Еңбек нарығындағы «туристер»

Алматы облысында өткізілген «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында 56 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері рейдтік шаралар барысында Өзбекстан, Қытай және Ауғанстаннан келген мигранттардың тек жеке заңды тұлғаларда ғана емес, мемлекеттік нысандарда да заңсыз жұмыс істеп жүргендерін анықтады.
16 шілдеден бастап елімізде «Заңсыз келуші» ЖАІШ өтті. Шара аясында Алматы облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасының заңсыз миграциямен күрес жөніндегі жеке арнайы взводының қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп жүрген көптеген шетелдіктерді анықтады.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай кентіндегі қайта жаңартылып жатқан мектепті тексеру кезінде онда 20 Өзбекстан азаматы ұсталды. Ал Іле ауданында жергілікті тұрғындар құрылыс материалдарын дайындайтын өндіріс орнының иелеріне шағым түсірген болатын. Ол жерді тексеру кезінде жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтардың тиісті құжаттары болмай шықты. Осы күні, сондай-ақ, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылындағы кірпіш зауытында жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтары анықталды. Олар елімізге туристік және іскерлік визамен келіп, сапар мақсатына сай емес жұмыстар атқарған.
Рейд барысында полиция қызметкерлерінің заңсыз келушілерді қуып жүріп ұстауға тура келгендігін айта кеткен жөн. Еліміздің заңы бойынша мұндай заң бұзушылықтарға елден шығару немесе әкімшілік айыппұл салу жазасы қарастырылған. Осыған сәйкес, «Мигрант» жедел алдын алу шарасының үш күнінде 56 шетелдік азамат ұсталып, олардың 15-і елден шығарылды. Одан бөлек, қабылдау-тарату пунктіне 80 шетелдік азамат қамалды. Олардың 3-і Ауғанстан және 2-і ҚХР азаматтары.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*