Автожолдардағы айрықша бақылау

Ақмола облысының Полиция департаменті және Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жүргізушілер арасындағы жол тәртібін сақтау, жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында «ҚазАвтоЖол» көліктік бақылау инспекциясының өкілдерімен бірлесіп Ақмола облысындағы автожолдарда бақылау жүргізді.
Жүргізушілерде тиісті құжаттардың болуына, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауына, жүргізушілердің рейс немесе ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуіне және тағы да басқа құжаттарға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, «Петропавл – Нұр-Сұлтан» автожолында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ, Көліктік бақылау және денсаулық сақтау инспекциясы өкілдерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыратын уақытша полиция бекеттері қойылды. Сондай-ақ, апатты-қауіпті учаскелердің карталары, демалыс орындары, сервистік қызмет көрсету орындарының ережелерін түсіндірген буклеттер мен жадынамалар таратылды.
– Ақмола облысының жолдарында апатты жағдай орын алуда. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен байланысты. Атап айтар болсақ, жылдамдық режимін сақтамау, қарама-қарсы бағытқа шығу, көлікті мас күйде жүргізу және тағы да басқа жол ережелерін өрескел бұзуға жол беруде, – деп атап өтті ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ризахмет Жанбеков.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс аумағында 281 ЖКО тіркелді. Соның нәтижесінде 34 адам қаза болып, 390 адам түрлі жарақат алған. Мас жүргізушілердің кінәсінен 24 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапса, 31-і түрлі жарақат алды.
Тағы бір тоқталып өтетін мәселе, Көкшетауда зияткерлік бейнебақылау жүйесінің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6700-ден астам фактісі анықталды. Бес жылдан бері Көкшетау қаласының 6 қиылысында «ақылды қиылыстар» жұмыс істейді. Тәулік бойы жылдамдық режимін арттыру, бағдаршамның қызыл сигналынан және тоқтау сызығынан өту сияқты ЖҚЕ қасақана бұзғандар тіркеледі. Содан кейін жол қозғалысы ережесін бұзған көлік иесіне пошта арқылы хаттама мен фотосурет жіберіледі. Ал зияткерлік қиылыстардағы ақпарат өңдеу үшін департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығына жіберіледі.
Осы жылдың алты айында Көкшетау қаласының Уәлиханов көшесі – Н. Назарбаев даңғылы, Н. Назарбаев даңғылы – Әуелбеков көшесі, Н. Назарбаев даңғылы – М. Әуезов көшесі, Ш. Уалиханов – Кенесары көшелері, Ш. Уалиханов көшесі – Абылай хан даңғылының зияткерлік қиылысында жылдамдық өлшегіштің арқасында 6741 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде тоқтау сызығынан өту – 635, бағдаршамның қызыл сигналына өту – 86, жылдамдық режимін сақтамау – 6020 факт.
Жол жүру ережесін бұзуға жол берген автоәуесқойларға 53 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Жол ережесін бұзған жүргізушілердің мекенжайына бейнефиксация мен айыппұлдың сомасы көрсетілген хаттама жіберілді. Жүргізуші ескертуді алғаннан кейін айыппұлды ерікті түрде 40 күннің ішінде төлеу керек. Ал егер берілген уақытта айыппұлды төлемеген жағдайда барлық материал сот орындаушысына беріледі.
Осы кезеңде республикалық маңызы бар тасжолдар, сондай-ақ, жазғы демалыс орындарына апаратын автожолдар ерекше бақылауда. Полицейлер мен құзырлы қызметтер апаттық-қауіпті учаскелерге, сондай-ақ, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге қосымша тексеру жүргізді.
Ақмола облысында орын алған тағы бір қылмысқа тоқталар болсақ, полицейлер есірткі затын сатқан күдіктіні құрықтады. Жедел уәкілдер жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде Степногор қаласының 46 жастағы тұрғыны қолға түсті. Ол 1,5 келіге жуық гашиш есірткісін сатқан. Кейін күдіктінің тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту жүргізу кезінде полиция қызметкерлері ұнтақ тәрізді консистенциялы заттар бар 52 орама қағаз тауып алып, сараптамаға жіберді. Есірткі заттарын өткізу фактісі бойынша ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі («есірткі заттарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе сату») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жыл басынан бері Ақмола полицейлері 84 есірткі қылмысын, оның ішінде 76 сату, аса ірі көлемде есірткіні сақтаудың 4 фактісін анықтады. Өңір аумағында 3 есірткі притоны жойылды. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің арқасында заңсыз айналымнан 49 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

Дайындаған Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*