«Ақылды» камераның көмегі көп

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғаушылардың жұмысын жеңілдетуге, қылмысты ашып, алдын алуда көшелер мен аулаларға қойылған бейнебақылау қондырғыларының тигізер пайдасы зор. Бүгінде қала бойынша осындай 208 камера үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Цифрлық жүйенің жұмысын қырағы көзбен бақылап, халықтың тыныштығы мен қоғамдық ортадағы тәртіпті бақылап отыратын тәртіп сақшыларының еңбегі де ерекше. Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы Әйгерім Есебекова ішкі істер органдарының осы саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Полиция аға лейтенанты Әйгерім Есебекованың жолдасы да құқық қорғау саласында қызмет жасайды. Ішкі істер органында еңбек етіп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған оның жетістіктері де аз емес. Бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, қылмыстық оқиғалардың алдын алу және қылмыстың ізін суытпай ашуда камераға қырағы көзбен қарап, мәселені мұқият зерделеуде Әйгерімнің жинаған тәжірибесі мол.
– Осы қызметті 2015 жылдан бері атқарып келемін. Қазіргі міндетім – қала көшелеріне орнатылған бейнекамералар арқылы қылмыстық әрекеттерді анықтау, жүргізушілердің жол ережесін сақтауын бақылау, сол сияқты қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау. Әсіресе, қала көшелерінде, скверлер мен демалыс орындарында болатын үлкен мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалауда жауапкершілік жүгі күшейе түседі. Егер қандай да бір жағдайды байқап, тәртіп бұзушылық оқиғаларын көзіміз шалып жатса, дереу рациямен хабарлап, оқиға орнына жасақтарды жібереміз, – дейді Әйгерім Есебекова.
Жыл басынан бері қалалық Жедел басқару орталығының мамандары бейнекамераның күшімен 95 құқық бұзушылық әрекетін анықтаса, соның 9-ы Әйгерімнің қырағылығының нәтижесінде тіркелген. Ол кешкілік, түнгі мезгілде құқық бұзушылық әрекеттерінің көбейетінін айтады. Себебі, түнгі уақытта көлік ұрлау, төбелес және басқа да құқық бұзушылықтар жиі орын алады.
– Жедел басқару орталығына жарты жылдан бері қаладағы көпқабатты үйлердің ауласына орнатылған бейнекамералар да қосылды. Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 208 бейнекамера арқылы қоғамдық тәртіп, халықтың қауіпсіздігі қадағаланады. Қазір қала мектептері аумағына да осындай қондырғылар көптеп орнатылып жатыр. Алдағы уақытта қосымша 139 камера іске қосылмақ. Олар – «ақылды» камералар. Мұндай қондырғының күшімен, кез келген әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық әрекеттерді ашуда жұмыс жүргізу процесі әлдеқайда жеңілдеу болмақ, – дейді Әйгерім.
Бейнебақылау инспекторы мас күйде көлік жүргізетіндердің әрекеті бейнебақылау камерасынан анық байқалатынын, сондықтан мұндай кезде жол-патрульдік полициясы мамандарына дереу хабар түсіріп, көлікті тоқтатып, тексеру жүргізілетінін айтады.
– Жақында қаламызда мынадай жағдай болды. Кәмелет жасына толмаған балалар өздері қатарлас баладан ақша беруін талап етеді. Қалтасында қаражаты болмаған соң әлгілер оны жерге құлатып, күштеп мойнындағы күміс алқасын жұлып алды. Осы жағдайды бейнекамерадан бақылап, біз сол маңдағы учаскелік инспектордың оқиға орнына дереу жетуіне ықпал жасадық. Бұл – балалар арасындағы тонау әрекеті. Бұзақылар ұсталып, қылмыс ашылды. Сол сияқты, жақында көшеде такси тоқтатқан қызды зорлаған жүргізушінің кім екенін де бейнекамера арқылы анықтадық, – дейді Әйгерім.
Жақында Әйгерім Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясында білім жетілдіру курсынан өтіп, жан-жақтан жиналған әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып қайтты.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*