Жұмыссыздық жарға жығар

Жарықтық, һәкім Абайдың: «Қарыны тоқтық, Жұмысы жоқтық –Аздырар адам баласын», – деген сөзін бәріміз білеміз. Алайда, қанша уақыт өтсе де, тамыршыдай тап басып айтылған осынау сөздің тұңғиығына бойлай алдық па? Әй, қайдам-ау. Елім деген ерлер терең бойласа, кемел ойласа, әлі күнге дейін халіміздің мүшкіл болуы қалай? Неліктен жұмыссыздық жайлап тұр? Жұмысы жоқ жұртшылықпен жұмысымыздың жоқтығы өтірік емес қой…
Әрине, ауызымызды мүлдем құрғақ шөппен сүрте салғымыз жоқ… Үкімет жұмыс ұсынбайды емес, ұсынып жатыр. Қаншама компаниялар да жәрмеңке өткізіп жатыр. Жатыр, жатыр… Десе де, жұмыссыздық құрсауынан толыққанды құтылу үшін не істемек керек деп бас қатырып жатқан кімдер бар? Тәуелсіздік алған тұста ел есеңгіреп қалды, жұмыссыздар көбейді. Ал адал еңбек, маңдай тер теңіздей тамшыламаған жерде, оңай олжаға құныққандар мен даярға дәніккендердің дәуірі жүріп-ақ тұрады емес пе?!
Елең-алаң кезеңде адам шошытарлық ақпараттар ағыны толассыз еді. Біреуді ұрып көзін көгертіп кетіпті десе де, сұмдық-ай дейтінбіз. Ол кезде, жасыратыны жоқ, милициялардың хал-ахуалы мыңмен жалғыз алысқандай еді десек, тым әсірелегендікке жата қоймас, сірә…
Қазір ғой, кез келген сұмдыққа бойымыз үйреніп, етіміз өліп кеткені. Оң жақта отырып босана беретін бойжеткендер көбейді, шақалағын қоқысқа лақтырып кетіпті десе де, педофильдер бүлдіршінді зорлап кетіпті десе де, үйреншікті жәйттей қабылдайтын күнге де жеттік. Кеспірсіз келеңсіздікті көзімізбен көріп тұрсақ та, жайбарақат видеоға түсіріп тұра береміз. Ее, маған емес, бұл хайуандық басқа адамның басына түсіп тұр ғой деп мүлгіп қарап отыра береміз.
Мұның бәрі нақтылы жұмыспен айналыспаушылықтан, бос уақытымыздың тым көптігінен. Шектен тыс «еркіндігімізден». АҚШ-та қалай, оларда көрші үйден сәл айғай-шу шықса-ақ болды немесе көшеде күдікті болып көрінген біреуді байқаса, тұрғындар дереу полицияға хабарласа қояды. Осылайша, бір қауіптің алдын алады. Біз секілді «терезеден қарап тұрмайды». Халық полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ал бізде полицияға жүгінуді тоқылдақтық деп есептеу бар. Орға жығар ойсыздығымыз осы.
Қамсыздығымыздан шығар, мұндай мәселелерге мән бермейміз. Көп болып түңіліп, жұрт болып жұмылып, қаскөйлікке қарсы тұрарлық дәрменіміз де қалмаған. Ең болмаса, өкіметке дұрыстап талап та қоя алмай қапы қалып жүрген жайы бар. Өркениетті елдің баласы өзі өмір сүріп жатқан ортада осындай бассыздық қауласа, қарсылықтарын бірден мәдениетті түрде жеткізіп, жазаны қатаңдатуды талап етеді. Талап етіп қана қоймайды, орындатады да. Өйткені, олар бала-шағасының қауіпсіздігіне алаңдайды. Шенеуніктері де халықтан бөлектенбейді, біте қайнасқан.Ал бізде ше, арамшөптің түптамырына тиіспейміз, бар болғаны жер бетіне шығып тұрған улы жапырағын ғана отаймыз. Сонымен іс бітті деп ойлаймыз.
