Заңсыз айналымға жол жоқ

ІІМ Баспасөз клубында «Қауіпсіз аула» шарасы аясында азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті. Жиында ІІМ ӘПК төрағасы Мақсат Байболов қару айналымына қатысты, оның ішінде заңнамалық деңгейде қару айналымын бақылауды қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде сақтау, көшелерде, аулаларда құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және қауіпсіз жол тақырыбында мәлімдеме жасады.
ІІМ қару айналымына, соның ішінде заңнамалық деңгейде бақылау жасауды қамтамасыз етеді. Сондықтан министрлік осы бағытта бірқатар бұйрықтар қабылдады. Оның бірі ІІМ-нің 2019 жылғы 1 шілдедегі «Азаматтық және қызметтік қару мен оның оқ-дәрілері айналымы қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа өзгерістер болатын. Сол бойынша, азаматтық және қызметтік қаруды сақтау, ұрлануының алдын алу үшін қару мен оқ-дәрілерді орталықтандырылған орында сақтау қарастырылған. Осы мақсатқа орай арнайы құрылған заңды тұлғалар бар. Бұрын заңды тұлғаларға қаруды күзет ұйымдарының қару-жарақ бөлмелерінде сақтауға рұқсат етілген болса, енді мұндай мүмкіндік азаматтық қару иелеріне де берілді. Қару иесінің үйде немесе жоғарыда аталаған пунктте сақтауды таңдауға еркі бар. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов қару иелерінің салғырттығынан және сақтау талаптары орындалмауы салдарынан ұрлыққа жол берілетіндігін, сол себептен осындай шаралар қабылданып отырғанын айтты.
Жаңа ережелер негізінде ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қаруды сату тәртібі реттеледі. Ендігі кезекте тілек білдірушілер мұндай қаруды сатып алу үшін өзінің кәмелеттік жасқа толғанын растап, дүкенге сотталмағаны, қару ұстауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқтығы туралы және қаруды қауіпсіз ұстау ережелері бойынша біліктілік тексеруден өткендігі туралы анықтама беруі қажет. Бұл полицияның рұқсатынсыз сатылатын қаруды қолдану арқылы қылмыс жасау фактілері орын алуына байланысты болып отыр.
2017 жылдан бастап пневматикалық қарумен 129 қылмыс жасалған. Оның ішінде қарақшылық – 28, бұзақылық – 79, кісі өлтіруге оқталу–3. Осы ретте аңшылық дүкендерінің сатушылары алушының қаруды иеленуге қарсы айғақтары бар екендігін біле тұра, нормативтік бекітілген негіздердің болмауына байланысты мұндай қаруды сатуды шектей алмайды. 2018 жылы Қазақстанға 4 мыңнан астам сигналдық қару әкелінген. Аталған тапаншалардың сыртқы түрі «Макаров», «Глок» маркалы тапаншаларына ұқсайды. Іс жүзінде бұл қаруларды жастар көрсету және қорқыту үшін пайдаланады. Оны қарақшылық мақсатта қолдану және жауынгерлік қаруға қайта жасау фактілері де кездеседі. Министрлік 2019 жылғы 20 маусымда «Азаматтық және қызметтік қарумен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық қабылдады. Аталған құжатта азаматтық және қызметтік қарумен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібі реттелген. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы азаматтық және қызметтік қару айналымын реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар брифингте еліміздің аумағында 5-11 тамыз аралығында «Қауіпсіз аула» атты алдын алу іс шарасы туралы айтылды. Бұл шара көп қабатты үйлердің аулалары аумағын барынша қамтитын жаяу жасақтар санын арттыру, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, аулаларды көлік құралдарын қою ережелерін бұзу тағы да басқа құқықбұзушылық фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Аталаған жұмыстарды ұйымдастыру үшін полиция қызметкерлерінің ПИК және тұрғын үй аулаларында жұртшылықпен кездесуі өтеді. Тәртіп сақшылары шара барысында суық қаруды және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүру, алкоголь өнімдерін сату бойынша заңнама талаптарын сақтамау, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, кәмелетке толмағандардың көшелерде, ойын-сауық мекемелерінде, түнгі және компьютерлік клубтарда немесе заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүру фактілерін анықтайды. Сонымен қатар рұқсат етілмеген жерлерде сауда-саттық фактілерінің жолын кеседі.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суретті түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*