Көше кезген қайыршылар құрықталды

Бүгінгі таңда елордамыздың әр жерлерінен көше бойын торуылдап, алақан жайып, халық көп жүретін орындардың маңында тұрпайы киініп, қолына баласын алып, қайыр тілеп, ішім-жемін қоқыс жәшігінен табатын, қала көркін бұзған қаңғыбастар мен қайыршыларды кездестіруге болады. Олардың кейбіреуі жолдың қақ ортасына тұра салып жүргізушілерден ақша сұрайтындары кейде жол көлік оқиғаларына себепкер болып жатады. Күн тәртібінің маңызды мәселелеріне айналған бұл жағдай тәртіп сақшыларының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы орайда біз бір күн бойы патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары, ювеналдық полиция бөлімшесі учаскелік полиция инспекторларымен бірігіп қаладағы қайыршылар мен кәмелеттік жасқа толмаған тіленшілерге қарсы арнайы жүргізілген рейдтік іс шарасына қатыстық.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нен таңғы уақытта полиция автобусымен Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесі учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Қарлығаш Жасұзақпен бірге Сарыарқа ауданындағы Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан «Шапағат» сауда орталығының маңына жол тарттық. Әңгіме барысында Қарлығаш 2017 жылы ІІМ Ақтөбе заң институтын аяқтағанын, ішкі істер органдарында жүргеніне 2 жыл уақыт болса да өз қызметіне ерекше жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Белгіленген жерге келген бойда сауда орталығының маңынан бізді Нұр-Сұлтан қаласы Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары, полиция лейтенанты Руслан Рүстембекұлы мен полиция аға лейтенанты Думан Амангелдіұлы қарсы алды. Барлығымыз полиция автобусына отырып, Сарыарқа ауданы бойынша қайыршылар мен тіленшілерді іздестіруге кірістік. Рейдтік іс-шара барысында қызмет инспекторларымен, олардың қызметімен де танысуды жөн санадық.
Полиция лейтенанты Руслан Шыныбеков Оңтүстік Құқықтық басқару колледжін аяқтап, 2010-2011 жылдары 61993 Алматы қаласындағы Десанттық шабуылдаушы бригадасының №2 арнайы мақсаттағы батальонында Отан алдындағы қызметтік борышын өтеп, кіші сержант атағын алыпты. Әскерден оралғаннан кейін Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтайды. Бүгінгі таңда Caspian Университетінде «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Спортты серік еткен сақшының спорт саласынан ауыз толтырып айтарлық жетістіктері көп. Полицей жауынгерлік күрестен, АДС джуи джитсудан спорт шеберлігіне үміткер, JEET KUNE DO-дан Азия Федерациясының ІІ дәрежелі қара белбеу иегері. Ішкі істер органдарында 2018 жылдың ақпан айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы Патрульдік полиция полкінің 6 ротасында қызмет инспекторы болып қызмет атқарады. Әкесі Рүстембек еркін күрестен спорт шебері.
Екінші қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Думан Тойгулунов өте сабырлы, әрі салмақты екен. Рейд кезінде де ол өзінің халықпен жұмыс істеу барысында сабырлылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленді. Ақмола облысында дүниеге келген қызмет инспекторы Семей қаласындағы Ш.Құдайбердіұлы атындағы техникалық университеттің колледжінің IT мамандығы бойынша бірінші білімін алған. Екінші жоғарғы мамандығы Семей қаласындағы КАЗГЮУ университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамадаған. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Нұр-Сұлтан қаласының Патрульдік полиция полкінің полицейі, 2012 жылы Жол полиция Басқармасының инспекторы лауазымына тағайындалған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Патрульдік полиция полкінің 6 рота 3 взводының қызмет инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Думан әңгіме барысында:
– Біз Сарыарқа ауданы бойынша қызмет атқарамыз. Қызмет барысында көбіне кездесетін құқық бұзушылықтар қоғамдық орындарда ішімдік ішу, қайыршылықпен айналысу және көшедегі қылмыстар оның ішіне ұрлық,тонау көптеп кездеседі. Біз сыртқы қызмет бойынша халықпен тығыз байланыста қызмет атқарып келеміз. Ең бірінші халық полицияның көмегіне жүгінгенде алғашқылардың бірі болып қылмыс орнына әр түрлі жағдайларға біз барамыз, – деді өз қызметін жетік меңгерген тәртіп сақшысы.
