Спортты серік еткен өрт сөндіруші

Жаңақорған ауданы №10 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау старшинасы Қуаныш Байзақов 1981 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылында дүниеге келді. Жаңақорған кентіндегі №125 орта мектепті бітіргеннен кейін, ол автомектепке түсіп, жүргізуші куәлігін алып, 2000 жылы көктемде әскери борышын өтеуге кетті.
Сарыағаш ауданының Черняевка қаласында Қорғаныс министрлігінің жылдам қимылдайтын батальонының 32039 әскери бөлімшесінде екі жыл қызмет етуі оны шыңдай түсіп, дене дайындығы мен рухани танымын арттырып, Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналдырды. Жылдам қимылдайтын батальонда қызмет ету Қуанышқа зор күш-қуат берді.
Қ. Байзақовтың айтуынша, ол өрт сөндіруші боламын деп ойламаған. Бірақ, 2003 жылы 4 ақпанда туған жеріне келгеннен кейін Жаңақорған ауданы Өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші ретінде жұмысқа орналасты. Кейін Қуаныш Аманжолұлы өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысып, Қызылорда облысының құрама командасына енді. Он жылдан астам уақыт бойы Қызылорда облысының үздік спортшысы медалі оған бұйырды. Бүгінге дейін спортшының қоржынында 4-қабатқа шабуыл сатысымен көтерілу сайысында жеткен жетістіктері үшін иемденген ондаған мақтау қағазы бар. Бұл балаларға жақсы үлгі, өйткені әкелерінің жетістіктеріне қарап, балалар биікке ұмтылып, өмірдегі мақсаттарына қол жеткізеді. 38 жастағы спортшы «атұстар» ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр.
«Қуаныш – өте жарқын, мейірімді адам. Жарыс алдында оптимизм мен зор сенімге жетелей отырып, жыл сайын өрт сөндіру-құтқару спорты жарыстарында біздің команда бірінші орынды иеленуде және ол біздің қуат берушімізге айналып келеді», – дейді Жаңақорған ауданы Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мақсұт Нысанбеков.
Өрт сөндірушілер қанша адамның өмірін құтқарып қалғанын санамайды және болған оқиғаларды ұмытып та қалады. Дегенмен, әр құтқарушының есінде ұмытылмайтын оқиғалар да бар. Сондай өрттің бірі – Қуаныш Байзақовтың жұмыстан тыс уақытында сөндіруге мәжбүр болған өрт оқиғасы.
– Жолда кездейсоқ «фургон» көлігі жанып жатқан кезде, автокөлік жүргізушісінің бақытына орай, жанынан өтіп бара жатқан Қуаныш тоқтап, қолдағы бар құралдарымен қызыл жалынмен арпалысып, өртті сөндіріп алады. Өртті сөндіріп болған соң, автокөлік иесі темекі шегіп, автокөлік салонының терезесінен лақтыруы салдарынан өрттің орын алғандығын айтқан.
Көліктің кузовында бірнеше миллион теңгенің өнімі болыпты. Сол себептен автокөліктің жүргізушісі құнды дүниесін өрттен аман алып қалған Қуанышқа қайта-қайта алғыс жаудырған екен.
Өрт сөндіруші – нағыз ерлердің мамандығы. Ал, Жаңақорған ауданы №10 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау старшинасы Қуаныш Байзақовтың өмірлік ұстанымы – рухани жігерлі, жаны спортты сүйетін, өзін-өзі үнемі дамытып отыратын нағыз азамат атану.

Қызылорда облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*