Азаптау – ауыр қылмыс

Еліміздегі түзеу мекемелерінде тұтқындарға жәбір көрсету тыйылмай тұр. Алматы облысына қарасты Заречный кентіндегі түрмеде сотталғандарды азаптау оқиғасы бұл мәселеге қоғамның назарын аударды. Бұл оқиға елімізде сотталғандарды азаптау фактілеріне жол беріліп келгенін көрсетеді. Ішкі істер министрлігінде Қылмыстық атқару жүйесін жетілдіру мәселелері тақырыбында өткен брифингте спикерлер осы оқиғаға байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Брифинг барысында ҚАЖК төрағасы Дархан Қанатбеков Заречныйда болған жағдайда баға беріп өтті. «Сотталғандарды азаптау оқиғасы Заречныйдағы түзеу мекемесінде ғана орын алды. Өткен жылы жазасын өтеушілерге жәбір көрсету бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, оның бір де біреуі сотқа жеткен жоқ. Елімізде 82 мекеме бар, бірақ кейде олардың барлығын қатаң қадағалау мүмкін болмай жатады. Анықталған жағдайда, сотталғандарды азаптау фактілері бойынша қатаң шаралар қабылдаймыз. Түрмелерге бару кезінде сотталғандарды жеке қабылдау жүргізіп, олардың арыз-шағымдарына құлақ түреміз», – деді өз сөзінде комитет басшысы.
Оның сөзін жалғастырған төрағаның бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков: «Заречныйдағы түзеу мекемесінде болған жағдай өте өрескел. Алайда, бір ғана сол оқиғаға сүйене отырып, мұндай фактілер барлық мекемелерде болып жатыр деп айта алмаймыз. Бұл бір ғана дерек болатын. Өткен 2018 жылы сотталғандарды азаптау фактілеріне жол берілген жоқ. Алайда, осы жыл басынан бері 6 айдың ішінде қылмыстық атқару жүйесінің 1500-ге жуық қызметкері жауапкершілікке тартылды. Қызметкерлер тарапынан тікелей функционалдық міндеттерін орындамау, яғни түнгі уақытта сотталғандарды бақылау постын тастап кету сияқты құқық бұзушылықтар жіберілген. Осынша адамның басым бөлігі қатаң сөгіс алса, соңғы резонанс тудырған Заречныйдағы оқиға бойынша кінәлі 7 адам жұмыстан шығарылды. ЛА-155/8 түзету мекемесінде болған жағдайға байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған 7 адамның 5-уі 2 айға тұтқынға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деді.
Оның айтуына қарағанда мұндай оқиғаларға жол берілмес үшін кешенді шаралар атқарылуда. Айталық, осы мақсатта жақында Ішкі істер министрі өзінің орынбасары мен төрағаны осы мекемелерді тексеруге жіберді. Қазір жан-жақты тексерулер жүргізіліп жатыр. Заңға көптеген өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жасалуда. Сонымен қатар, министрдің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Түрмеде жазасын өтеушілерге қорлық көрсету оқиғаларына жол бермес үшін барлық шаралар қолға алынып, жан-жақты әрекет етіліп жатыр. Сонымен қатар, бұл мақсатта ендігәрі түзету мекемелеріне кенеттен тексеру жүргізілмек.
«Биыл 31 түзеу мекемесінің қызметкерлері бейнебақылау камераларымен қамтылып, ол кеуде тұстарында 24 сағат бойы қосылып тұрады. Қызметкерлердің кеуде тұсына бекітілетін бейнежетондардың қай уақытта қосылып, қай уақытта сөндірілгені тексерілетін болады. Яғни, уақытынан бұрын сөндірілген жағдайда қызметтік тексеріс жүргізіп, қызметкерге қатысты шара қолданамыз. Бейнебақылау жүйесімен қамту республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Бүгінгі күні қолданыстағы бейнебақылау камераларының саны 1363 болса, жыл соңына дейін тағы 633 бейнежетон алуды жоспарлап отырмыз. Әр мекеменің бақылау жүйесін де күшейту көзделіп отыр. Бүгінгі күні мекемелер бейнекамералармен толық жабдықталмаған. Бұл мақсаттағы жұмыс одан әрі жалғаса бермек», – деді төраға орынбасары.
Ал PRI Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова соңғы 3 жылда Қазақстандағы түрмелерде 53 азаптау фактісі тіркелгенін жеткізді. «Соңғы үш жылда барлық уақытша оқшаулағыштар мен түзеу мекемелерінде азаптауға қатысты 53 факті тіркелді. 13 жағдай қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелсе, 33-і ішкі істер органдарының мекемелерінде болған. Тағы 7-сі басқа жағдайлар бойынша тіркелді», – деді Жанна.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша азаптау ауыр қылмыс саналады. Министрлікте өткен брифингте белгілі болғандай, Қазақстанда түрмедегі адамдардың саны 100 мыңнан 29 мыңға азайған. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшысы еліміз түрмелерінде сотталғандарға жайлы жағдай жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары сотталғандарды тамақтандыру нормалары қайта қаралған. Сонымен қатар, тұрғын үй алаңы ұлғайтылып, медициналық жабдықтар жаңартылып, электрондық дүкен сервисі іске қосылған. Бұдан бөлек, сотталғандардың құқығын қорғау үшін олардың өтініштерін электронды түрде қабылдау сервисі іске қосылуда. Бұл, біріншіден сотталғандарға шағымдар мен өтініштерін мекеме әкімшілігін айналып өтіп жіберуге мүмкіндік береді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*