Күндіз екі қолға бір күрек ұстауға арланатындардың, түн болса қарақшылық жасауға қамданатындардың қатары қашан азаймақ?!Баладан да жасыра алмайтын бір шындық бар, жұмыссыздық адам санасын улап, небір қылмыстарға итермелейді. Содан әлдекімдердің ұсынған көкқағазына көз тігіп, елге қауіп төндіруден де тайынбайды. Алыстағы қожасының бұйрығын екі етпейтін зомбиға айналып шыға келеді. Мәселен, Сирияға кетіп жатқандардың көзқарасын қалпына келтіру қиынның қиыны. Елде жүріп, өкімет беретін болмашы жүз мыңға жегілгенімше, шетелде жүріп қап-қап ақша алып қайтқаным жақсы емес пе деп армандайды… Осылайша өздерінің тұп-тұнық болмысын, психикасын ойрандайды. Жоғары жалақы бермейтін билігіне деген жеккөрушілік сезімі қылаң береді…
Тіпті бір рет істеген лаңкестігі үшін темір тордың аржағында төрт-бес жыл ғана күн кешіп келген адам, жазасының жеңілдігінен тағы да лаңкестік жасай салады. «Рахат». Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ оларға. Сондықтан да, бұлайша жұмыссыз жатқанша, көзге күйік, елге керексіз болғанымша осылай миллиондаған ақшаға қарық болайын деп шолақ ойлайды.Болар-болмас тиын-тебенге жұмыс істегенше, ұрлық қылып, алақаныма қарап отырған бала-шағамды асырағаным жақсы емес пе деп те келте қайырады.
Сәл де болса ойланайықшы, ағайын!Осы дау-жанжал, кесір-кесапаттың көбі неден болып жатыр екен деп. Заман өркендеген сайын біздің кері кетіп бара жатуымыздың себебі неде? Құдайға шүкір, көзіңіз ашық қой, ғаламторға бес минөт сайын сүңгіп шықпасақ, ауырып қалатындай боламыз. Бәрін де көріп-оқып біліп отырсыз. Есті елдің баласына не жаңалық ашамын десе де жағдай жасалып-ақ тұр. Ал біздің жастар ақыл-ойының жемісін бес-он тиынға салғысы жоқ, бұл дұрыс та. Басыңды бағаламаған жерден атаңның басын іздейсің бе деген ой осындайдан шығады. Сол себепті, шетелге кетуді армандайды. Тіпті оларға сол жақта қарапайым жұмыс істеп те миллионер болу мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?!. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, осының бәрі өзіміде қолға алынса, ешкім де Еуропа деп емексіп тұрмас та еді.
Жұмыссыздық демекші, мұның кесірінен бірінен соң бірі балалай беретін мың бір мәселе тағы бар. Елімізде азғындықтың күннен күнге асқынып бара жатқаны да сол. Зерттеушілердің айтуынша: «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы − шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. Ахмет Яссауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі аса қауіпті жағдай. Өйткені, зерттеушілердің айтуынша, әсіресе, жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға бару, қылмыс жасау, моралдық азғындықтарға салыну не істерін білмей бос жүрген кездерде кездеседі екен».
Қаламы қарымды тілші Кәмшат Тасболат та: «Бар қауіп – жұмыссыз жүрген еркектен деп білем… Жұмыссыздық неше түрлі арам ойларға жетелейді. Қазір қандай қылмыс болмасын, көбін жасайтын – жұмыссыздар. Әлеуметтанушылар лаңкестің әлеуметтік-психологиялық портретін жасағанда, оның 28-29 жасқа дейінгі жұмыссыз жас жігіт екенін анықтаған. Ал педофильдің де басты ерекшелігі – жұмыссыздық боп тұрған жоқ па?» – деп толғайды.
Жұмыссыздық жайында енді нақты фактілерге жүгінейік. Қазақстанда 2013 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 469,2 мың адамды құраса, ал 2014 жылдың 1 тоқсанында жұмыссыздардың саны 464 мыңға төмендеген.2015 жылдың қазан айына бағалау бойынша жұмыссыздар саны 441,9 мың адам болса, 2016 жылдың сәуірінде жұмыссыздар саны 439,3 мың. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 440 мың адам жұмыссыз. 2018 жылдың бірінші тоқсанында 434 мың қазақстандық жұмыссыз ретінде тіркеуде болған. Ал ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше 2019 жылдың ақпан айында жұмыссыздар саны 440,3 мың адамды құрапты.
Кеше Асан Қайғы іздеген біздің бүгінгі жерұйығымыз – жұмыссыздықты жүгендеу. Президент Қасым-Жомарт айтқандай, жастарға көңіл бөлу, әсіресе, жұмыссыз жүрген білімді де білікті жастарымызға даңғыл жол ашып, оларды жат жерге жәутеңдетпей, жағдай жасағанымыз жөн. Қазақстанның болашағы – осы жастардың қолында.
P.S:Жұмыссыздық – жүгенсіздікке жетелер күре жол. Жоқшылық тығырыққа тірейді адамды. «Ер баланы – тоқшылық, қыз баланы – жоқшылық бұзады» дегенді ұмытпайық, ағайын! «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық…» дегенде Абай осыны меңзесе керек.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*