Министр азаматтарды қабылдады

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Кездесуге елдің түрлі өңірлерінен 30-дан астам адам қатысты.Олар министрге мәселелерін, ұсыныстары мен шағымдарын жеткізді.
Азаматтар министрге қылмыстық істерді тергеудің толықтығы, сапасы мен мерзімдерін шешу туралы өтініштермен жүгінді.Министр басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласынан және бірнеше аймақтан келген азаматтармен жеке кездесті. Ал Түркістан, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары Е.Тұрғымбаевқа бейнеконференцияда өз проблемаларын айтты.
Әр облыстан өздерінің арыз-шағымдарын арқалап келген тұрғындар министрмен бетпе-бет отырып, мәселесін айтып, өтініштерінің оңтайлы шешілетініне нық сеніп, ризашылықтарын білдірісті. Сондай-ақ, бұл ашық кездесу онлайн түрінде өтіп, әр облыстағы Полиция департаменттерінің басшылары мен жауапты қызметкерлер тұрғындардың мәселесі бойынша министрдің алдында жауап беріп отырды. Министр әртүрлі шағыммен келген бұл азаматтардың мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігін және оны әділ де тез шешу үшін полиция бөліністері басшыларының жұмыс тәртібін қатаң қадағалап отыратынын шегелеп тұрып жеткізді. Егер бұл мәселелер шешілмеген жағдайда, онда олардың орнын халықпен ашық та әділ жұмыс істей алатын азаматтармен ауыстыратынын ескертті.
«Біз қарапайым халықпен әрқашан да ашық та тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Халықтың құқығын қорғау – біздің борышымыз. Олар нақақтан-нақақ күймеуі керек. Полиция халыққа таяқ емес, қалқан болуы тиіс. Ешқандай да полицияның өз лауазымын асыра пайдалануына жол бермейміз. Қарапайым тұрғындардың ісіне әділдікпен қарамағандарға, оларды алалағандарға қатаң шаралар қолданамыз. Осыны ашық жеткізу үшін сіздермен кездесіп отырмыз. Ал енді кімге қандай арыз-шағымдарыңыз бар, қандай әділетсіздікке тап болдыңыздар, бәрін ашып айтыңыздар! Дәл осы жерде сол мәселелер бойынша жұмыс істейміз», – деді министр.
Шара барысында Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз: «Өздеріңіз көрдіңіздер, бүгінгі мәселе бойынша Ішкі істер министрінің алғашқы қабылдауына көптеген адам келіп жазылған болатын. Олар тек қана Астана қаласынан емес, әр облыстан да өздерінің арыз-шағымын айтты. Көптеген сұрақтар қойылды. Ішкі істер органдарындағы түрлі қылмыстардың дұрыс тергелмеуі, болмаса, полиция қызметкерлерінің үстінен түскен арыздар да жан-жақты талқыланады. Одан бөлек, көптеген азаматтар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, полиция қызметкерлерінің арасында сауатты әрі өзінің орнын білетін, халыққа адал қызмет ететін жандардың барын айтып алғыстарын білдірді. Яғни, біздің негізгі бағытымыз – полиция ашық болуы керек, халықтан қашық болмауы керек», – деп пікір білдірді.
Өзінің арыз-шағымын арқалап келген Екібастұз қаласының тұрғыны Сәуле Өскенова:«Мені министр арнайы шақыртып, жеке қабылдады. Мәселемді бетпе-бет отырып айттым. Енді мәселем шешілетініне толық сенемін. Министр Ерлан Тұрғымбаев халықпен ашық жұмыс істей алатынын дәлелдеп келеді. Жиналған халықтың көптігінен-ақ соны байқауға болады», – деп ризашылығын білдірді.
Қабылдау барысында Ішкі істер министрі өтініштерді қарау және азаматтардың проблемаларын шешу Ішкі істер министрлігі үшін басымды бағыт болып табылатынын атап өтті. Азаматтардың бірде-бір шағым-арызы мен өтініштері айтылған жерде қалмайды.Министр сондай-ақ, ол қабылдаушы тарапқа ғана емес, жалпы жұртшылық үшін де ашық екенін атап өтті. Министрліктің басшылығымен азаматтарды қабылдау апта сайын өткізіледі.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*