Жедел басқару – жоғары нәтиже кепілі

Күні-түні ұйықтамай тұрғындардың тыныштығы мен амандығы үшін тер төгетін полиция қызметкерлерінің орны қашанда ерекше. Сол себепті де кез келген ірі қаланың негізгі мәселелерінің бірі – бұл оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Біздің елордамыз дамыған сайын бұл мәселенің маңыздылығы да артып келеді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жедел басқару орталығының қызметімен танысып қайтқан болатынбыз.
Нұр-Сұлтан қаласында Жедел басқару орталығы ҚР Үкіметінің құқық қорғау органдарын техникалық қайта жарақтандыру бойынша бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 1999 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет атқарып келеді.
Жедел басқару орталығын құрудағы ең басты міндет қылмыспен күрестің тиімділігін арттыру. Орталық ішкі істер органдары құрылымындағы техникалық жетілдірілген бөлініс ретінде, қылмыстар мен оқиғалар туралы «102» арнасы арқылы келіп түсетін ақпаратты қабылдау, өңдеу, тіркеу және сақтау, сондай-ақ, сол бойынша қол астындағы полицияның кешенді күштерін жұмылдырып жедел әрекет жасауды қамтамасыз ету, қылмыстардың кезекші тәулік ішінде ашылуына шұғыл шаралар қабылдау болып табылады. Сонымен қатар елорданың жедел жағдайын талдау және бағалау, қылмысқа қарсы тұру шаралары бойынша ұсыныстар әзірлеу, полицияның кешенді күштері жасақтарына уақтылы түзетулер енгізу және қаланың криминогенді жағдайына бақылау жүргізу де осы орталықтың міндетіне кіреді.
Нәтижесінде жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға патруль жасақтарының ден қою уақыты едәуір қысқарып, сырттай бейнебақылау жүйесінің көмегімен қаланың жедел ахуалына, соның ішінде көше қылмыстарына тәулік бойы бақылау жүргізуге қол жеткізілді. Орталықтың техникалық мүмкіндігін пайдалану арқылы бүгінгі күнде ПД-нің қызметкерлерінің, жедел-тергеу тобы мүшелерінің оқиға орындарында біріктірілген дерекқор арқылы, байланыстың қазіргі заманғы арналары бойынша қажетті жедел ақпарат алу мүмкіндігі бар.
Нұр-Сұлтан қаласының Жедел басқару орталығы азаматтардың арыздары мен хабарламалары бойынша жасырып қалу және қағазбастылық деректерін жою мақсатында қылмыстар мен оқиғаларға жедел ден қою шараларын жоғарылату бойынша ҚР Президентінің бағдарын ескере отырып құрылғанын атап өту қажет. Бұл ішкі істер органдары құрылымындағы жоғары техникалық мүмкіндіктері бар жалғыз бөлініс болып табылады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Жедел басқару орталығында 170-ке жуық қызметкер қызмет атқарады. Оның ішінде басшы құрам, жедел кезекшілер, кезекші-аға инспекторлар және «102» операторлары кіреді.
«Негізінен Жедел басқару орталығының жұмысы «102» арнасы арқылы келіп түсетін хабарламаларды қабылдаудан басталады. Полицияның «102» арнайы желісі толық автоматтандырылған – қоңырау келіп түскен кезде оператордың компьютерінде қоңырау шалып тұрған адамның телефон нөмірі көрініп тұрады. Қоңыраулар автоматты түрде аудиожазбаға жазылып, қажет болған жағдайда, жазбаларды дауысты теңдестіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы ретінде, егер де қойылған жарылғыш құрылғылар туралы жалған қоңыраулар түскен жағдайда оны анықтауға мүмкіндік бар», – дейді бейнебақылау кезекші-инспекторы, полиция капитаны Ардақ Берікханқызы.
