Дәстүрлі дода жеңімпаздары

Шымкент қаласы Полиция департаментінде тәртіп сақшыларының қатысуымен дәстүрлі «Парасатты полицей» байқауы өтті. Оған Полиция департаментіне қарасты аудандық полиция басқармаларынан 5 команда қатысты.
Бұл байқаудың негізгі мақсаты – Жастар жылын қолдауға байланысты жас және білікті полицейлерді таныту, полицияның оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, ең маңыздысы – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін нығайту.
Байқауға қатысушы командалар көрермен алдында жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы екендігін, отансүйгіш, мемлекеттік тілді құрметтейтіндігін және өз өнерлерін, білім-біліктілігін көрсете алды. Тәртіп сақшыларының сахнаға шығып ұсынған нөмірлері қазылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазылар алқасының мүшелері ретінде «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Атабек Мұхтар, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Тәңірберген Нұрдәулет, Шымкент қаласы ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Алым Садықов, Шымкент қаласы Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Әсел Саденова полицейлердің өнеріне баға берді.
Тәртіп сақшысының да ән шырқап, би билеп, әзіл айтатыны, шығармашылыққа жақындығы жиналған жұртты сүйсіндірді. «Парасатты полицей» байқауының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды алған Патрульдік полиция полкінің «Жол періштелері» командасы үздік деп танылды. Екінші орынды Қаратау ауданы Полиция басқармасының «Жұлдызды жігіттер» командасы қанжығасына байласа, үшінші орынды Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының «Әл-Фараби ұландары» командасы алды.
Бұған қоса, «Өнерлі команда» номинациясы Абай ауданы Полиция басқармасының командасына және «Ұйымшыл команда» номинациясы Еңбекші ауданы Полиция басқармасының командасына бұйырды. Жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған командаларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар, алғыс хаттар табысталды.
«Парасатты полицей-2019» байқауынан суырылып алға шыққан, ерекше деп іріктелген команда алда Маңғыстау облысында өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласының Полиция департаменті атынан өнер көрсетеді.

Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*