындырымды тірлігімен танылып келеді. Биыл жаңадан тәжірибе жинауға келген заң институтының 1-курсын тәмамдаған студент Сәкен Жармағамбетовке тәлімгерлік көрсетіп, бар білгенін үйретіп жүр.
Қазірдің өзінде аумағындағы тұрғындардың тыныс-тіршілігін толықтай білетін полицейді учаскедегі тұрғындар да сыйлайды.
«Жуырда шағын аудан аумағындағы сауда үйлерінің бірінен үнемі киім ұрлауды дағдыға айналған орта жастан асқан әйелді анықтадық. Ол дүкенге 18 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Күдікті кінәсін толық мойындап, дүкен иесіне шығынын өтеді. Азаматшаның осыған дейін аудан орталығында да бірнеше осындай қылмыстық дерекке қатысы бары анықталды», – дейді ол.
Учаскелік полиция инспекторы болу жан-жақтылық пен жауапкершілікті талап етеді. Айналаңдағыларды қалт жібермей, қырағы болуың керек. Қадағалауың керек. Бұл жұмыста психолог болуға да тура келеді.
«Бізге әртүрлі шақыртулар түседі. Көбінесе, отбасындағы кикілжіңдер, қалта ұрлықтары оқиғаларына барамыз. Шақыртуға барғанда адамдардың іс-әрекетін танып білумен қатар, өзіңнің жедел әрекет жасауға жоспарың болуы керек. Біз адам тағдырына жауаптымыз», – дейді полиция аға сержанты.
1,5 жыл ішінде жұмысқа деген жауапкершілігімен танылған жас маман қызметтегі жетістіктері үшін Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының басшылығы тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталды. Жұбайы Сайран да полиция қызметкері. Ол Ақтөбе стансасындағы Желілік полиция бөлімінде анықтаушы болып еңбек етуде.
Жәнібектей алғыр, өз ісіне жауапты, тындырымды әрі елгезек жас мамандар ел болашағының негізі деуге толық болады. Жас тәртіп сақшысы тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында аянбай адал еңбек етуді өзінің азаматтық парызы санайды.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*