Жедел басқару орталығына «102» арнасы арқылы орта есеппен тәулігіне 2000-2500 қоңырау келіп түседі. Ал бір «102» операторы тәулігіне 250-300-ге жуық қоңырау қабылдайды. 2019 жылдың 7 айында «102» пультіне барлығы 366305 қоңырау келіп түскен. Оның ішінде қылмыстар туралы хабарламалар – 23075, құқық бұзушылық пен оқиғалар туралы хабарламалар – 92039, ақпаратты-анықтамалық сипаттағы хабарламалар – 151191.
«102» арнасы арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар, қылмыстар және оқиғалар туралы барлық хабарламаларға, оның сипаты мен ауырлығына және жасалған уақытына қарай қолдағы полиция кешенді күштерінің жасақтары бағытталады. Оларға учаскелік полиция инспекторлары, автопатрульдер, жаяу жасақтар мен кезекші жедел тергеу топтары кіреді.
«Елордадағы қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Жедел басқару орталығына жүктелген ең маңызды талаптардың бірі – ол полицияның кешенді күштерінің қызметіне бақылау жүргізу. Орналастыру жоспарына сәйкес Жедел басқару орталығы гарнизон бойынша қоғамдық тәртіпті қорғауға түскен барлық жасақтарды басқарады. Осы мақсатта тиімді басқару және бақылау үшін қаланың электронды картасының мүмкіндіктері пайдаланылады. Бүгінде тек Нұр-Сұлтан қаласының Жедел басқару орталығында электронды картасында 40-тан астам қабат бар. Онда тек полицияның барлық жасақтарының патрульдеу бағдарлары ғана көрсетілмейді, автопатрульдер, жаяу патрульдер, стационарлық бекеттер және қаланың тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ бейнебақылау камераларының орналасуы бейнеленген», – дейді полиция аға лейтенанты Рамазан Шаймерденов.
Жедел басқару орталығының тағы бір техникалық жетістігінің бірі «GPS» ғаламдық позициялау жүйесі және «Tetra» сандық радиостансасының көмегімен жасақтарды бақылау мүмкіндігі. Қазіргі уақытта полицияның сыртқы күштерінің барлық жасақтарын навигатор-инспекторына спутниктің көмегімен орналасқан жерін, патрульдік автокөліктердің жүру жылдамдығын анықтауға, орын ауыстыру және берілген күштерді басқару бойынша едәуір оңтайлы басқару шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін аталған жүйенің 131 эксклюзивті жинағы орнатылған.
Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы қосымша міндетті сырттай бейнебақылау жүйесі атқарады. Бастапқыда елордамызда камералар қорғаудағы тұлғаларды сүйемелдеу мақсатында орнатылған болса, кейіннен олар республикада алғаш рет бейнематериалдарды қылмыстарды ашу үшін белсенді түрде пайдаланыла бастады. Артынша Нұр-Сұлтан қаласының Жедел басқару орталығы тәлімінде бұл тәжірибені басқа Жедел басқару орталықтары қолдана бастады.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 7 мыңнан астам сырттай бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. 2019 жылдың 7 айында бейнебақылау жүйесінің көмегімен 714 қылмыс орын алған. Соның ішінде 4 қарақшылық, 45 тонау, 74 бұзақылық, 179 ұрлық, 30 көлік айдап әкету және де 31942 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Ал тәулігіне бейнебақылау жүйесінің көмегімен орта есеппен 150-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық және 1-2 қылмыс тіркеліп, ашылады екен. Сырттай бейнебақылау жүйесімен орындалатын кешенді тапсырмаларға, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымын бұзу деректерін анықтау да жатады.
Тәртіп сақшылары қай кезде де елдің есендігі, мемлекеттің бейбітшілігі үшін қызмет етуге даяр. Олардың әрқайсысы сындарлы сәтте нағыз қаһарманға лайық ерлік танытады. Жедел басқару орталығының қызметкерлері де тәулік бойы ел тыныштығы жолында күресіп, қызмет етуге даяр екендіктерін жеткізді.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суреттерді түсірген Болат КАМАНОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*