Ақтөбедегі үздік полицейлер

Ақтөбелік полицей Дастан Сұлтанғалиев «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық байқауынан 4-орын иеленді.
Жуырда елордамызда «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталған еді. Байқау барысында еліміздің 195 мыңнан астам тұрғыны әлеуметтік желі арқылы үздік инспекторларға дауыс берген болатын. Осы байқауда төртінші орын алғаны үшін Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Дастан Данашұлы Сұлтанғалиев «Полиция капитаны» атағы мен 2 лауазымдық еңбекақы көлемінде сыйақымен марапатталды.
Дастан Сұлтанғалиев ішкі істер органдары саласында 2003 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол қазір Ақтөбе қаласындағы №12 шағын аудандағы учаскеде инспектор. Өз аумағында тұрғындармен жақсы тіл табысып, олардың тілек-өтініштеріне дер кезінде құлақ асып, өзінің елгезектігімен, жауапкершілігімен ортасына сыйлы.
Дастан 2019 жылдың 5 айында «ізі суымай» 7 қылмыстық істі ашып, 352 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесіпті. Жуырда ғана адам көп шоғырланатын Тұңғыш Президент саябағы маңында автокөлікті сканермен ашып, көлік жүргізушісінің барсеткасын ұрлап бара жатқан күдіктіні байқап қалып, оны дереу 200 метрдей жерге дейін соңынан қуып, ұстап алған. Осылайша, ұрыны құрықтап, қылмыстың алдын алды.
Дастан Данашұлы әркез адамдарға қолұшын беруге даяр тұрады. Әбілқайыр хан даңғылындағы көп қабатты үйде өрт оқиғасы болғанда 6-қабаттағы пәтердің тұрғыны өрт шығып жатқан кезде сандығында үй сатып алуға 5 миллион теңгедей қаржыны тірнектеп жинағанын, енді оны өрттен қалай алып шығатынын білмей тұрғынын айтып, көмек сұраған еді. Дастан сол кезде қол ұшын беріп, өртке қарамастан, 6-қабаттағы пәтерге кіріп, жалын шарпыған сандықтан ақшасын аман алып берген болатын. Тұрғын Дастанға шын көңілден ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
«Біздің жұмысымыз – адамдарға осындай сәттерде қол ұшын беру. Адамдарға көмектесу – біздің парызымыз. Көптің алғысын алған ең үлкен мәртебе деп санаймын. Маған өз жұмысым ұнайды. Адамдармен тіл табысып жұмыс жасау керек. Жұмыста төзімділік пен сабырлылық, өзара түсіністік болуы қажет», – дейді полиция капитаны Дастан Сұлтанғалиев.
Дастан жұбайымен төрт бала тәрбиелеп отырған отағасы. Үлкені Айтолқын әкесінің мамандығын мақтан етеді. Ол бүгінде колледж студенті. Жұбайы да күні-түні дамылсыз тыным таппайтын полицей жұмысына түсіністікпен қарап, қолдау танытады.
Дастан Сұлтанғалиевты әріптестері, әсіресе жас учаскелік инспекторлар үлгі тұтады. Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының учаскелік инспекторы Мейірбек Уаисов жас маман ретінде осы байқау аясында елордаға барып қайтты. Ақтөбе заң колледжін аяқтаған соң 2015 жылдан бері учаскелік инспектор болып еңбек етуде.
«Елордада учаскелік инспекторларға арналған семинар болды. Жұмысты жақсартуға бағытталған көптеген жаңашылдықпен таныстық. Өз ұсыныстарымызды айттық. Бұл республикалық байқау тәртіп сақшыларына үлкен серпіліс берді деп ойлаймын», – дейді полиция капитаны Мейірбек Уаисов.
Мейірбек жас та болса алғыр, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Өз аймағындағы тұрғындармен тіл табыса біледі. Ай сайын «Ауылда қабылдау» шарасы аясында тұрғындармен кездесу өткізіп, талап-өтініштеріне құлақ асады. Мейірбектің өз жұмысына деген ынтасын көріп еліктеген Қандыағаш қаласының жас тұрғыны қызығушылықпен Қарағандыға жоғары оқу орнына түскен екен.
Учаскелік инспекторлар Дастан Сұлтанғалиев пен Мейірбек Уаисов өз ісіне адал берілген, жауапкершілігі мол, қайырымды да іскер азаматтар. Ел сенімін ақтау, көпшілікпен тіл табысу, өз учаскеңде құқық бұзушылықтардың алдын алу үлкен міндеттер жүктейді. Ал, олар – сол жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшылары.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*