Қарауылда – қайсар сақшылар

Бүгінгі бейбіт күнде Ұлттық ұлан жауынгерлерінің міндеті – қарауыл қызметі. Олар түзеу мекемесінде өз жазасын өтеп жатқан сотталғандарды күзетеді.
Қарауыл қызметі – жауынгерлік тапсырмаларды орындаудың бір түрі. Бұл қызметке әркімнің қолы жете бермейді. Сондықтан командирлер қарауылға түскен сарбазға ерекше назар аударады.
Әрине, қарауылға түсер алдында бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. Бұл іріктеу барысында әр сарбаздың психологиялық хал-жағдайына аса мән беріледі. Себебі, осы қызметте, постта қарумен тұрған кезде ауа райына да, басқа жағдайға да қарамайтын кездер болады. Сақшы әрқашан кез келген қиын жағдайға дайын болуы керек.
Ол үшін жауынгерлік тапсырмаға барар алдында қарауыл қалашығында дайындықтың барлығы практика жүзінде өтеді. Мұнда әр жас жауынгерді әбден үйретіп, жаттықтырады.
Сондықтан олардың қызметі айрықша қырандай қырағылықты, сауысқандай сақтықты қажет етеді.
Жуырда кезекті іссапар барысында бұл іске тікелей жауапты капитан Мұрат Есіркепов басқаратын 1-ші атқыштар ротасының жауынгерлері арасында болдық. Олар өздеріне бекітіліп берілген түзеу мекемесін күзету барысында қырағы да тыңғылықты қызметтерімен көзге түсуде.
Жауынгерлер Ақтөбе шаһарындағы еңбекпен түзету мекемесін күзетеді, яғни, қарауылдық қызметін атқарады. Осынау қиын да жауапты істі атқару барысында сақшылар төзімділік пен ерліктің, қайсарлықтың үлгісін танытып, бар күш-жігерін осы жолда сарп етуде.
Жауынгерлеріміз қыстың қақаған аязы мен боранында, аптапты жаз бен суық, нөсерлі күзде, жауынды, жайсыз көктем мезгілінде күзет мұнарасында тік тұрып нысанды күзетіп, сотталғандардың қашып кетпеуін қадағалайды.
Атап айтқанда, күзет мұнарасында тұратын сақшының әрқайсысы күзетшінің дербес құқыққа ие адам екендігін терең ұғынады. Күзетшінің құқығы, жеке бастарының заңмен ерекше қорғалатынын түсінген олар жарғы талаптарын жатқа біледі. Бекітілген нысанды қорғау және күзету үшін жауынгерлік міндеттерін атқаруға тиісті күзетші сарбаздар өздеріне тапсырылған жауынгерлік қызметті мүлтіксіз орындауда.
Рота командирі, капитан Мұрат Есіркепов қарауыл жеке құрамын жасақтауға және олардың жауапкершілігіне баса мән береді. Жеке құрам қызметке кіріспей тұрып, тынығып, жарғымен танысып, қарауыл қалашығында жаттығады. Әскери қызметке дайындық өзіндік сынақ тапсыру арқылы өтеді.
Ал әскери бөлімде таралым өткеннен кейін қарауыл мен тәуліктік жасақ өз қызметтеріне аттанады. Сол орайда қарауыл бастығымен бірге қарауыл нысанына барып, сол жерде тәулік бойы қызу әскери жауынгерлік қызметке кіріседі.
Біз күзет нысанына жеткен кезде қарауыл ауысымы бес қаруын асынып, кезекшілікке түскелі тұр. Осы кезде қарауыл құрамының жауынгерлік тапсырманы орындау барысын өз көзімізбен көруді ұйғардық.
6655 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбарсары, подполковник Денис Ча мырзаның бастауымен біз түзеу мекемесін қоршаған периметрдің бойымен жүріп келеміз. Қарауыл бастығының көмекшісі, кіші сержант Нұрбек Мұталиевтың басқаруымен жарғы талабына сай әр күзет мұнарасында тұрған күзетшілер кезекпен ауысып жатыр. Сарбаздар өз міндетін толық меңгеріп, машықтанып алғаны көрініп-ақ тұр. Күзетшілер ауысарда із бақылау жолағын мұқият қарап шығады. Әр тұста қоршау қабырғасына ескертпе тақтайшалары ілінген. Онда «Күзетші! Сақ бол. Осы жерден қоршауды бұзып шығу әрекеті болған» делінген жазу бар. Осындай ескертпелер сарбаздардан күзет тапсырмасын орындау барысында әрқашан қырағылықты естен шығармау керек екенін және күзетте тұрғанда өте сақ, мұқият болуын талап етеді.
Нұрбек әскери қызметке мерзімдік жауынгерлік міндетін адал атқарып, елге аман-есен оралғаннан кейін орналасты. Екі жылдық азаматтық борышын Алматы әскери қалашығындағы №7552 әскери бөлімде атқарды. Содан бері он екі жылдай уақыт өтіпті.
Кіші сержант Нұрбек Мұталиев өз міндетін жақсы атқарып қана қоймай, өзгелердің де сондай талапқа сай қызмет етуіне жауап береді. Себебі, ол бөлімше командирі. Өзі қызмет еткен уақыт ішінде міндетін абыроймен мінсіз атқарып келеді. Әскери жауынгерлік қызмет кезінде де қарауыл бастығының көмекшісі міндетін адал атқарып жүр.
Ал мұндай жауапты қызметті кез келген адам атқара бермейді. Егер әскердің әскери-жауынгерлік қызмет Жарғысындағы қарауыл бастығы көмекшісіне қойылатын талаптар мен атқаратын міндеттерін оқысаңыз, өзіңіздің де оған қөзіңіз жетеді.
Ал сержант Мейіржан Нысаналин жауынгерлік күзетшілік-операторлық міндетінің қандай маныздылығы бар екенін жақсы біледі. Ол қызмет барысында техникалық күзет құралдарының белгі қабылдау аппаратурасын, индикаторларды жіті қадағалайды. Өзіне келіп түскен мәліметті дереу жарғы талаптары бойынша тиісті жерге баяндайды.
Сондықтан болар, түзеу мекемесі күзетінің барлық байланыс пен кедергі құралдарының жүйесі тоғысқан осы басқару тетігінде операторлық қызметті сержант М.Нысаналин абыроймен атқарып, өз ісінің нағыз хас майталманы екенін дәлелдеп жүр
Өзінің қызметі жайлы қатардағы сарбаз Бектемір Титаев: «Мен Отан алдындағы азаматтық парызымды елдің қорғаны – Ұлттық ұлан қатарында абыроймен атқарып жатқанымды зор мақтан тұтамын.
Ұлттық ұлан – тәртіп әскері, бұл жерде борышын атқарған сарбаздар қызметтерін өткеріп болып үйлеріне қайтқаннан кейін де ешуақытта құқық бұзушылыққа жол берген емес. Мұнда командирлеріміз бізге әкеміздей қарайды. Киіміміз бүтін, қарнымыз тоқ күйде қарауылдық жауынгерлік қызметке сақшы боп түсеміз. Әр сақшы өзіне белгіленген аймақты қатаң бақылауға алып, 15-20 минут сайын қарауыл бастығына баяндаймыз», – дейді.
Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Отан – адамның түп-тұяғынан, ата-бабаларынан бері кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері. Қай елдің азаматы болса да, оған Отанынан қымбат, аяулы, қасиетті ұғым жоқ. Отан үшін қалтқысыз қызмет етіп, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген қырағы сақшылардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайтыны анық.

Ерболат СҰЛТАНОВ, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*