Білікті кадрдың берері мол

Технология дамып, ақпараттың ағымы қарқын алған заманда қауіпсіздік шараларын да күшейтілген түрде жүргізу қажет. Осыған байланысты өткен жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ішкі істер министрлігін реформалау орын алуда. 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қоғамның талаптары есепке алына отырып, шетелдердің үздік деп танылған тәжірибелері арқылы «Ішкі істер органдарын жаңғырту жол картасы» іске қосылды.
Бағдарлама аясында полиция қызметінде біршама игі өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, адамдардың құқық қорғау органдарына жүгінуі оңай болуы үшін полиция жұмысы сервистік үлгіге ауысатын болады және Қазақстанның барлық аймағына қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен қамтамасыз етіледі, яғни тек ірі қалалар ғана емес ауыл-аймақ та назардан тыс қалмайды. Бұл қылмыстың алдын алуға, сонымен бірге, полиция қызметкерінің қарапайым халықпен еркін қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде және күнделікті қимыл қозғалысқа ыңғайландыра түсу үшін жаңа нысаналы киім үлгісі де ұсынылды.
Жаңғырту жол картасының басты мақсаты – құқық қорғау органдарына реформалау жұмыстарын жүргізу. Бұл қазақстандық полиция тарихындағы ең үлкен реформа болмақ. Қоғамға жаңашылдық сипат беріп, құқық қорғау органдары қызметінің барынша ашықтығын дамытуға, кәсібилік деңгейді арттыруға үлкен үлес қосады.
Елбасының тапсырмасымен полиция қызметкерінің жаңа стандарты бекітілді және полиция академиясы арқылы кадрлар дайындау және іріктеу тәртібіне өзгертулер енгізілді. Осыған орай оқу процесіне толықтырулар болып, жаңа сабақтар қосылды. Қазіргі таңда құқық қорғау қызметіне қабылданатын үміткер бірінші кезекте полиция қызметкерін даярлайтын оқу орындарында білімдерін жетілдіруі тиіс. Бүгінде оқу орталығында ағымдағы жылдың екінші ауысым тыңдаушылары жаңа үлгіде білім алуда. Жан-жақтылық, шапшаңдық, жинақылық, салқынқандылық сынды қабілеттерді жетілдіру мақсатында халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтары, туристік полиция құрылымы, сервистік жүйе арқылы жұмыс істеу, заманауи технологияларды қызмет барысында пайдалану жұмыстары игерілуде.
Кадр саясатын оңтайлы жүргізу үшін білікті маманның жан-жақтылығы – заман талабы. Сол себепті теориялық білімді тәжірибеде пайдаланудың маңыздылығы зор. Тыңдаушылар тек Оқу орталығының қабырғасында ғана емес, МКҚ құрылымдарының құқық қорғау органдарымен және құқықтық тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдармен өзара бірлесе отырып сабақ өтуде. Мұндағы алғашқы мақсат – полицияның ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа форматы, яғни фронт-кеңселерде жұмыс істеу үшін қабілеттілікті арттыру. Сондай-ақ, халыққа қызмет етуге тиісті болашақ құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстылықпен күрес және оның алдын алу шаралары, қылмыстық жазалар және әкімшілік жазаларды орындау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру сынды істерді меңгереді.
Ішкі істер органдары өз ішінде біршама құрылымдарға бөлінетіндігі белгілі. Осыған байланысты құқық қорғау саласын таңдаған болашақ офицерлер ішкi iстер органдарының бірыңғай жүйесi полиция, қылмыстық атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Ұлттық ұлан, азаматтық қорғау органдары туралы толыққанды ақпарат алып, алдағы қызметінің қыр-сырымен танысады. Тыңдаушы алдағы уақытта ішкі істер саласының қай бағытында қызмет атқаратынын, өз қызығушылығын анықтауымен қатар, сол салаға қатысты қажетті білім алады. Бұл Оқу орталығының қабырғасында тыңдаушы өзінің кім болатындығын, қай салада қызмет ететіндігін анықтайды деген сөз.
Бүгінгі таңда кез келген маманның бойынан жан-жақтылық пен іскерлік қасиет бірінші кезекте орын алады. Сондықтан Оқу орталығындағы оқу процесі ішкі істер органы қызметкерлерінің кәсібилігіне, біліктілігіне, адамгершілік пен моральдық келбетіне жоғары талаптар қойып, осы бағытта жұмыс істейді. Жаңа бағдарлама бойынша тәжірибелік сабақтардың саны артып, оқытушылар бағыт-бағдар беруші деңгейінде жұмыс атқаруда. Яғни тыңдаушы берілген мәселеге байланысты өз тұжырымын шығару үшін өздігінше ізденіп, мысалдар келтіруі қажет. Ол үшін оқу процесінде қажетті барлық жағдай жасалған және білікті оқытушылар әр тыңдаушының қабілетіне қарай әдіс-тәсілдерді қолдана біледі.

Әлібек МЕДЕТОВ,
Б. Момышұлы Оқу орталығы
«Арнайы пәндер» циклының оқытушысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*