Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру қажет

Таяуда ІІМ-де «Құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік тіл: жаңа міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесі бойынша дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Жаппаров, Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Айжан Есімбекова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Айнагүл Қожаназарқызы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Маханбетұлы, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбек, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ІІМ-нің Құрметті ардагері, ақын-композитор, аудармашы Сланқожа Қарақыстық қатысты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина:
– Құрметті Арыстанғани Расылханұлы және жиынға қатысушылар, назарларыңызды Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі процестік тілдің жағдайы және тергеудің жүргізілу тіліне қатысты мәселеге аударғым келеді. Сот ісін жүргізуге қазақ тілінің үлес салмағын анықтау үшін біз соңғы екі жыл яғни 2017-2018 жылдар аралығындағы азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің статикасын шығардық. Статистикалық мәліметтерге сәйкес сот жүйесіндегі қазақ тіліндегі істердің саны көңіл қуантарлық деңгейде емес. Кей облыстарда нөл пайыз деген де көрсеткіштер бар.
Әрине, оған географиялық аумақтардың ерекшеліктері, істердің тергеу барысында қай тілде жүргізілетіні, талап-арыздың қай тілде берілетіні және қорғаушылардың қай тілге бейім екені әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы да фактілер аз емес. Кейде бұл мән бермеушілік адам тағдырына әсер етіп, орны толмас өкінішті жағдайларға да апарып жатыр. Бұл – өте өзекті мәселе. Сот ісін жүргізу тілі мен тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 14-бабында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабында нақты көрсетілген. Тергеу ісі қай тілде жүргізілсе немесе сотқа талап-арыз қай тілде түссе, сот ісі сол тілде жүргізіледі. Өкінішке орай, сотқа келіп түсетін арыздардың, шағымдардың басым бөлігі тек ресми тілде жазылады. Себебі, бұл жерде жанашырлық жетпей жатыр. Көпшілігіне үйренген ресми тілде жүргізген оңай. Тергеушілер көп жағдайда жәбір көрген жәбірленушінің немесе сол қылмысты жасады деген күдіктінің емес, өз жағдайын ойлап, істі өзі білетін тілде жүргізуге бейім. Сондай-ақ, азаматтық іс бойынша да көмек жасайтын адвокат, заңгерлер де осы бір қалыптасқан әдеттің айналасынан шыға алмай, сотқа талап арызды өзіне қолайлы ресми тілде жолдап келеді. Мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту ҚР әрбір азаматына байланысты. Келешекті ойласақ, халықтың жетпіс пайыздан астамы қазақ ұлтының өкілі екенін ескеретін кез жетті. Күн санап халықтың тілге қатысты талабы да күшейіп келеді, ендеше, бәрімізге бірігіп жұмыс жүргізу қажет, – деді сөз барысында.
Басқа да баяндамшылар мемлекеттік тілді қалай дамыту керектігі туралы өз ойларын ортаға салысты.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*