Жас ұландармен толықты

Теміртау қаласының әкімдігінің алдындағы алаңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5516 әскери бөлімдегі 130-ға жуық жас сарбаз таяуда әскери ант қабылдады. Олар Отанға және халыққа әрқашан да адал болуға ант етіп, Ұлттық ұланның толыққанды жауынгері атанды.
Сарбаздар сап түзеген алаңға Жауынгерлік Ту кіргізіліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды. 5516 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дамир Бекбаулов жас шақырылымды құттықтап, командирлік сөзін арнады: «Біз, тұрақтылық пен өркениетті көксеген Ұлы дала еліміз. Мен өз Отанын қорғауды, Қазақстан халқын қорғауды, өз жанұясын қорғауды перзенттеріне сеніп тапсырған ата-аналарға алғыс айтқым келеді. Бақытымызға орай, тыныштық пен келісім, бірлік орнаған бейбіт елде өмір сүруіміз. Алайда, мемлекет ішіне іріткі салуды көздеген қосалқы күштер барда қауіп те жоқ емес. Сондықтан, Ұлттық ұлан біртұтас жауынгерлік күш ретінде еліміздің тыныштығын күзетуі тиіс. Бүгін ант қабылдаған сарбаздарды алдағы уақытта арнайы жаттығудан өткіземіз. Отан қорғаушы атына кір келтірмей, азаматтық борыштарнын абыроймен асқан жауапкершілікпен өтеулеріне тілектеспін!» – деді ол.
Отан алдындағы әскери борышын өтеп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін келген әр жас сарбаз алғашқы қадамдарының бірін Әскери ант қабылдаудан бастайды. Әскери ант қабылдау – жас сарбаздардың әскери өміріне айрықша орын алатын, мемлекетке, өз елінің халқына адал болуға серт беретін айтулы сәттердің бірі. Бұл адам өміріндегі әскери қызметтің алғашқы маңызды актілерінің бірі. Атамекенге қызмет етемін деп ант берген кешегі бозбала әскери қызметші қатарына қосылды.
«Бүгін Жамбыл мен Алматы облыстарынан 130 сарбаз Қазақстан мемлекетіне және оның Президентіне, Ата Заңына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді! Енді олар екі апта бойы тәжірибелік сабақтарға қатысады. Сосын аптасына бес күн қаламызды әкімшілік құқық бұзушылықтан күзетуге шығады. Жас жауынгерлер алдағы бір жыл ішінде әскери қызметті қажет деңгейде меңгеру үшін офицерлер мен келісімшарт бойынша жауынгерлер істейтін әскери қызметкерлер күш-жігерін аямайды. Сарбаздар берген анттарына адал болып, жауынгерлік қызметтерін абыроймен атқарып, ата-аналарына аман-есен оралуларына тілектеспін!» – дейді майор Марат Имангалиев.
Қырық күн бұрын 5516 әскери бөлімінің табалдырығын аттаған бұл сарбаздар арнайы дайындықтан өтіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанып жатыр. Енді ант қабылдау рәсімінен соң, қаламыздағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, қала тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын қас қақпай күзетеді.
Жас сарбаздарға сөзін арнаған Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Мирас Құттыбай, әскери ант қабылдау рәсімі – өмірдегі ерекше әрі қайталанбайтын сәт екендігін, осы күннен бастап әскер сапында тұрған жастар ер жігіт атанып қана қоймай, бойларында нағыз жігіттікке тән қасиеттердің қалыптасатындығын айтып, сап түзеген сарбаздарды ел қорғаған батыр бабалардың ерліктерінен үлгі алуға шақырды. Сондай-ақ, еліміздің Конституциясындағы әскери қызмет туралы талаптарды айтып, ант қабылдаған жас сарбаздарға әскери ант мағынасын, сонымен қатар, жүктелген міндеттердің маңыздылығын жеткізді.
Әскери антты салтанатты қабылдауға Теміртау қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туыстары шақырылған.
Ұлының азамат атану сәтіне куә болу үшін Жамбыл облысынан арнайы келген Низами Кабулов өз әсерімен былай бөлісті:
– Мен Кабулов Назимның әкесімін. Қарап тұрсам, баламның жағдайы жақсы екен. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалыпты. Командирлерінің қамқорлығына рахмет айтамын. Отанының баласы болып, елге абыроймен оралсын деймін.
Ант қабылдаған жас сарбаздар сапта жүру тәртібін көрсетті. Енді олар 1 жыл бойы әскери қызметтің қыр-сырына қанығады.
– Бүгін Қарағанды облысы Теміртау қаласында өте қуанышты сәт. Мен ұлымның Ұланға келіп, әскери қызмет барысында абыройына дақ түсірмей, өз міндеттерін адал атқаруына жасаған алғашқы қадамын көру үшін арнайы Тараз қаласынан келіп отырмын. Баламның аты-жөні Аймаханов Қасан Аманбайұлы. Әскерде мінез-құлқын өзгертіп, денсаулығы мықты болып, еліміздің игілігі үшін адал қызмет ететініне сенемін» – дейді жас жауынгерді атасы Жанат Ақтанов.
Шара соңында жас сарбаздар өздерінің бір айда үйренген өнерлерін көрсетіп, негізгі жеке құраммен бір сапта салтанатты шерумен жүріп өтті. Әскер қатарындағы жас ұландар Отанға – даңқ, өзіне – абырой, ұрпаққа үлгі боларлықтай қызмет атқаратынына сеніміміз мол.

Байрам АЛИЕВ,
ІІМ Ұлттық ұлан 5516 әскери бөлімінің
тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар
тобының бастығы, майор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*