Барыс-келіс тәртібін бұзғандар көп

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері шетелдіктердің елде болу ережелерінің 1200-ден астам бұзушылығын анықтады.
Көктем және жаз маусымында Қазақстанға келетін қонақтардың легі арта түседі. Меймандар елімізге демалу және нәпақа табу мақсатымен келеді. Осыған байланысты ҚР аумағында мәлімделген мақсатқа сай жүрмеу және тіркелген мекенжай бойынша тұрмау сияқты бұзушылықтар саны артып отыр.
1963 жылы туған Ресей азаматшасы туыстарына келіп, Петропавл қаласындағы мекенжайға тіркелген, алайда, ол іс жүзінде бау-бақша қоғамының аумағында тұрып келген. Бұлай жасауының себебі – туыстарының мазасын алғысы келмеген. Әйел мұндай «сыпайыгершілік» ҚР көші-қон заңнамасын бұзатынын білмеген.
Елге келу мақсатын жеке мәселелер бойынша деп көрсетіп, ал шынында түрлі жұмыс істеген 27 жастағы Өзбекстанның тұрғыны елде болу ережелерін бұзды. Оның айтуынша, ол жұмысқа орналасу үшін рұқсатты ресімдеу керектігін білмеген…
«Кейбір мигранттар осындай жағдайларда қажетті ресімдерге өздерінің уақыттарын бөлгісі келмегендерін мойындайды, – деп түсіндірді облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов. – Бірінші тоқсанда осындай 69 бұзушылық тіркелсе, екінші тоқсанда 91 оқиға тіркелді. Қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшкеннен кейін шетелдіктерге жұмысқа орналасуға рұқсат беру уақыты бұрынғыдай бірнеше күнді алмайды, қазір бір сағаттың ішінде рәсімделеді. Сондай-ақ, демалыс маусымында туыстарына қонаққа келген ресейліктердің саны арта түсті. Олардың арасында бұзушылықтар аз кездеседі».
Шетелден келетін меймандарды жиі қарсы алатын қазақстандықтар олардың келуі туралы көші-қон қызметін үш күн ішінде хабардар етуі тиіс. Бұл шарт ЕАЭО елдерінен келетін шетелдіктерге де қатысты болып. Заң бойынша оларға еліміздің аумағында 30 күнге дейін тіркелмей тұруға рұқсат берілгенімен, қабылдайтын тарап олардың келуі туралы хабар беруге міндетті. Шетелдіктерді қабылдайтын азаматтар кей кезде аталған талапты орындамай жатады. Тіркелген мекенжай бойынша тұрмайтын, тіркелу мерзімінің уақыты өтіп кеткен шетелдіктер үшін тұрғын үйді беретін ҚР азаматтары да жауапқа тартылады. Жыл басынан шетелдіктерді қабылдаған отандастарымыз 280 бұзушылыққа жол берді.
Жалпы 6 айдың ішінде облыс полицейлері ҚР аумағында болу ережелерінің 1200-ден астам бұзушылығын анықтады.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*