Самокат айдаушыларға да заң ортақ

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері электрлі самокат иелерінің арасында профилактикалық жұмысты нығайтты. Тәртіп сақшылары самокат тізгіндеушілерге жол жүрісі ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндірді.
Автокөліктер, мотоциклдер мен скутерлер – жол қозғалысына тұрақты қатысатын көлік түрлері. Алайда, соңғы кезде жолда электрлі самокаттарды да жиі көруге болады. Ол көзге қауіпсіз көрінгенімен, полицейлер самокат тізгіндегендер мен оларды сатушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшыларының міндеті – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жанжал туғызатын жағдайларды болдырмау.
«Сонымен бірге, өздігінен жүретін электрлі «мопед» көлік құралының санатына жататынын атап өткен жөн. Мәселен, «Жол жүрісі туралы» Заңға сәйкес мопед – цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электрлі қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Осындай көлікті басқаратын адамдар жүргізушілер саналып, олар жолда журу ережелерін білуі және сақтауы тиіс», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпараты бойынша электрлі самокатты басқару құқығы 16 жасқа толған адамдарға беріледі және жүргізуші куәлігін алу қажет емес. Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, мопедтер велосипед жолағымен жүреді. Мұндай мүмкіндік болмаса, жолдың оң жағымен жүреді. Электрлі самокат иелеріне де жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге тыйым салынған.
Сонымен қатар, оларға бір қолымен ұстамай жүруге; жолаушылар тасымалдауға; ұзындығы немесе ені бойынша елу сантиметрден асып шығып тұратын габаритті жүкті немесе көлікті басқаруға бөгет жасайтын жүкті тасымалдауға; жанында велосипед жолағы бар кезде жолда жүруге; солға бұрылуға немесе трамвай жүретін жолдарда және бірден артық жолағы бар жолдарда кері бұрылуға, велосипедтер мен мопедтерді сүйреуге тыйым салынған.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*