Өзіңді өзің өлтірме, өзгеге зиян келтірме

Фейсбук әлеуметтік желісінде қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы «Қазақстанда суицидке қарсы мемлекеттік бағдарлама қажет» деп өте өзекті мәселе қозғапты. Біз де осы мәселе туралы ойланып-толғанып жүрген едік. Адамзат баласын қарақұрттай жалмаған дертпен қалай күреспек керек, оған тоқтау салуға бола ма?
«Не молчи» парақшасының хабарлауынша, Қазақстанда жарты жылда 1952 суицид тіркелген екен. Оның ішінде 62 ұл мен 29 қыз бала бар. Өзіне өзі қол жұмсағандардың 1509-ы ер адам. Қазақстан суицид бойынша ең алдыңғы қатарда топ жарып тұр, әрине, бұл мақтанарлық нәрсе емес.
Тағы бір мәліметке көз жүгіртейік. «Соңғы 3 жылда 41 қызметкер суицид жасаған» дейді аты-жөнін, жұмыс орнын айтпауды ескерткен бір ағамыз. Бұл деректерден аңғаратынымыз, сұм суицид жас пен кәріні таңдамайды. Суицидке жетелейтін себептердің дені – әлеуметтік аз қамтылу, кемсітушілік, бопсалау, қорқыту, азғыру, қыз балалардың арының тапталуы, үйдегі ұрыс-керіс, ішкілікке салыну және т.б.
Келешегіне үмітсіздікпен, қорқынышпен қарау да, қайта-қайта тағдырына алаңдап, бақсы-балгерге жүгініп, ертең не болам, қалай күн көрем, ауырып қалмаймын ба, аштан қатам ба деген сияқты бос уайымшылдық та адамды суицидке жетелейді. Шайтан адам баласын жоқшылықпен қорқытады екен. Ертеңіне деген сенімділігін жойып жібереді, көкейіне үнемі сенімсіздік, үрей ұялатады. Бар үмітін жалмап жеп қояды екен… «Үмітсіз – шайтан ғана» деген сөздің мағынасы да осыған саяды. Ал адам баласы бұл дүниеге келген соң, оны адамша сүре білуі тиіс. Сол үшін де, өзіне өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін жастарымызға жеткізе білуіміз қажет.
Үкімет те суицид мәселесі бойынша, алқалы жиын жасап, бағдарлама құрмаса, ертең кеш болары анық. Биік-биік мінбелерден мақтанып, бес Франция сыйып кетеді, қазына байлығы мол деп айтып жүрген ұлан-ғайыр даламызда шашылып жатқан азғантай 18 миллион халқы бар мемлекетіміздің мәселесіне бүгін бас ауыртпасақ, жарамызды жасырып бақсақ, ол кімге дәрі?! «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді». Құдай сақтасын! «Сақтанғанды сақтайды» дегенді де ұмытпайық. Әншейінде көсіліп көсем, шешіліп шешен сөйлейтін суырып-салма сұңғылаларымыз суицид туралы неге жақ ашпайды, әлде ол туралы тек молдалар ғана мешітте айтуы керек пе? Олар айтудай-ақ айтып келеді, оған құлақ түрер жан бар ма?
Құдайдың құдіреті! Бәленбай ғасыр бұрын айтылған сөзге қараңызшы! «Кім де кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, тозақта қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кім де кім у ішіп өлсе, азап отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, о дүниеде де өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады» делінген бір хадисте.
Расында да, өзіне қол жұмсаушылардың көбі тапанша немесе пышақ, арқан қолданатын көрінеді. Пайғамбарымыз жоғарыдағы хадисінде «өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе» деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ, у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып немесе газ жұтып, өзге де химиялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да жоқ емес. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Кім өз жанын қандай да бір затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады», – деген.
Ғаламтордағы мына ақпаратқа тоқталмай кете алмадық. «Соңғы жылдары шетелдерде суицолог мамандар жүргізген зерттеу жұмыстары өзіне өзі қол жұмсау әрекеттері көбінесе ешбір дінге сенбейтін жандардың (атеист) арасында кездесетінін дәлелдеп отыр. Оның себебі дінсіздердің өз келешектерінен үміт күтпейтіні, іштей уайымшыл болатыны және ешкіммен бастары бірікпей бытыраңқы өмір сүретіндері деп көрсетілуде. Сонымен қатар, зерттеушілер дінсіздік жайылған елдерде суицидтің де көбірек байқалатынын анықтаған. Швеция, Дания секілді мемлекеттер алдыңғы қатардан орын алған. Әсіресе, Дания тұрғындарының 80 пайызы ешбір дінге сенбейтіндіктері мәлім. Мысалы, суицидология зерттеушілері Жус Мануель Берталоти мен Александра Флейшман БҰҰ мәліметтеріне сүйене отырып, Ислам мемлекеттерінде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері нөл пайызға жуық (яғни жоқтың қасы), ал өзге сенімдер мен атеистердің арасында бұл дерттің тым жоғары екендігін нақты көрсеткіштермен келтірген».
