Сарбаздың бір күні қалай өтеді?

Таяуда kaz.nur.kz порталы Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімде болып, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ел тыныштығын сақтап жүрген жауынгерлер ішкі тәртіпке қалай үйретіледі? Әскерде темірдей тәртіпке қалай баулиды? Ол туралы арнайы дайындалған төмендегі материалдан оқыңыз.
Сарбаздардың қарбаласқан әр күні таңғы сағат 6:00-де басталады. Санаулы сәтте киініп үлгеріп, таңертеңгі жаттығуға дайын болуы керек.
«Әскери борышымды өтеу үшін Талдықорғаннан келгеніме бір ай болды. Аз ғана уақыттың ішінде көп нәрсе үйрендік. Осы жерден нағыз ер жігіт болып шығамыз деген ойымыз бар», – дейді жас сарбаз Рахат Бектұрған.
Бұл әскери бөлімдегі сарбаздардың 80 пайызы 18 бен 20 жас аралығындағы бозбалалар. 23 жастағылар да кездеседі. «Мен Шымкенттен келдім. Бұрын Ақтөбені көрген жоқпын. Әскерге келіп, ел көрдім десем болады. Мына жақта бірінші рет жауынгер ретінде қолыма қару ұстадым. Сарбаздар қатарында сапта тұрғанымды мақтан тұтамын. Қарудың түрлерін үйреніп, өздігімізбен шашып, жинауды меңгеріп жатырмыз», – дейді 19 жастағы сарбаз Әбдімәлік Ерімбетов.
Алматы қаласының Талғар ауданынан келген қатардағы жауынгер Мейрам Бақытовтың елге қайтуына бес ай уақыт қалыпты.
– Алғаш келгенде ауылды сағынып, қайтқым келетін. Әрі әскерде әлімжеттік болатыны туралы естіп келгендіктен, әуелгі кезде қорқып жүргенім рас. Бірақ, бәрі біз ойлағандай емес екен. Ұрып-соғу секілді тәртіпсіздіктер болған емес. Барлығы әскердің қатаң тәртібі мен ережесіне бағынады. Мен де әскери тәртіпке үйрендім. Бұл жерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың…
Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Әскерде қолына қару алып, ел қорғауға шыққан сарбаздың өмірі сырт көзге қызығарлық болғанымен, қауіптілігі де жоқ емес. Себебі, соғыс тактикасын еңсергендер қандай жағдайда да алдыңғы шепте тұрады.
Бір әскери бөлімнің өзінде бірнеше бөлімше бар: жедел мақсат батальоны, материалдық қамтамасыз ету ротасы және атқыштар ротасы.
Әр жаттығудың бір мезетте орындалу ерекшелігіне қызыға қарап тұрғанымызда жаңа келген сарбаздармен күні-түні қызмет етіп жүрген офицерлер әскери тәртіппен таныстырып өтті.
«Біздің жедел мақсат батальоны Ақтөбе қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын атқарады. Қалада өтетін іс-шаралардың тыныштығы қамтамасыз етіледі. Батальонда офицерлер жеке құрамы, келісімшартпен жүрген әскерилер және сарбаздар бар. Бөлімге келген жас сарбаздар оқу бөлімінен алғашқы әскери білім алып, оқу-жаттығудан өтеді. Алғашқы әскери дайындықтан кейін ғана салтанатты түрде ант қабылданады. Бұл бөлімшедегі ең үлкен мерекелік шаралардың бірі. Оған сарбаздардың ата-аналары, туыстары қатысады. Ант қабылдаған сарбаздар бөлімшелерге бөлінеді. Олардың әрі қарайғы міндеттері бекітілген бөлімшелері арқылы анықталады», – дейді жедел мақсат батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Қайрат Оспанов.
Бүгінде батальонның техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген. Жақында ғана биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап, алғашқы жауынгерлік міндеттерін атқара бастаған.
«Тәрбиенің барлығы бірінші күннен басталады. Әскери жарғылар мен пәрмендер түсіндіріледі. Алғашқы бір айда әскери тәртіпке арналған сабақтар жүргізіледі. Онымен тәрбие жұмыстарын жүргізетін әскерилер ғана емес, прокуратура, әскери полиция қызметкерлері де айналысып жүр. Жас сарбаздар бір айдың ішінде Отанға деген сүйіспеншілікті сезініп, атыс алаңына да шығарылады. Психологиялық тұрғыда 30 күн ішінде әскери өмірге дайын болады», – дейді майор Қайрат Оспанов.
Мерзімді әскери борышын өтеген сарбаздар арасында әскери қызметте қалатындар да аз емес. Олар келісімшартқа отырып, өздерінің туған жерлеріндегі әскери бөлімшеде еңбек ете алады.
«Қайтуға арналған бұйрық шыққан күні сарбаздың бір жыл ішіндегі жетістіктері айтылып, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Оларға әскери билеті мен бір жылда көрсеткен мінездемесі беріледі. Сарбаздардың арасында әскерге жоғары біліммен келетіндер де бар. Әскери қызметке келгенде біліміне қарап таңдалмайды. Ең бастысы – қызметкердің денсаулығы. Ал оқу бағдарламасын тиісінше меңгермей жатқан сарбаздармен кешкі мезгілде командирлер сабақ жүргізеді», – дейді бөлім командирі, полковник Мирас Тұрдалин.
Саптай тізілген жігіттерде артық әңгіме жоқ. Бұйрықты нақпа-нақ орындауға тырысып жүр. Бәрі де сап ішінде. Тамаққа да, жуынуға да, оқуға да, жаттығуға да бір саппен барады. Жігіттер бір ай ішінде түйме қадап, жаға тігуге дейін меңгеріп алған.
«Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Солтүстік Қазақстаннан келетін балалар қазақшаны дұрыс түсінбейді. Ал Оңтүстік Қазақстаннан келгендер орыс тіліне қиналады. Қызмет барысында біреу орысша, екіншісі қазақша түсінбей жататын кездер болады. Бірақ, бір жылдың ішінде орысша сөйлемейтін балалар орысша, ал мүлде қазақша білмейтін балалар таза қазақша сөйлеп кетеді. Олар бірге жүрген қарым-қатынастың нәтижесінде тілді де, әр жақтың салт-дүстүрін де үйренеді», – дейді полковник Мирас Тұрдалин.
Майор Қайрат Оспановтың айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қаладағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады екен.
– Мұндағы сарбаздардың 90 пайызы ауылдық жерде туып өскен балалар. Көпшілігі Ақтөбені тек естігені болмаса, жол түсіп көрмегендер. Біз олардың өздеріне жақсы болу үшін, оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, аңдар саябағына апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі, – дейді батальонның бас тәрбиешісі.
Қорыта келгенде, жауынгерлік қызметте қандай болсын дұрыс шешім қабылдап, оны батылдықпен іске асыру керек. Тек жарғы талабына ғана жүгінген сарбаз осы жауапты тапсырманы абыроймен атқарып шығады.
Ендеше, Отан қорғау ісінде жоғары деңгейден көрініп жүрген 6655 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының жауынгерлері ешуақытта ұятқа қалдырмайтыны анық өз құрбы-жолдастарына әрдайым үлгі боларына әскери бөлім басшылығы нық сенімді.
kaz.nur.kz порталының тілшісі,

Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*