Жұмысшыдағы жаппай тексеру

Петропавл полицейлері облыс орталығының Жұмысшы кентінде екікүндік тексеру жүргізді. «Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь» облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өткен рейдке Петропавл қаласының Полиция басқармасы және Полиция департаменті аппаратының 160-тан астам қызметкері қатысты.
Жұмысшы кентінде 4 металл қабылдау пункті бар. Рейд барысында полицейлер оларға ерекше көңіл аударды. Оңай олжа тапқысы келетіндердің металдарды қайдан алғандарын айтпай, тез өткізіп жібергісі келетіндері белгілі. 4 металл қабылдау пунктін тексеру нәтижесінде ЖШС-тің біреуі ғана лицензияға сәйкес жұмыс істейтіні анықталды, қалған 3 пункттің иесіне қатысты материалдар қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
Басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Нұржан Қожағұловтың сөзінше, рейд аула-ауланы аралау форматында өтті. 35 топ құрылды. Мақсаты – қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту. Тұрғылықты мекенжайы жоқ, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын, іздеудегі, сондай-ақ, ҚР аумағында заңсыз жүрген адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізу.
Учаскелік полиция инспекторлары және ювеналдық полицейлер жеке жоспар бойынша жұмыс істеді. Учаскелік инспекторлар Петропавл қаласының Полиция басқармасында есепте тұрған, бұрын сотты болған адамдармен профилактикалық әңгіме жүргізуге ерекше көңіл аударды. Осындай 185 адаммен және 7 притонмен жұмыс жүргізілді. Жалпы саны мыңнан астам үй тексерілді. 149 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Оның ішінде абаттандыру ережесін бұзудың 65 фактісі көш бастап тұр. Сондай-ақ, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыру құжатынсыз жүрген 31 адам, алкогольдік ішімдіктер ішкен не қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 15 заң бұзушы жазаға тартылды. Тіркеу және сақтау тәртібін бұзғаны үшін 4 қару иесі, тиісті тіркеусіз алкоголь өнімдерін сатқаны үшін кәсіпкерлікпен айналысатын екі адам жазаланды. Олардан 2,5 литр спирт алынды.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар тұрмысы қолайсыз бір отбасыны тіркеуге алды. Сондай-ақ, қаладағы 28 ойын-сауық орындарды және компьютерлік клубтарды тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар өтті.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерсіз кешкі уақытта үйден тыс жерде болуының 12 фактісі және 18 жасқа толмаған адамдардың алкогольдік сусындар ішу және қоғамдық орындарда мас күйде жүруінің бір фактісі анықталды. Мұндай тосыннан жүргізілетін рейдтер жалғасын таба бермек.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*