Фронт-кеңсе – халық игілігі

Өткен жұмада Ақтөбе қаласының халықтық кеңсе ғимаратында «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» атты фронт-кеңсе ашылды. Жобаны Полиция департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесіп жүзеге асырады.
Жаңа фронт-кеңсенің жұмысы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаттарына негізделген. Мұнда торлы есіктер мен қатаң өткізу режимі жоқ. Келушілерге көлікке қатысты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алумен, тұрғылықты жерін ауыстырумен, елден тыс жерлерге шығумен байланысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Жаңа нысан халықпен жұмыстың жаңа форматын енгізу аясында ашылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында атап өткендей, «азаматтардың санасында полиция қызметкері жазаламайды, қиын жағдайда көмектеседі деген пікір нығаю керек. Бұған халықпен жұмыстың жаңа заманауи форматтары ықпал етеді, олар сайып келгенде полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгертеді». Азаматтарды қабылдау бөлмесінің қызметкерлері өтініш берушілермен тікелей жұмыс істейтін болады, ал бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартуға, мәселелерді шешуде қолжетімділікті, ашықтықты және жеделдікті құруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Ең бастысы, фронт-кеңсенің ашылуы халыққа нақты көмек көрсетеді. Қабылдауды келушілердің сұрақтарына жедел және жан-жақты жауап бере алатын білікті мамандар жүргізуі тиіс», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты, мониторинг тобының төрайымы Айгүл Соловьева.
Полиция фронт-кеңсесінің алғашқы келушілері бұл жаңалықты «Азаматтарға арналған қабылдау орны» деп бағалады. Мұнда, ең бастысы, кабинеттер бойынша артық жүгірмей, өз уақытын үнемдеп, барлық мәселені тез, ашық шешуге болады.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*