Ерлікке лайық қадам

Қызметтік машығы өмір салтына айналып кеткендігінен болар, азаматтық қорғау қызметкерлері адамдарды құтқаруға қай уақытта да әзір жүреді. Соның бір дәлелі Қостанай облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ қызметкері, азаматтық қорғау майоры Асхат Кущегуловтың ерлікке лайық әрекеті.
Оқиға 2019 жылдың 16 шілдесі күні болды. Күн ыстық болатын. Бұл күні Асхат Сүйімбайұлы Қарасу ауданына іссапарымен барып, қайтып келе жатқан уақыты болатын. Әулиекөл-Сұрған тас жолында Әулиекөл ауылынан 40 шақырым қашықтықта өзінен 700 метрдей жерде шағын автобустың бірнеше рет айналып, жыраға құлап кеткенін байқайды. Бұл Алматы қаласынан Челябинск қаласына демалуға бара жатқан Букреевтер отбасы болатын. Асхат көлікке жүгіріп жеткен бойда қозғалтқыш бөлігінен шыққан түтінді байқайды. Салонның ішінде қауіпсіздік белдігінен босай алмай жатқан ер адамды көреді. Тез-тез қимылдап, аяғымен артқы есіктің терезесін сындырып, ішке кіреді. Алдымен белдікті босатып ер адамды, одан соң әйелді сыртқа алып шығады. Осы уақытта өтіп бара жатқан көліктер де көмекке келіп үлгерген еді.
Біздің қызметкер тез арада жедел жәрдем және полиция қызметіне хабарласады. Дәрігерлер келгенше өзі қолда бар заттармен алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Парамедиктер курсында оқыған Асхат үшін еш қиын емес еді. Жәбірленушінің басына бинтті байлап жатқанында «Жігіттер сендердің жұмыстарың қандай ауыр еді. Оны қиын жағдайға тап болғанда ғана түсініп жатырмыз» деген екен. Сол қарбалас кездерді батыр әріптесіміз қазір күліп еске алады.
В.Букреев жұбаймен бірге ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Владимир Беккердің атына хат жазып, Асхат Сүйімбайұлына деген шексіз ризашылықтарын білдіріпті. Сондай-ақ, басшылықтан дәл осы қызметкерді марапаттауларын өтініпті. «Құрметті Владимир Робертович! Сіздің қызметкеріңіз, майор Кущегулов Асхат Сүйімбайұлы мені және менің әйелімді 2019 жылдың 16 шілдесінде болған жол апаты кезінде құтқаруда жедел және білікті көмек көрсеткені үшін Сізге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Осы қызметкерді ынталандыруыңызды өтінемін» делінген хатта. Олар қиын шақта көмекке ұмтылған азаматтығы мол жанды кездестіргендеріне қуанышты екендерін жасырмайды. Тіпті Алматы қаласына қонаққа шақырған.
Азаматтық қорғау майоры Асхат Кущегулов Қостанай облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ-де тергеу-сынау өрт зертханасының бастығы болып жұмыс істейді. Азаматтық қорғау майоры атағы бар. Үйленген. Ұл тәрбиелеп отырған әке. Жұбайы Мадина мен ұлы Асан әрдайым оны асыға күтіп отырады. Жұмысы өте қиын екенін түсінеді. Ал Асхаттың өзі бұл қызметте кез келген уақытта көмекке келуге дайын адамдар өте көп екенін айтады.

Қостанай облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*