Абаттандыру – қала көркі

Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары абаттандыру ережелерін бұзбауды ескерту мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Петропавлда полицейлер бір айдың ішінде абаттандыру ережелерін бұзған 407 қала тұрғынына ескерту жасаған.
Шара барысында олар абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты көзделген жауапкершіліктер туралы түсіндірді. Негізгі назар – осы заңмен көзделген жауапкершілікті түсіндіру.
Тұрмыстық және құрылыс қоқысының жиналып қалуы, ластанған суды төгу, шөпті уақтылы шаппау – абаттандыру ережелерін бұзуға жатады. Қалаға кірер жол мен қаланың орталығы бастамашыл қала тұрғындарының қатысуымен өтетін сенбіліктер мен эко-челлендждер арқасында таза әрі жайлы боп тұр. Бірақ, Петропавл қаласының шеткі аудандарының жағдайы көңіл көншітерлік емес. Мәселен, рейд барысында дүкендер мен кәсіпорындар қасбетіне, дүкендер маңындағы қоқыстан бөлек, ескірген маңдайшалар, оңып кеткен бояу реңктеріне баса көңіл аударылды. Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Нұржан Қожағұловтың айтуынша, абаттандыру ережелерін бұзуды анықтау – қаланың 13 учаскелік полиция пунктіндегі полицейлердің міндеті. Жыл басынан тәртіп сақшылары әкімдіктің өкілдерімен бірлесе отырып, абаттандыру желісі бойынша 40-тан астам рейд өткізді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 505-бабында «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша ескерту көзделген. Алайда, бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанып жасалса, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Петропавл қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметінің ақпараты бойынша жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты 2 248 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, ескерту берілген. 2168 құқық бұзушы ескерту түріндегі жауапқа тартылды, оның ішіндегі 80 азаматқа айыппұл салынды. Шілде айында 437 құқық бұзушы анықталды, оның 407-не ескерту жасалды. Осы орайда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері тазалық пен тәртіпті бұзушыларды анықтау мақсатындағы рейдтер тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.

СҚО ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*