Туристік полицияның бір күні

Елімізге сырттан келетін меймандар, саяхаттап келетін туристер жыл санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Осыған байланысты биылғы сәуір айында құрылған Туристік полиция тікелей шетелдік қонақтардың сақтығы мен қауіпсіздігіне жауап береді. Жаңадан құрылған қызметтің жұмысымен оқырмандарды жақын таныстыру үшін бір күнімізді туристік полициямен бірге өткіздік.
Туристік полиция бірінен соң бірі еліміздің бірнеше қаласында құрылды. Алғашқылардың бірі болып құрылған Нұр-Сұлтан қаласында 3 Туристік полиция бекеті бар. Бүгінде қатарында 15 полиция қызмет етеді, оның 10-ы Есіл ауданы ПБ-на қараса, қалған 5-і Алматы ауданының аумағына бекітілген. Әр бекетке екі полицейден қойылып, олар екі ауысыммен қызмет атқарады. Яғни, бірініш ауысым таңертең сағат 10:00-ден сағат 16:00-ге дейін, ал екінші ауысым сағат 16:00-ден түнгі 22:00-ге дейін кезекшілікке түседі.
Қалада туристер ең көп қызықтап келетін жер – елордамыздың символына айналған Бәйтерек монументі. Туристік полиция пункттері Бәйтеректен бөлек ЭКСПО, Қазақ елі монументінде бар. Алайда, ол жерлерде Бәйтеректегідей туристер легі көп бола қоймайды. Біз сол себепті де туристер ағылып жататын осы нысанды таңдадық.
Туристік полицияның жұмысы таңғы 10-да басталатындықтан, біз де сол уақытта «Бәйтерек» монументі маңынан табылдық. Аптаның жұмыс күні еді. Бұл күні кезекшілікке Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы ПБ Туристік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Рашид Балтабаев пен полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Маржан Әбілхайыр екеуі бірге түсті. Олармен бірге туристік полицияның көлігіне отырып, «Бәйтерек» маңайын, «Нұрлы жол» бульварын патрульдеуді бастадық. Бірен-саран туристің көмекке жүгінгені болмаса, түске дейін тым-тырыс болды. Алақандай жерді айналып жүргенде әңгімелесуге де мүмкіндік туды.
«Туристік полиция құрылған күннен бері осында жұмыс істеп келемін. Бұған дейін Алматы аудандық ПБ Тергеу бөлімінде тергеуші болып жұмыс істедім. Туристік полицияға іріктеу жүріп жатқанын білгенде өзімнің кандидатурамды ұсынып, тіл білуімнің арқасында осы қызметке қабылдандым. Ағылшын тілінде судай ағылып сөйлеп тұрамасам да, аз-маз білетінмін. Туристік полицияға қойылған ең басты талап та сол еді. Бұл қызметтің құрылғанына да жарты жылға жуықтап қалыпты. Жұмысым өзіме ұнайды, әр күніміз біріне-бірі ұқсамай, қызықты өтеді», – деді Рашид Балтабаев.
Оларға жүктелген міндет – отандық және шетелдік туристерге бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес беру, меймандарға мейлінше қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болып жатса, құзырлы органдарға хабарласып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету, бір сөзбен айтқанда, шетелдік азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету.
Туристік полиция қызметкерлерінің айтуынша, негізінен Нұр-Сұлтан қаласына туристер Қытай, Ресей, Еуропа, Америка, Бразилия елдерінен көп келеді екен. Биыл маусым айында елімізге келген туристер қарасы көп болыпты, өйткені Димаш Құдайбергеннің концертіне қонақтар әлемнің әр түкпірінен ағылған. Ресми дерекке сүйенсек, концертке шетелдіктер 10 мың билет сатып алған. Туристердің ішінде қытайлықтардың үлес салмағы басым болған.
«Туристер көбінесе белгілі бір туристік нысанға қалай бару жолын, қай жерде арзан тамақтануға болатынын, тамашалауға болатын көрнекі орындар туралы, валюта айырбастау бөлімдері қайда орналасқанын, бір нүктеден екінші нүктеге қалай жетуге болатынын сұрайды. Орташа есеппен күніне кем дегенде 15 адам түрлі сұрақтармен жүгінсе, демалыс күндері бұл сан екі еселенеді. Біз өз міндетімізге сәйкес туристердің сұрақтарына жауап беріп, жөн сілтейміз. Кейбіреулері тіпті біздің қызметтік электромашинамызды қызық көріп, суретке түсуге рұқсат сұрап жатады», – деді Рашид әңгіме барысында.
Туристік полицияның қызметтік көлігі расымен жұрттың назарын аударады. Олай дейтініміз, электрокөлікпен «Нұрлы жол» бульварында жүргенде адамдардың қызығушылық танытатынын байқадық. Мұны балалар тіпті ойыншық машина көреді. Бұл көліктің ерекшелігі сонда, электрден қуат алады. Оны бір қуаттандырып алып, 8 сағатқа дейін тоқтаусыз жүруге болады. Мұндай, электрокөлік қолданыста екеу екен. Бұл көлікті қызмет атқару кезінде ер балалар ғана емес, қыздар да тізгіндейді. Қыздар жағы көлікті жүргізуді білгенімен оны айдауға аса құлшыныс таныта қоймайды екен. Осы күні кезекшілікке түскен Маржан электромашинаны жүргізу еш қиындық туғызбайтынын айтты. Түс ауа көлік тізгініне Туристік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Маржан Әбілхайырға отырып, бульвар аумағын бірге патрульдедік. «Электромашинаны серіктесіммен кезектесіп жүргіземіз. Бұдан бөлек, бізде сигвей бар. Осы қызметке келгелі электрокар жүргізуді, сигвейді басқаруды үйрендік. Бұл жаңадан құрылған қызмет болған соң, басында бізге ғана емес, халыққа да қызық болды. Халықтың ортасында жүргесін қызмет барысында түрлі қызықтар болады»,– деген Маржан осындай бір оқиғаны күліп еске алды.
