Қабылдау ережелері түсіндірілді

2019 жылдың басынан Ақмола облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері ІІМ оқу орындарына алғашқы оқуға 41 адамды жіберді.
Полицияға қызметке тұру тәртібі туралы ақпараттық жұмысты жалғастыра отырып, Ақмола тәртіп сақшылары кандидаттар үшін кең таныстыру шарасын өткізді.
Ақмола облысының әр ауданынан және Көкшетау қаласынан келген 30 үміткерге жалпы және медициналық көрсеткіштер бойынша қабылдау ережелері мен талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, кандидаттар алғашқыда мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге тестілеу, денешынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсырады, медициналық тексеруден өтеді.
Іріктеудің көрсетілген кезеңдерін еңсере отырып, болашақ тәртіп сақшылары ішкі істер органдарына қабылдау жөніндегі конкурстық комиссияға жіберіледі. Кандидатты сынақтан өтуші етіп тағайындаған кезде ол ІІМ оқу орындарында алғашқы оқытудан өтеді.
Әскери-дәрігерлік комиссиядан өту ережелерінде денсаулық бойынша бірқатар қатаң талаптар бар. Мысалы, гипертензиялық синдроммен ауыратын (миішілік қысым), майтабан, көру және басқа да аурулармен ауыратын кандидаттар қабылданбайды.
Айта кету керек, қызметке қабылданғандар бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Өмірі мен денсаулықтары міндетті мемлекеттік сақтандыруға жатады, қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне ІІМ санаторийлеріне жеңілдікпен жолдамалар, жыл сайын 45 күнтізбелік күнге дейін төленетін демалыс беріледі. Әлеуметтік қорғау кепілдіктері белгіленеді: қызметкерлерге және отбасы мүшелеріне тегін медициналық қызмет көрсету, еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлікке шығу құқығы, тұрақты ақшалай үлес және басқа да көптеген кепілдіктер бар.
Іс-шара барысында қатысушылар департамент мұражайы экспозицияларының бай коллекциясымен, жедел басқару орталығының, азаматтарға арналған қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысты. Қонақтарға полиция ведомствосының жұмысы туралы фильм көрсетіліп, жарнамалық проспектілер мен үгіт-насихат материалдары табыс етілді.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*