Мамандық таңдау – жүрек қалауы

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Әрбір адам асқақ арманға, биік мақсатқа ие. Сол мақсатқа жетер жолда өз бағыты мен бағындырар биігі де болады. Дегенмен де, биік шың адамға оңайлықпен келмесі анық.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп кемеңгер дана Абай атамыздың осы бір қасиетті сөзі мақсатқа зор ұмтылыс болатындай. Өміріңіз жеткен мақсат, орындалған арман, адал еңбек кірпіштерімен қаланса, өмірде жеткен ең асыл жетістік – осы емес пе?!
Әрбір қыз баласы мұғалім, дәрігер, журналист, экономист, заңгер сынды белді мамандықтарға барып жатады. Дегенмен, олардың арасында негізінен ерлерге тән деп есептелінетін полиция қызметін таңдап жататындар да аз емес. Солардың бірі – Көліктегі Полиция департаменті Алматы-1 стансасындағы Желілік полиция басқармасы жедел криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі Салтанат Шайхислам.
Бүгінде қызметінің қиындығына қарамастан, батыл қадам көрсетіп, әскери жолда қызмет етіп жүрген қаракөз қызымыз Салтанаттың еңбегі мақтанарлық. Ол құқық қорғау саласында қызмет атқарып келе жатқан өнегелі отбасында дүниеге келген. Әкесі Талғат Ермекбаев Алматы облысы, Күрті ауданының Ақши ауылында ішкі істер органдары қызметкері болса, анасы Ләззат Еркінқызы Күрті аудандық сотының кеңсе маманы.
Балалық шағынан тергеуші болуды мақсат етіп, заң колледжіне түсті. Мамандық таңдауда әкесі ішкі істер органдарына баруға, ал анасы адвокатура немесе прокуратура саласын таңдауға кеңес етеді. Бірақ, тағдыр өз дегенін жасады. Әкесі мезгілсіз қайтыс болып, қызы бір сәтте есейіп, әкесінің жолын жалғастыруды мақсат етеді.
2009 жылдың маусым айынан өз еңбек жолын бастап, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. 2015 жылдың тамыз айында Көліктегі ІІД Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі болып тағайындалды.
Полиция капитаны Салтанат Талғатқызы өзінің алғашқы қызметтік жолын былайша еске алды: «Мен үшін ең есте қаларлық сәт – оқиға орнына шығу сәті болды. Ол «адам қағу» оқиғасы еді. Қайтыс болған адамды көру мен үшін қорқынышты дүние еді. Мен бұл қорқынышты жеңуге тырыстым және жеңдім.
Қазір өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, криминалистика – қызығы мен қиындығы қатар және даму үстіндегі ғылым. Бұл қызметте жұмыс істеу маған ләззат сыйлайды. Жұмыстағы зерттеу мен техникалық жабдықтардың дамуы бір жағынан көмек болса, екінші жағынан жұмысқа деген қызығушылығымызды арттырады.
Қылмысты ашуда криминалистердің үлесі өте маңызды, себебі қылмыс орнынан алынған айғақтар мен салыстырмалы зерттеу нәтижелері өте маңызды дәлел», – деп ойын аяқтады Салтанат.
2018 жылдың жазында Салтанат Шайхислам жары Асылбекпен шаңырақ көтерген болатын. Жұбайы Салтанаттың қызметіне, таңдаған мамандығына құрметпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Әскери мамандықты таңдап, қызметін ұршықша иіріп отырған қыздарымызға батыр апаларымыздың ерлік жолын тілейміз. Қандай мамандықты таңдаса да, әр адам үшін бұл өте маңызды қадам. Жүрек қалауымен таңдалған сенімді қадам – биік шыңдарға жетелері анық.

Алматы-1 стансасындағы ЖПБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*