8 жылдан бері алғыс хаттар, грамоталармен марапатталған инспектордың қызметке келуіне бала күнгі арманы себеп болыпты. Думан 2009 жылы Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде Отандық борышын атқарған. Полиция аға лейтенантының айтуынша, қайыршылықпен айналысатындар көбіне шет мемлекеттерден, соның ішінде Өзбекстан мен Тәжікстаннан келеді дейді. Шекараның күзетінің осал жерін тапқан тіленшілер шекараны заңсыз асып келеді екен.
– Күніне 1-2 тәжік немесе өзбек азаматшасын кішкентай нәрестелерімен ұстаймыз. Біз оларды миграция бөліміне жеткіземіз, одан арғы шараны сол қызметкерлер қарастырады, – деді қызмет инспекторы.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тілемсектер мен қайыршылар мешіттердің жанын жиі жағалайды. Олар, әсіресе, жұма күні халықтың көп келетіндігін білгендіктен, мешіттің маңында қол жайып, таңнан кешке дейін отырады. Полицейлер келген кезде олар бұйрыққа бағынғысы келмей, кейбіреулері тәртіп сақшыларын қарғап-сілеп, ойларына келгендерін айтып бағады. Олардың арасында сығандарды, тәжіктерді кезіктіруге болады. Халық арасында «люли» атанып кеткен сығандардың Қазақстанға келулерінің бірден бір себебі күн көру мен ақша табу. Олар жалғыз келмейді. Қастарында етектеріне жармасқан балалары болады. Бұл қайыршылардың арасында алаяқтарды да кезіктіруге болады. Полицейлер олардың тіпті кейбіреулерінің есімдеріне дейін білетін болып шықты. Полицейлер кейбіреулерін, мүгедектер арбасына таңылған күйде көрсе, бірнеше айдан кейін сау күйінде кезіктіреді екен. Рейд барысында біздің назарымызға іліккен бірнеше сыған болды. Олардың бірі жүкті болса, екіншілері кішкентай балаларымен кір-қожалақ күйде көше кезіп жүр.
Қалада күнделікті қайыр тілеп жүргендерді іздеп Сарыарқа ауданы бойынша Бөгенбай батыр, Н.Тілендиев, Жеңіс даңғылы, Ш.Уәлиханов, Кенесары, Сарыарқа көшелері мен Темір жол вокзалының маңын және базар аумағын бірнеше сағат бойы араладық. С.Сейфуллин көшесі бойындағы «Аймақтау» сауда орталығы мен Астаналық базардың маңынан бірнеше қайыр тілеп отырған тіленшіні кезіктірдік. Олардың біршамасы тәртіп сақшыларын көрген бойда бастары ауған жаққа қаша жөнелді. Тек жас шамасы қырықты алқымдаған әйел мен ер кісі отырған жерлерінен қозғалмады. Оларды «Байқоңыр» ауданы ПБ №14 учаскелік полиция пунктіне тәртіп сақшылары алып келді. Қарсылық білдірген тіленшілер біраз уақыт бойы өздері туралы мәлімет беруге қарсылық білдірді. Бірнеше уақыт бойы полиция бөлімінде шу көтерген азаматша өзінің ауру екенін, сауда орталығының жанында жай отырғанын айтып ақталды. Екінші азамат өзін Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы екені, бірнеше жыл бұрын елордасына ақша табу үшін келгенін айтты.
