Полиция жұмысқа шақырады

Шымкент қаласының Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері 31 шілде күні М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және М.Сапарбаев атындағы институт басшыларымен, кафедра меңгерушілерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Шымкент қаласының Полиция департаменті бос лауазымдарға конкурс жариялайтыны айтылып, бітіруші түлектер конкурсқа қатысуға шақырылды. Құқық қорғау органдарының қатардағы орта басшы құрам лауазымдарына – 35 жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери борышын өтеген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған, резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.
Ниет білдіруші үміткерлер конкурс жарияланғанға дейін Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеуден өтетіні және олардың қызметке жарамдылығын айқындау үшін Ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық және психо-физиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтіп, ол туралы анықтаманы Кадр саясаты басқармасына тапсыру керектігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, 2019 жылдың шілде айынан бастап Жергілікті полиция қызметі басқармасына бағынысты жол-патрульдік полиция полкінің жалақысы 65 пайызға, жедел іздестіру-тергеу бөлімдерінің жалақысы 55 пайызға, учаскелік полиция инспекторларының жалақысы 25 пайызға және басқа да Ішкі істер органы қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көтерілгені атап өтілді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысын республикалық бюджет есебінен төленіп отырғаны және 2019-2020 жылдарда жергілікті бюджетке қарайтын қызметкерлерге тұрғын үй өтемақысының төленуі жоспарланып жатқандығы, полиция қызметкерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқылы екендігі айтылды.
Кездесу соңында, Шымкент қаласының Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері жоғары оқу орнының түлектеріне қосымша ақпарат алу үшін хабарласа алатынын ескертіп, байланыс мәліметтерін қалдырды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*