Еңбекпен жеткен мұратқа

Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов бізді орнынан тұрып, шырайлы жүзбен «Ассалаумағалейкум» деп қарсы алды. «Түрі игіден түңілме» деген ғой халқымыз. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жасар қария алдынан шығып қарсы алған ата салтымыз – рухани сабақтастығымыздың тамаша үлгісі.
«Адам сөйлескенше, ат кісінескенше», «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей іздеп барған кейіпкерімізбен тез тіл табысып, бұрыннан етене таныстардай әңгімелесіп кеттік. Ұлықбек 1975 жылы Шымкент қаласында тәртіп сақшысының көпбалалы отбасында дүниеге келген, отбасының кенжесі. Әкесі, екі ағасы, үш әпкесі және өзі, яғни бір отбасының өзінен бірнеше полиция қызметкері шыққан нағыз тәртіп сақшылары әулетінің ұрпағы.
Ұлықбек өзі аттас «Ұлықбек» орта мектебін 1993 жылы бітірген соң, «Адал еңбектің бәрі жақсы» деп үйреткен әке ұлағатының ықпалымен болашақ мамандығына даярлана бастайды. Өмірге келген соң мамандық таңдап, кәсіп иесі атану – әрбір жастың көкейкесті арманы екені даусыз. Алдыңа мақсат қойып, маман иесі атанбасаң, мынау өмір атты алып кеме толқын соққанда лақтырып тастауы мүмкін. Асыл мұратыңа еңбекпен ғана жетесің.

Маңғыстауда өткен маңызды кезең
Ол 1998 жылы әке аманаты мен ағаларына еліктеп, Ішкі істер министрлігінің Ақмола Заң колледжін, 2009 жылы Ішкі істер министрлігінің академиясын бітіріп, «Заңгер» мамандығын алған соң, Маңғыстау облысының Ішкі істер департаментіне жолдамамен барып, саналы ғұмырының 22 жылын сол облыстың құқық қорғау саласына арнады.
«Дарақ бір жерде көгереді» деген әке өсиетін мұрат тұтқан маман, Абай атамыз «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей, облыстық Ішкі істер департаментінде әкімшілік полицияның учаскелік аға инспекторлығынан Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы дәрежесіне дейін өсіп, мол тәжірибе жинақтады. Өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, есейіп, толысып, «жігіт ағасы» болып қалыптасты.

Туған жерге оралу
«Түркістан Ер түріктің бесігі ғой!» деп Мағжан ақын жырлағандай, жиырма екі жыл саналы ғұмырым Маңғыстауда, қасиетті Бекет ата әулиенің киелі топырағында өткеніне өкінбеймін. Ол жақта абыройсыз болған жоқпын, міне, енді туған өлкем Түркістанның Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы болып оралып отырмын», – дейді полиция полковнигі.
Түркістан облысында әртүрлі ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісінің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, қоян-қолтық араласып, бірлесе қызмет атқаруда. «Тәртіп сақшысы» мамандығы саласында да осы үрдіс қалыптасқан, түрлі ұлт өкілдері халық бірлігін сақтай отырып, халық қорғаны болуда.
Түркістандағы қызмет Ұлықбек Тұрғұнұлына бұрынғыдан да зор міндеттер жүктеді, алған тәжірибесін жастарға үйретумен қатар, бүкіл жергілікті полиция басқармасының жауапкершілігі мойнына жүктелді.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлықбек Тұрғұнұлы басқарған басқарма атқарған жұмысының цифрларын сөйлетсек, ұжымның жедел қызметінің қорытындысынан айқын көруге болады. Аталған жылы облыс аумағында 4647 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, ол өткен 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға азайған. Оларды қылмыс түрлерінің салаларына жіктегенде келесідей болған: қоғамдық орындарда болған қылмыс 2018 жылы 1228, ал 2019 жылдың осы мерзімінде 1073-ке қысқарған. Басқарма атқаратын міндеттер мен қызметтердің бастыларын халыққа таныстырудың маңызы зор. Бұл Президентіміз қойып отырған халықпен тығыз байланыстың бір қыры. Себебі, жаңадан құрылған облыстың орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты облыс жұртшылығы облыстық департаменттің құрамындағы басқармаларды және олардың міндеттері мен атқарар қызмет түрлеріне, айналысатын мәселелеріне тоқталудың мәні зор. Олардың бастылары мыналар: 1. Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары (профилактикасы); 2. Қоғамдық тәртіпті сақтау; 3. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету; 4. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істер өндірісін ашу; 5. Белгіленген әкімшілік аумақта жергілікті әкімшілік қойған тәртіп қорғауды қамтамасыз ету сияқты, т.б. міндеттер.

Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы
Екі облысты тең көрген, Маңғыстау мен Түркістан арасын қызметімен жалғаған Ұлықбек Тұрғұнұлы қызметтегі жетістіктерімен ғана үлгілі емес, жұбайы Асыл Тегізбаева екеуі үш қыз бала, екі ұл бала тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана. Роза Кәрімжановадай класс жетекшісін, аяулы ұстаздарын естен шығармайтын, полковник Қасым Мошанов, полковник Амангелді Қабылов сияқты тәлімгер ағаларын ардақ тұтатын азамат.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет», – деген еді. Ұлықбек Тұрғұнұлындай білімі мен білігі сай тәжірибелі мамандар полиция органдарына да, қоғамға да ауадай қажет. Тәжірибелі маман дайындауға қаншама жылдар алтын уақыттар қажет болады. «Іс тетігін кадр шешеді» деген осы болса керек. Сондықтан кейіпкерімізге алдағы уақытта да осындай еселі жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*