Саланы жаңғырту – уақыт талабы

Адамдар қылмыстық әрекеттен қорғану үшін ең алдымен полицияға жүгінеді. Дегенмен, соңғы жылдардағы ішкі істер органдарының жағдайы қоғам талабына толық жауап бере алмай отыр. Полицейлердің азаматтармен өзара қарым-қатынасының қазіргі стандарттары ескірген, әрі заман талабына сай келмейді. Осы ретте Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев құқыққорғау саласын, соның ішінде ішкі істер саласын реформалауды жолға қойған болатын.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңестеНұрсұлтан Әбішұлы қызметті жаңғыртусыз қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмайтынымызды айта келіп, полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісу керектігін тапсырған болатын. Осыған сәйкес, күн тәртібінде қалыптасқан ахуалды назарға алып, жоспарланған барлық іс-шараны мұқият пысықтау қажеттілігі туындады.
«Адамдар өз болашағына алаңдамауға, қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қорғалатынына сенімді болуға тиіс. Азаматтардың жеке басы мен мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Полиция жұмысы тиімділігінің негізгі критерийінің мәні осында», – деді Мемлекет басшысы.
Ішкі істер органдарын жаңғырту – заман талабы. Сондықтан ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландырудың, сондай-ақ өзіне тән емес функцияларды алып тастаудың маңызы зор.Артық міндеттердің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Бұл ретте реформа жүргізу құрылымды оңтайландыру, яғни қызметкерлер санын қысқартудан басталды. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында қызметкерлер бұрынғыдай 5-еу емес, 3-еуге қысқарды. Штат саны 10 пайызға қысқарды.Бұл шаралар полицейлер санын 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден 424-ке дейін төмендетуге жол ашады, яғни еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек.
Үнемделген қаражат қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік қамту жүйесін жақсартуға жұмсалатын болады. Қосымша ішкі резервтерді іздеу және тиімсіз әкімшілік шығындарды болдырмау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіледі. Полицейлердің жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінбек. Мұның бәрі –халықтың ақшасы. Полицияны, әскерді және соттарды салық төлеушілердің қаражаты есебінен ұстайды, ендеше азаматтарымыз құқық қорғау органдарының өз міндетін мінсіз атқаруын талап етуі өте жөн.
Жаңа өзгерістер барысында мені ерекше қуантқаны, қылмысқа қарсы күрес жүргізетін және қоғамдық тәртіпті сақтау ісімен тікелей айналысатын қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қабылданған шаралар болды. Бұл шаралар полиция жұмысының ең маңызды деген бағыттарына білікті жаңа кадрларды тартуға, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күзететін және қылмысқа қарсы күрес жүргізу қызметін атқаратын бөлімшелерді күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, полиция қызметкері теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылып, барлық жеңілдіктен айырылуға дейін шаралар қолданылады.Бұдан былай, кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау үшін сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет.Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі ғана қалатын болады, оған мейлінше білікті оқытушылар іріктеліп алынып, оларға жоғары жалақы төленетін болады.
«Қазіргі полицейлерді кезектен тыс аттестация күтіп тұр. Аттестация қорытындысы бойынша, заманауи стандарттарға сай келетін қызметкерлер ғана қызметте қалады. Осы сынақтан өтпегендердің орнына лайықты қызметкерлер алынады. Қазақстанда іріктеуді сапалы жүргізуге зор мүмкіндіктер бар – жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындары 20 мыңнан астам заңгер дайындап шығарады. Ішкі істер органдарынан жұмыстың сервистік моделіне көшу талап етіледі. Жыл сайын полицияға 4 500 000-нан астам азамат шағымданады, ал оларды қабылдау үшін жағдай жасалмаған. Егер полиция алдына басына іс түскен адам келсе, оны тезірек әрі сыпайылықпен қабылдау керек. Бірақ бұл атқарылар істің бір бөлігі ғана. Ондай мәселелерді жедел әрі заңға сәйкес қарастыру қажет. Халықпен жұмыс істеудің заманауи форматы дегеніміз осы. Жұмыс кестесі ыңғайлы, сондай-ақ техникалық тұрғыдан жақсы жарақтандырылған фронт-кеңселер құрылуы керек. Қызметкерлер тарапынан дөрекілік пен халықты менсінбеушілікке жол берілмеуі тиіс. Жаңа реформа бойынша полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлері енгізіледі. Бірақ, сол критерийлер шынайы болуы тиіс. Онда полиция жұмысының сапалы орындалуы мен тиімділігіне баға берілу керек. Азаматтардың сенімі, жайлы тұрмысы мен қауіпсіздігі полицияның тиімділігін бағалаудың негізіне айналғаны жөн», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, айта кететіні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысқа цифрлық технология енгізіледі. Қазақстанның барлық елді мекендері қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықталады. Тұрғындармен онлайн режимдегі кері байланыс қызмет түрлері енгізіледі. Заманауи технология полиция қызметінің барлық саласын қамтиды. Цифрландыру сыбайлас жемқорлықты азайтуға, басқару буындары мен штат санын оңтайландыруға септігін тигізетін болады.
