Полиция болу арманым еді

Мамандық таңдау – адам өмірінің бір кірпішін дұрыс қалау десе болады. Бұл аса маңызды қадам. Өйткені, мұнда адам тағдырының бір бөлігі ұштасып жатады.
Бала кездегі қиял қосқан арман дәл осы сәтте маған бағдар болды. Асқақ арманыңның орындалуы, әрине, адамға оңайлықпен келмесі анық. Сондықтан да еліме пайдасы тиер мамандық иесі болуды ұйғардым. Бүгінде мен – Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерімін. Бұл менің біраз жыл бұрын жасаған таңдауым.
Шын мәнісінде, полиция қызметкері болу туралы ой маған 10-сыныпта келді. Бұл таңдауыма, әрине, қарсы адамдар көп болды. Бірақ, маған қолдау көрсеткен әкем болатын. «Мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы өзін дұрыс таңдау жасап, жауапкершілікті сезіне білсең болды», – деген әкемнің бір ауыз сөзі-ақ мені қанаттандырды.
Расында, қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттілік қасиеттері бұрыннан тән, олар парасаттылығы мен төзімділігі арқасында талай асуларды бағындыра білген. Дәл қазіргі таңда погон тағып, ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген нәзік жандылар өз міндетін атқаруда ер азаматтардан кем түспей келеді. Осындай абыройлы қызмет етіп жүрген қазақ қыздары жайлы газет-журналдардан оқып-біліп жүрдім. Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы жайында ақпараттарды қарастырдым, осы өзім бітірген оқу орны мені қатты қызықтырды. Сондықтан да менің таңдауым осы мамандыққа түсті.
Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Соның ішінде Көліктегі Полиция департаментінің міндеті – еліміздегі мыңдаған шақырым аумақты алып жатқан темір жол торабы мен сағат сайын жолаушылар ағыны ілесіп жатқан темір жол вокзалдары және пойыздардағы қауіпсіздікті қалтқысыз қамтамасыз ету. Күн сайын құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ізін суытпай ашу барынша зор міндет жүктейді.
Ішкі істер органдарында қызмет ету асқан парасаттылықты талап етеді. Қызметтік міндетін дұрыс және жауапкершілікпен атқара білген полиция қызметкері ғана парасатты полицей деген атаққа ие болады. Әрине, арнайы киімді кигеннен кейін полиция қызметкерлеріне халық үмітпен қарайды. Адамның жаны мұрнына келіп қысылған кезде, ең бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен полицияға хабарласады. Еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі – басты назарда. Сондықтан да әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл қызмет адамнан қажыр-қайратты, ерлікті, табандылықты қажет етеді. Сондықтан да болашақта өз ісіме есеп беріп, өзгеге жасаған жақсылығымды міндет етпей, шын жүрегіммен қоғамның дамуына сәл де болса үлесімді қосуға ұмтылсам деймін.

Балнұр АСҚАРОВА,
Өскемен-1 ст. ЖПБ анықтау бөлімінің анықтаушысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*