Атпен серуен – дертке дауа

Ақмола облысында атты полиция патрулі қылмыстарды ашуға ғана емес, БЦП-ға шалдыққан балаларды оңалтуға да көмектесуде.
Ақмолалық полицейлер БЦП ауруымен ауыратын балаларға иппотерапия бойынша сабақтар ұйымдастыруда. Мұндай іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарының жүрегінде қызу үн қосты.
«Черкез» және «Ричард» атты қызметтік аттар балалардың сүйікті серіктеріне айналды десе болады. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінгендей – бала отырғанда, бірден тік тұра қалады. Одан соң баяу баппен қозғалады. Бұл жерде психологиялық компонент өте маңызды – бала қуаныш сезімін сезінеді, қорқынышты жеңеді, жағымды эмоциялар алады. Оған қоса біз көмектесеміз…»,– деп атап өтті атты взвод полицейі.
Иппотерапиямен емдеу тиімділігі ғылыми дәлелденген және көптеген елдерде нәтижелі қолданылып келеді. Жылқы биополясының арқасында науқастың бұлшық ет тонусы төмендеп, тірек-қимыл аппаратының жұмысы қалпына оралады. Атқа отырған адамның барлық бұлшық еттері іске қосылып, қозғалыстың өлшемдік ырғағы бүкіл ағзаға жағымды әсер етеді.
«Полицейлер балаларды емдеуде көмек көрсетуге дайын. Балаларға арналған иппотерапия бір рет қана өткізіліп қоймайды. Біздің шешім бойынша «Мейірім» балалардың дамуын түзету орталығы» КММ мен №4 ОСКШИ арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Енді балалар аптасына екі рет ат ауласына барып, атқа мініп, серуендеп, емдік шаралардан өте алады», деді Көкшетау қаласы ПБ бастығы, полиция полковнигі Жанат Ешімов.
3 маусымынан бері қолға алынған бұл уағдаластық аясында атты полиция қызметкерлері «Мейірім» балалардың дамуын түзету орталығы» КММ балаларымен бірге иппотерапия бойынша 16 сабақ өткізді. Ата-аналар мен орталықтың қызметкерлері тәртіп сақшыларына олардың проблемаларына немқұрайлы қарамағаны үшін және емші-жануарлармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін тудырып, мүгедек балалардың белсенді өмірге оралғаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, каникул кезеңіне байланысты, жаңа оқу жылынан бастап №4 «Облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының» балалармен де сабақтар өткізіле бастамақ.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*