«Бәйтерек» монументінің алдында тұрғанбыз. Сол мезетте қасымызға бір апай келіп бізге көңіл толмаушылығын білдіре бастады. Өмірге ашулы апай: «Сендерден келер пайда жоқ. Түкке керек емес қызмет. Халықтың ақшасын сорып жатырсыңдар», – деген сынайдағы сөздерін айтып, ұрыса бастады. Біз аңтарылып тұрып қалдық. Ол апайдың бізге сондай сөздер айтып жатқанын естіген басқа әйел бейжай қалмай, бізге жақтасты. «Сіз неғып оларға тиісіп жатырсыз? Біз қайта оларды қолдауымыз керек. Бұлар өздеріне тапсырылған бұйрықты орындап жатыр», – деп жауап қатып, екеуара ұрысып кетті. Біз бұл көрініске үн-түнсіз қарап қарап тұра бердік», – деп бір күлдірді ол.
Маржан туристерді ішкі және сыртқы туристер деп екіге бөліп алған. Ішкі туристер дегені – ол елордамызға Қазақстанның басқа қалаларынан келген қонақтар, ал сыртқы туристер – шетелдік азаматтар. Олардың өзіндік ерекшеліктерін айтқан Маржан: «Мысалы, шетелдік туристер өздерінің проблемаларымен жүгінбейді. Жоғарыда айтылып өткен мәселелер бойынша ғана алдымызға келеді. Ал өзіміздің елдің азаматтары, яғни ішкі туристер «машинаны айдап көрсек бола ма?» деген сыңайдағы өтініштерін айтады. Біз оларға бұл қызметке арналған көлік екенін, өзге адамдарға айдауға беруге рұқсат етілмегенін түсіндіреміз», – деді.
Астананың мың құбылатын ауа райы қызмет атқаруға кедергілер келтіріп, қолайсыздық туғызатын кездері де болады екен. Оларға жауындарға, дауылдарға да қарамай қызметті алып жүруге тура келеді. Әсіресе, табиғаты нәзік қыз балалар үшін бірде ысып, бірде суып кететін күн райы денсаулықтарына кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл ойымызбен Маржан да келіседі. Әйтсе де, ол мұндай қиындықтарға мойымайды. Қызмет те одан соны талап етеді. Әңгіме арасында «Бұл қызмет меніңше қысқа уақытта өзінің қажеттілігін дәлелдәй алды, – деді Маржан. – Еліміздің туристтік тартымдылығын арттыру мақсатында құрылған қызмет болған соң, бұл қажет дүние деп ойлаймын. Бұл қызметті барынша одан әрі дамыта түсуіміз керек. Себебі, елімізге келетін туристер саны жылдан-жылға артуда. Ал оларға құқықтық көмек көрсетуде, біздің еліміздің тәртібін түсіндіруде туристік полицияның көмегі орасан зор. Өйткені, біздің бір артықшылығымыз – ағылшын тілін білеміз».
Олар тіл білгеннің арқасында талай туристке көмекке келген екен. Бірде африкалық азамат әмиянын жоғалтып, полиция учаскесіне арызданыпты. Сонда қара нәсілді азаматтың тілін түсінетін бір адам табылмай, туристік полиция қызметкерлеріне жүгініпті. Олар әлгі туристен ағылшын тілінде арыз қабылдап, мәселесін шешуге көмек көрсеткен. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіре беруге болады.
Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлерінің туристермен ағылшын тілінде тілдескеніне өзіміз куә болдық. Олармен емін-еркін сөйлесіп, сұрақтарына жауап беріп жатты. Туристер сұрақтарымен полицейлерге өздері келмесе, туристік полицияның олардың ретсіз мазаларын алуға құқылары жоқ. Оған рұқсат та жоқ. Бұл тәртіпті туристік полицейлер қатаң ұстанады. Патрульдеу кезінде түс ауа өздігімен туристік полицияның көмегіне жүгінген туристер көп болды. Шетел азаматтарының арасында көрші Ресейден келген қонақтардың көптігін байқадық. Бірі «Думан» океанариумына баратын жолды сұраса, енді бірі автобус тұрағын сұрады. Қаланы білмейтін қонақтар көбіне сол діттеген жерлеріне жету жолдарын білгісі келеді екен.
Сөйткенше болған жоқ, уақыт зу ете шығып, сағат тілі 16:00 болғанын байқамай қалдық. Бірінші ауысым кезекшілікті тапсырып, бекітілген тәртіп бойынша жұмыстан кейін ағылшын курсына кетті…

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттерді түсірген Ғабит СӘКЕНҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*