Құдыққа құлаған баланы құтқарды

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында баланы құтқарған учаскелік полиция инспекторы туралы әріптестері тіптен білмеуі мүмкін еді. Алайда, қоғамдық акциялардың бірінде Новоишимка ауылында тұратын зейнеткер Қошан Малғаждаров полиция майорына барып алғысын білдіреді. Осылайша, 1 маусымда болған оқиға енді ғана белгілі болды.
Новоишимка ауылының тұрғыны Айтгүл Шарапова төрт жастағы қызы Айханыммен және екі жарым жастағы ұлы Бекарыспен Балаларды қорғау күніне арналған мерекеге барады. Мерекеде көңілді музыка ойнап тұрды, кішкентай меймандарға ойындар мен конкурстар ұйымдастырылды. Бір сәтте әлгі әйел баласынан көз жазып қалады. Ойнап жүрген балалардың арасынан іздейді, бірақ таба алмайды. Алаңда жүрген адамдар да баланы іздеуге кіріседі. Олардың ішінде Қошан Малғаждаров та бар болатын. Сол кезде Айтгүл Бағланқызы алаңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кезекшілікте жүрген учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Алтынбек Оразалиевке жүгінеді.
«Баланың алаңда жоқ екендігі анықталды, – деп есіне алды Алтынбек. – Оны анасы мен әпкесі және жанашыр ауыл тұрғындары іздеді. Мен өзім бес баланың әкесімін, сондықтан бұл жастағы балақайлардың ойға қонымсыз әрекеттерді жасауға бейім болатынын жақсы білемін. Сол себепті жақын маңдағы шолақ көшелерді тексере бастадым, бір жерде баланың әлсіз шыққан дауысы естілді. Дауыс жер астынан шыққандай болды. Шын мәнінде, дәл солай болып шықты. Бала ескі түбі кеуіп қалған құдыққа түсіп кеткен екен. Қалың өсіп кеткен шөптен құдықтың беті көрінбей қалған, үстінде жатқан бетон плита мен құдықтың арасындағы саңылауды байқамаған бала ішіне құлап кеткен».
Полиция майоры құдықтан зәресі ұшқан бүлдіршінді шығарып алды. Бақытына қарай ол дене жарақатын алмапты. Балақай қорыққанынан көмекке шақырып, жылаған. Баласының табылғанына риза болған ана тәртіп сақшысына алғысын білдірді. Учаскелік полиция инспекторы болса өзінің әрекетін ерлік деп санамай, болған жағдай туралы ешкімге айтпаған.
«Жақын маңда болып, бала дауысын естіген кез келген адам мен сияқты әрекет етер еді. Мерекеде кезекшілік атқаруымның мақсаты да – қайғылы оқиғаға жол бермеу болды», – дейді ол.
Алтынбек Тойжанұлы полиция қатарында 11 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Оған дәлел – келесі күні Айтгүл Шарапова сол құдықтың жанынан өтіп бара жатып, айналасындағы шөптің шабылып, беті жабылып тұрғанын байқаған.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*