Өз мамандығының білгірі

Полиция подполковнигі Эльвира Тарғынова – бүгінде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығының кәсіби шебері.
Ол Мұғалжар ауданының Ембі қаласында орта мектепті бітірген соң, екі жыл қатарынан милиция мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына түсуге талпынып, үшінші жылы сол кездегі Ақтөбе заң колледжіне оқуға түседі. Кішкентай кезінен полиция болуды алдына мақсат етіп қойған ол табандылығы мен білімі арқылы арманына қол жеткізді. Оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын Мұғалжар аудандық Ішкі істер бөлімінде бастаған. Кейін Ақтөбе қаласының Зауыт, Сазды бөлімшелері мен қалалық басқармада еңбек етті.
«Алғашында жұмысымда тәлімгерлік көрсеткен ұстазым Серік Ұбайдоллаұлы Жаулыбаев болды. Ол 30 жылдан астам анықтаушы болып еңбек еткен, тәжірибелі маман. Жұмыста шыдамдылық пен ізденімпаздыққа, ең бастысы ерінбей-жалықпай, уақытпен санаспай еңбек етуге үйретті. Анықтаушы болу – өте жауапты міндет. Әр істі тергегенде қарапайым жайттарға да аса мән беріп, ең бастысы психолог болу керек. Бір істі ашу үшін көп уақытыңды сарп етуге, жалықпай ізденуге тура келеді.
Мәселен, адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы орнынан кінәлі жүргізушінің қашып кетуіне байланысты қылмыстық істі анықтаған кезім болды», – дейді кейіпкеріміз. Оқиға былай болған. Жас жігіт 2008 жылы қазіргі Нокин даңғылы бойында келе жатып, жол бойындағы жолаушыны қағып кетеді. Жолаушы оқиға орнында көз жұмады. Ал көлік жүргізушісі болса ресейлік көліктен өз құжаттары мен нөмірін алып, ізім-ғайым жоқ болады.
«Бізге кінәліні табу керек. Ең алдымен көліктің иесін таппаққа талпындық. Ол бірнеше рет сатылған болып шықты. Соңғы сатып алған адамды таптық. Ол жас жігітке сатқан болып шықты. Ол жігітті табу оңай болмады. Білгеніміздей, Ресей Федерациясының азаматы екен. Оқиға орын алған кезде шекара асып, өз еліне өтіп үлгерген болып шықты.
Екі айдай уақыт өтті. Ізденісіміз нәтижелі бола бастады. Күдіктімен достасқан баланың әкесін тауып, сол арқылы әңгіме барысында оның жолын кесуге шықтық. Біз ақыры күдіктіні анықтап, істі Ресейге бердік. Екі жақтың өзара келісімге келуімен іс шешімін тапты», – дейді Ақтөбе облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Эльвира Тарғынова.
Эльвира жұмысы өзіне өте ұнайтынын айтады. Бұл жұмыста ақыл мен зеректік, салқынқандылық, бастысы – жауапкершілік керек. Тәжірибесінен ұққаны – қазір технология дамыған сайын қылмыстың сипаты да өзгеріп, әсіресе, алаяқтық қылмысы жиілеген көрінеді. Бір жағы ішкі істер саласы да іс жүргізуде цифрландыру жүйесіне көше бастаған. «Электронды қылмыстық іс» секілді жаңа заманауи электронды форматта жұмыс істей бастаған. Оның тиімділігі – іс жоғалмайды, нақты уақытында тіркеледі.
«Жұмыс істеуге ынталы адам әркез өзін жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы керек. Бүгінде ішкі істер саласында реформалар жүріп жатыр. Ол уақыт талабы. Аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты жоғалтпауымыз керек. Оқу мен тәжірибе – екі бөлек нәрсе. Алған біліміңді тәжірибеде ұштастыру керек. Өз салаңды меңгеру үшін аянбай еңбек ету, білмегеніңді үйренуге талпыну қажет деп ойлаймын. Шыдамдылық пен еңбекқорлық болса, көп жетістіккке жетуге болады», – дейді тәжірибелі маман.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*