Полиция қызметін ғана емес, Ішкі істер министрлігінің басқа да құрылымдарына реформа жүргізіледі. Көшелердегі және басқа қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейін төмендету жөнінде шаралар қабылдау – реформаның басты тармақтарының бірі болып отыр. Себебі, азаматтардың жеке басымен мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Полиция жұмысы тиімділігінің негізгі критерийінің мәні осында. Аталған реформаны жедел іске асыру мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жол картасы қабылданды. «ІІО-ны жаңғырту және реформалау бойынша 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» 9 тараудан тұрады. 1-тарауы: «Ұйымдық–штаттық құрылымды оңтайландыру», 2-тарау: «Қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жақсарту», 3-тарау: «Кадрларды іріктеу және даярлау, ведомстволық білім беруді жаңғырту», 4-тарау: «Тән емес функцияларды қызметтен алып тастау», 5-тарау: «Халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтары», 6-тарау: «Бағалаудың жаңа өлшемшарттарын енгізу», 7-тарау: «Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою», 8-тарау: «Қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту», 9-тарау: «Азаматтық қорғау органдарын жаңғырту» деп аталады.
Ішкі істер органдарын жаңғырту және реформалау жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруда Түркістан облысының Полиция департаменті де арнайы жоспар жасап, реформа талаптарын орындау ісінде белсенділік танытуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет»,– деп шегелеп айтқан болатын. Түркістан облысы полиция департаментінде де2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын оңтайландыру туралы жол картасын тиісті деңгейге жүргізуде.
2019 жылдың 27 наурызында полиция-генерал майорының халықпен кездесуі өтті. Ол облыс, қала тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың сұрақтары мен көкейіндегі мәселелеріне баса назар аударды. Бұл үрдісті облысымызға қарасты барлық қала, аудан Полиция бөлімдерінің басшылары жалғастырып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға ерекше көңіл бөліп келеді.Осы жылдың 25 ақпанынан бастап қалың жұртшылықтың, қарапайым халықтың құқық қорғау қызметіне байланысты мәселелерін санаулы уақыттарда шешіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «фронт-кеңселер» ашу қолға алынды. Ең алғашқы заманауи фронт-кеңседепартаменттің жанынан ашылды.Оған бүгінге дейін 526 адам келіп, тиісті көмектерін алды. Түркістан облысына қарасты Полиция бөлімдері жанынан қосымша фронт-кеңселерді ашу қарқынды түрде іске асырылып келеді. Маусым айының өзінде Келес, Жетісай, Мақтаарал АПБ-де осындай нысандар ашылып, полицейлер халыққа біртабан жақындай түсті. Сонымен қатар, Жол патрульдік полициясына бейнетіркегіштерсіз жол бойында тұруға тыйым салынды. Оларға планшеттер үлестіріліп, хаттамалар толтыруда электронды жүйеге көшті. Қорыта айтқанда, ішкі істер органдарын жаңғырту мен реформалау ісі Түркістан облыстық Полиция департаменті мен оның бөлімдерінде басты назарға алынып, нақты іс-шаралар бойынша іске асырыла беретін болады.

Балтакесті ӨТЕБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*