Түзелудің төте жолы – тәрбиеде

«Тәртіп пен тәрбие бар жерде, өмірге деген құлшыныс пен талап та бар», – деп Елбасы айтқандай, сотталғандарды қатарға қосудың бір амалы – тәрбие. Өмірде қателеспейтін жан болмайды десек, олардың қылмысқа қайта ұрынбауы үшін қылмыстың алдын алатын тәрбие жұмыстарын жандандыру өте маңызды.
Тағдырдың талайына тосылып, жаза басқан қылмыскер де – қоғам мүшесі екені де анық. Осы жаза басқан адамдарға, жас та болса өзінің білімімен қоса адамгершілік қасиетін қатар үйретіп жүрген Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінің қызметкері, Сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу бөлімінің №2 жасақ бастығы, әділет лейтенанты Нұртас Сүлейменовтің еңбегін атап айтсақ болады. Ол өзінің алғаш мекемеге келген кезін былайша жеткізді: «Жасақ бастығы болып тағайындалғаннан кейін, жасыратыны жоқ, алғаш жұмысқа бірден кірісіп кеттім деп айта алмаймын. Жүрексіндім. Сотталғандармен жұмыс істеу қиын екенін маған ешкім айтпаса да, оны білгем. Осындағы әріптестерімнің қолдаулары маған көп септігін тигізді. Өз жұмысын жетік білетін қызметкерлермен қатар істес болған өте жеңіл әрі көңілді. Күн сайын ынталанып жұмыс істейсің».
Осы әңгімелесу барысында біз отырған бөлменің есігі бір жабылмады. Өздерінің сұрақтарымен келген әрбір сотталғанға уақыт тауып, жауаптарын беріп үлгеріп жатыр. Арасында мінездері ауыр сотталғандар келіп, дөрекі сөйлеп жатса да, еш ашуланбай сабырмен жауап беріп жатқанына таң қалдым. Сірә, сабырлықты жанына серік еткен жан болса керек.
Мекемеде әр жастағы азаматтар жазасын өтейді. Оның ішінде нәзік жандылар да бар. Әрқайсының тілін таба білетін ол келген адамдардың арыз-шағымдарын уақыт тауып тыңдап, қолдан келгенше заң аясында жасалатын жұмыстар болса, өзінің әріптестерімен ақылдасып шешімін табуға тырысады. Өзінің қарамағындағы адамдардың тазалығын, уақытылы тамақтануын, жатақхана тазалығын, денсаулығын, әр сотталғандармен ҚК-нің 72,73-баптары және ҚАК-нің 113-бабын түсіндіруге арнайы уақыт бөліп, оларға арнайы құқықтық сабақ күнін өткізуге тырысады екен. Отбасында ардақты әке болса, қызметте абыройлы әріптес екені бірге жұмыс істейтіндердің қарым-қатынасынан білуге болады.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала болған соң, кейде сотталғандардың арасында тәрбиеге көнгісі келмейтін адамдар да кездесетіні айдан анық. Осындайда сабырлықты жанына серік ете білген біздің кейіпкеріміз: «Біздің мекемеде өмірде жаңсақ басқан әйелдер жазасын өтейді. Әйел дегенде ең алдымен көз алдымызға жүрегіне мейірім мен ізет тұнған ана елестейтіні сөзсіз. Менің жасағымда ер адамдардан гөрі әйел азаматшалар саны басым болғандықтан, оларға қандай жағдайда болмасын мейіріммен қарауға тырысамын. Қазіргі заман талабы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, сотталғандарға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Ең бастысы, оларды қылмыскер ретінде емес, қоғамнан уақытша оқшауланған азамат ретінде қарауымыз қажет және олармен тәрбие жұмысын жүргізудің, психологиялық қолдау көрсетудің жаңа әдістерін іздеуіміз керек. Олардың уақытылы тамақтануын, тәртібі мен тәрбиесін, уақытылы туған-туыстарымен сөйлесуін, бір сөзбен айтқанда, таңертеңнен кешке ұйқыға жатқанға дейін жүріс-тұрысын бақылап, қадағалап отырамыз. Бұның өзі бізге үлкен жұмыспен қатар алдағы өмірімізге сабақ деп ойлаймын. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар, бірі – тіршілік қамы, бірі – адамгершілік қамы», – деген екен. Біз тіршілік қамымен заңнан аттап, адасқан азаматтардың алдағы уақытта адал жолмен жүрулері үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз», – дейді.
Кейіпкерімізбен әңгімелескен соң маған «Халықтан алған алғыстан асқан қандай байлық болуы мүмкін?!» деген ой келді. Адамға берілген қысқа ғұмырда, мейлі ел билеген хан, мейлі қарапайым жан болсын, қара бастың қамын күйттемей, не көрсе де елмен бірге көруді, барын басқалармен бөлісуді мұрат тұтқан адам ғана халқы үшін қалтқысыз еңбек ететін тұлға бола алады. Әрине, «заманына қарай – адамы» дейді. Иә, заманға қарай талап та өзгереді. Өзгермейтін бір қағида бар. Ол – еңбек ету. Қай заман болмасын, адам тіршілік ету үшін еңбек ету керек. Біздің мақаламызға арқау болған кейіпкеріміздің жөні бөлек. Жүзінен жылылықтың жібі ескен, әрбір айтар сөзін сабырмен, салмақпен бастайтын осы бір азаматтың бойынан өзгелерде кездесе бермейтін бір қасиеттің бары анық. Тұйықтығына балайын десең, келіңкіремейді. Кейде ашық-жарқын мінезімен бәрін баурап алады. Қатал дейін десең, өз әріптестерінің арасындағы жасы үлкенді-кішілері «сіз» деген жұмсақтығын көргенде, бұл ойыңнан әп-сәтте айнисың. Демек, әділет лейтенанты Нұртас Ерқасымұлындағы қасиет – атадан балаға жұғысты болған ерге тән тәртіп пен талап, адал еңбек пен ерінбей іздену. Жас жасақ бастығының алдағы уақытта талай асуларды бағындырары сөзсіз.

И. ЖАҢБЫРШИЕВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*