Бұдан шығатын қортынды біреу-ақ. Елімізде суицид эпидемиясын жоюдың бір тетігі жастарға имандылық тәрбиесін көбірек ұсынумен тығыз байланысты деп ойлаймыз. Ғаламторда суицид жасау туралы топтар, чаттар, тіпті әндер көп. Әншейінде, интернетті күнде бұғаттап жатамыз ғой, неге осындай азғындыққа итермелейтін топтарға тоқтау салмасқа?!
Жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қолы» есіңізде ме? Әңгіме Алма деген жас қыздың ауруы жайында өрбиді. Алма – өмірге жаны құштар, ақылды да ажарлы ару. Алайда, оның ұйықтап жатқан кезде еркінен тыс, өз-өзін оң қолымен қылқындыра беретін ауруы бар. Яғни, суицид. Ақырында анасы Алма үшін уайымдап психиатриялық ауруханаға жатқызады.
Ауруханадағы жас дәрігер жігіт күні-түні Алманың қолын бақылаумен болады. Әр күні түнге қарай Алмаға әңгімелер айтып беруді әдетке айналдырады. Осылайша жүріп ол бір күні Алманы бәрінен жасырып серуендеуге алып шығады. Алдымен саябаққа, артынша киноға алып барады. Дәл осы күні ол Алмаға ғашық екенін түсініп, оны қалай да емдеймін деген шешім қабылдайды. Жас жігіт бас дәрігерге барып, оның оң қолын толығымен кесу керек екенін айтады. Алайда, дәрігер оны құптамайды және қыздың ата-анасымен ақылдасу керектігін айтады. Бірақ, жігіт үлгермей қалады, себебі дәл сол күні Алманың оң қолы оның түбіне жетіп тынады. Бұл жерде жазушы оң қолдың оқиғасы арқылы терең тағылымы мол философиялық ой қозғап отыр. Өйткені, Алма тәтті ұйқыға балбырап ене бастағанда-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздығы тұқым қуалаған қауіпті сырқат.
Өзін-өзі өлтіргісі келіп, өлмей қалған әрекетіңіз тұқым қуалайтынын ұмытпайық, ағайын. Бір күні болмаса, бір күні ол ұрпағыңыздың алдынан шығады, ал сіз оны қалайсыз ба?! Балаңызға, немере-шөбереңізге «мирас» болғанын қаламасаңыз, онда суицид туралы мүлдем ойыңызға алмаңыз, ол сізге оңай жол болғанымен, өз келешегіңізге, ұрпағыңызға оқ атқанмен бірдей! Сондықтан да дана халқымыз суицид жасап қиыншылықтардан оңай құтылып, осылайша артына ауыр жүк қалдырып кететін ондай азғын адамдардың жаназасын да шығармайтын болған, денесін де зираттан алыс, аулаққа апарып, бөлек жерлейтін болған.
Ал енді суицид жасап, аман қалған адамдар туралы толғансақ. Оларды көбіне кімдер құтқарады? Әрине, полицейлер. Мәселен, Шымкенттегі Д. Қонаев көшесінде орналасқан көпірде жас қыз суицид жасағалы жатқанда оны патрульдік полиция сержанты Арсен Ахметов деген азамат құтқарып қалған. Ойланайықшы, ағайын, бүгін аман қалған бұл бойжеткен енді ертеңгі күні ана болмай ма, бала тумай ма, сонда өзіне өзі жасаған бұл қастығы ертең тұқым қуаласа не болмақ?!
Ал жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында 34 жастағы ер азаматтың 4-қабаттағы балконнан өзін тастамақ болған әрекеті тіпті аянышты. Мұны да патрульдік полиция инспекторлары Мұхаметқали Қалдыбеков пен Қаят Пішембай құтқарып қалған. Ақыл тоқтататын жасқа келген жігіттің өлгісі келгені – әйелімен ұрсысып қалыпты, сол үшін өле қалмақ екен…
Адамдар үшін осынау өмірдің құны түкке тұрғысыз екеніне қатты қынжыласың. Жаратушының ең көркем жаратқан кереметі – адам, оның өмірі. Ендеше, өмір сүрейік, еліміз суицидтен аулақ болсын деп тілейік, ағайын. «Өзіңді өзің өлтірме – өзгеге зиян келтірме» дегіміз келеді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*