Негізінен елордамызда Нұр-Сұлтан қаласы ПД ЖПҚБ ювеналдық полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзыушылықтың, қайыршылықтың, қараусыздық пен қаңғыбастықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп отырады. Ювеналдық полиция бөлімшесі учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Қарлығаш Жасұзақ жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кәмелет жасқа толмағандардың қайыршылықпен айналысудың 123 фактісі анықталғанын айтты. Кәмелет жасқа толмаған қайыршылардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасының азаматтары екен.
Рейдтік іс шаралар барысында ойын-сауық орталықтары, көше бойлары, саябақтар, базарлар, алаңдар және вокзалдар тексеріледі. Қайыршылық сұрау фактісі бойынша кәмелет жасқа толмағандар анықталған жағдайда олар заңды өкілдерін және жеке басын анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы «Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына» орналастырылады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 449-бабына сәйкес (Қоғамдық орындарда тиісу) қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру – жеке тұлғаларға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Рейд кезінде Жастар сарайы маңында қайыр сұрап отырған екі кәмелет жасқа толмаған қайыршы балалар анықталды. Сұрастыру барысында 2005 жылы туылған Шахиджахан Пардаев және 2004 жылы туылған Шахзод Кучимов аналарымен бірге Өзбекстан Республикасынан келгендігін айтты. Олар аға-қарындастарымен бірігіп, қаладағы базар маңында, адамдар көп қоныстанған орындарда күнделікті қайыр тілеп күндерін көреді екен. Мектеп табалдырығын аттамаған балалар өзбек тілі мен орыс тілін біледі. Осындай балаларды жиі қоғамдық көліктерде көретіндіктен, ән шырқап беруін сұрағанымда тек ақша үшін ән айтамын деп қарсылық білдірді. Кәмелет жасқа толмаған Шахиджан мен Шахзодтың заңды өкілдерінің анықталмауына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы «Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына» орналастырылды. Одан кейін жасөспірім баласымен қоғамдық ортада қайыр сұраумен айналысқан 2000 жылғы туылған Дильфуза Раджобалиева анықталды. Айтуы бойынша баласы 2018 жылы туылған Надирбек Бабыроглыдан басқа, Өзбекстанда тағы бір баласы бар екен. Қазақстанда 2018 жылдың маусым айынан бастап жүрген әйелдің қолында құжаты жоқ. Әйел өзін Түркістан облысы, Ленгір қаласының тумасымын деп таныстырды. Жұбайы Өзбекстан Республикасының азаматы екен. Жолдасы мен баласы Өзбекстанда тұрады. Дильфуза жұбайының екінші әйелі болып табылады.Тәртіп сақшылары Дильфузаны жиі қайыршылықпен айналысқанына байланысты жиі кездестіретіні көрініп тұр. Ол тіпті полиция пунктінің қайда орналасқанына дейін біледі. Құжаттарының жоқ болуына байланысты полицейлер оны көші-қон қызметі басқармасына жеткізді.
Қайыршылардың жанарларына қарап, олардың тағдырларына үңіліп санаңда сан сұрақ туындайды. Кей кездері тағдырдың тепкісіне ұшырағандардың қайғысына ортақтаса бастайсың. Осы адамдардың қандай нәсілді болсын өмір жолымызда кездесуі бізге жіберілген сынақтай көрінеді. Елемей өтіп кетеміз бе, әлде қол ұшын береміз бе?.. Ол әр адамның өз еркінде. Бірақ қалай болған да барлығымыз жұмыр жерді басып жүрген пендеміз ғой. Бірақ «тәртіпсіз ел болмайды», – демекші еңсесін көтеріп, қанатын көкке жайып келе жатқан мемлекетіміздің болашағы үшін күресуіміз қажет. Себебі үйсіз-күйсіз кезбелер, қаңғыбастар мен қайыршылары қаптаған, тәртібі жоқ мемлекеттің болашағы жарқын болмасы белгілі.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,суреттерді түсірген Болат КАМАНОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*