Елбасыдан шен алған талабы таудай жас сақшы

«Іріктеу басталды. Академияның білім алушыларынан тыныштық кеткен. «Ең үздік деген 20 курсанттың ішінен тек екеуіне ғана алда болатын салтанатты шарада Президенттің қолынан шен алу мәртебесі бұйырады», – деген әңгіме тараған».
Әңгімесін осылай бастаған бүгінгі кейіпкерім Жазира Әшімтайқызы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан қалай шен алғанын әңгімелеп берді.
«Сонымен барлығымыз да өз өнерімізді барынша көрсетіп, шен алуды жеңіп шығуға жанталасудамыз. Іріктеудің бірнеше турдан тұратынын естідік: кескін келбет пен түр-сипат, сөз сөйлеу шеберлігі мен мәнерлеп оқу, саптық жүріс тексеріледі екен. Осылайша бірнеше күннің ішінде іріктеу басталып кетті. Мен де жолдаманы жеңіп алу үшін бар жігерімді жұмсап, өзімді көрсеттім. Арнайы астанадан келген комиссия мүшелерінің алдында тұрып, олардың берген сынақтарынан сүрінбей өтуге тырыстым. Іріктеудің нәтижесі бірнеше күннен кейін шығатынын естіген соң, бәсекелестердің көптігін ескере отырып, өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болды ма, сабағыма ғана көңіл аударып, күйбең тіршілікпен іріктеуді ұмытып та кетіппін.
Бір күні достарымнан «іріктеуден өттің» деген хабар келе бастады. Ұстазымнан сұрасам, шынымен де іріктеуден өткен екенмін. Алайда, кештеу біліп қалып, Астанадағы күтіп отырған комиссияның соңғы дайындық жұмыстарына қатысуға үлгіре алмадым. Отбасылық жағдайыма байланысты іс-шара болатын күні әзер жеттім. Дайындығым аз деп өз-өзімнің кештеу барған кінәмді сезініп, жазғырып отырған едім. Алайда, әуелі Алланың қолдауымен, ата-анамның тілек-дұғасымен әйтеуір Нұр-Сұлтан қаласындағы іріктеуден мінсіз өтіп, ақыры жолдаманы жеңіп алдым. Менімен қатар екі жігіт те өтті. Осылайша, Тұңғыш Президентіміздің алдында сөз сөйлеу мәртебесі маған бұйырды. Мен де өз кезегімде артылған үлкен сенімді сезініп, Елбасымыздың алдында қобалжымай сөзімді сөйлеп, саптық жүрісіммен жиналған көпшіліктің көңілінен шықтым.
Сол мезеттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менен асқан бақытты адам дәл сол жерде жоқ секілді көрінді. Сөзімді мұқият тыңдап, жымиып жанымда тұрған жылы жүзді Елбасы: «Қызым, қай жерден боласың?» – деп сұрады. Мен бірден: «Сарыағаштық сақшымын, Елбасы!» – деп жауап бердім. Жауабыма риза болды ма, жүзі нұрланып, бір жымиды да арқамнан қақты. Қазақ үшін ұлы тұлға болып саналатын, өзіндік салиқалы саясатымен Қазақстанды биікке жетелеген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қолынан шен алу – осы уақытқа дейін өмірімде кездескен оқиғалардың ішіндегі ең елеулісі болып қала бермек!
Осы оқиғадан кейін де қызметімді жоғары деңгейде, мінсіз атқаруға бар мүмкіндігімді салып келемін. Үстімдегі формамды батырдың сауытындай сыйлаймын, киіп алып жұмысқа аттанғанда мені ұлы істер күтіп тұр деп өзімді дайындап шығамын. Себебі, полицейдің көмегіне мұқтаж жандарға қолымнан келгенше көмектесіп, қолдау білдіргім келеді».
Жазира Әшімтайқызы 2018 жылдың маусым айынан бері Сарыағаш ауданы ПБ-нің «Көктірек» пунктінде өзінің бала кезінен армандаған қызметі – учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етуде. Жаны жайсаң, ісіне тиянақты Жазира – өте еңбекқор полицей. Олай дейтінім, мектеп қабырғасында жүріп-ақ көптеген марапат-мадақтамаларға ие болғанын білдім. Одан әрі арман қуып Қарағандыға барып, Академияға түсуі, қыз баласы бола тұра өз тарапынан нақты шешім қабылдауы, өз-өзіне деген асқан сенімділігі, сонымен қатар, «қалайда тәртіп сақшысы боламын» деген табандылығы оны жоғарыға жетеледі. Академияда оқып жүріп те олимпиадалар мен білім сайыстарында бағын сынап, арнайы сертификаттарды, марапат-мадақтамаларды жеңіп алған. Білімін одан әрі жетілдіре түсуде талмай еңбектеніп, үнемі кітап оқиды.
Жазира екі сөзінің бірінде әкесін айтып отырды. «Әкемнің арманын орындадым. Оның мерейін үнемі асқақтатқым келеді, әкем үшін жоғарыға ұмтылатын боламын. Берген тәлім-тәрбиесін, бағып-қаққан еңбегін өтеуім керек», – деген сөздерді жиі қолданды. «Әкем мен үшін үлгі тұтарлық жан. Оның қарапайымдылығы, еңбегіне адалдығы, бізді адамгершілікке тәрбиелеуі мен үшін үлкен мектеп болды», – дейді.
Жазираның Алла қосқан жары Нұрсұлтан да – полиция қызметкері. Олардың Медина атты сәбиі жақында дүние есігін ашты. Бұл бақытты отбасы туралы ерекше айтып өтетін жайт. Нәзік жанды шенді ару Жазираның жан жары Нұрсұлтан Абдуалиев Сарыағаш ауданы ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы. Бүгінгі таңда ерлі-зайыпты бір жерде еңбек етеді. Екеуі де қоғам тыныштығын сақтауда талмай, табанды еңбек етіп жүрген сақшылар.

Г. АБДУРАХМАНҚЫЗЫ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*