Реформа заман талабынан туындайды

Түркістан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұржан Қозайдарұлымен сұхбат.
Нұржан Қозайдарұлы, қызмет бабымен біраз жыл батыс облыстарда, оның ішінде Маңғыстау облысында қызмет атқарыпсыз. Түркістан облысының ашылуына байланысты көптеген мамандар қасиетті шаһарға, туған елге оралды. Сізге де осындай тағдыр несібесі бұйырыпты. Осы туралы аз ғана жүрек сырын ашсаңыз?
– Мен 1969 жылы Түркістан облысының Мақтарал ауданында дүниеге келдім. 1986 жылы Сарыағаш қаласындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң, 1994 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу» факультетін «дәрігер» мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
Еңбек жолымды 1994-1997 жылдары Шымкент қаласындағы №6 ауруханада дәрігер-хирург болып бастап, 1999 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Ашық» университетінің «Заңтану» мамандығын өндірістен қол үзбей оқып бітірдім. Ішкі істер саласындағы қызметімді 1997 жылы Шымкент қаласындағы Б. Момышұлы атындағы «Заң» колледжінен бастадым.
Мұнда шақыртылуымның себебі – маған ұсынылған пәндер дәрігер мамандығына тығыз байланысты «Қылмыстық іс жүргізу және криминалистика», «Сот медицинасы және психиатриясы» сияқты пәндер еді. 1997-2006 жылдары аға оқытушы қызметін атқара жүріп, ішкі істер органдары және заң саласының теориясы мен тәжірибесін «ұршықтай иіретін» болдым десем, артық айтқаным емес.
2006-2008 жылдары Көліктегі Ішкі істер департаментінде Шымкент стансасы Желілік басқармасында бастықтың кадр және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметі сеніп тапсырылды. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы ИК-16 түзеу колониясында алдымен бастықтың орынбасары, кейін бастығы болып қызмет жолдарынан өттім.
2015-2017 жылдары Ішкі істер министрлігінің Ақтау қаласындағы Оқу орталығында «Арнайы пәндер циклының» бастығы, Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес бөлімінің жедел уәкілі, Жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімі инспекторы сияқты қызметтерді атқарып, 2017 жылдың қаңтарынан Түркістан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы болып туған өлкеге оралдым.
Қазақта «көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деген нақыл сөз бар. Ішкі істер органдарының білім беру саласында, әкімшілік полиция басқармаларында бірнеше қызмет баспалдақтарынан өттіңіз, сол тәжірибелеріңіздің қазіргі қызметіңізге қандай көмегі болды?
– Дәрігерлік білімім криминалистика, сот медицинасы пәндерінен сабақ бергенде көп пайдасы тиді. Себебі, сот медицинасын практикалық-теориялық жақтан жақсы білуші едім. Жалпы медицина қиындығы мен қызығы қатар мамандық қой, төзімділікке тәрбиелейді, осы қасиет тәртіп сақшысына да ауадай қажет деп ойлаймын.
Ақтаудағы қызмет жолыңызға тоқтала кетсеңіз?
– Ауа райы біздің Түркістан облысының ауа райына ұқсас, қысы жылы келеді. Мұнайы өзен боп ағып жатқан «қара алтынның» кеніші ғой. Адамдары ақкөңіл, өзім деген адамға өзегін суырып беруге даяр, бірсөзді болып келеді. Халықпен тіл табысып жұмыс істедім. Менің екінші туған жерім сияқты болып кетті.
Адамды досына қарап таны дейді. Достарыңыз, ұстаз-тәлімгеріңіз, шәкірттеріңіз бен әріптестеріңізді, хоббиіңізді білуге бола ма?
– Достарымның әрі курстасымның алды министр болды, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бірге оқыған досым. Тәлімгерлерімнің ішінен генерал-майор Сұлтанов Жеңісбай ағаны ерекше атағым келеді. Шәкірттерім аудандық, қалалық полиция бөлімдері мен прокуратурада жемісті, абыройлы қызмет атқарып жүргенін мақтан тұтамын. Сүйікті спортым – волейбол.
«Ат айналып қазығын табар» дегендей, тәжірибе жинап, өмірдің ащы-тұщысын көріп, толысқан, жігіт ағасы болған шағыңызда туған жердің төсінде, қасиетті топырақта қызмет істеу ырзығы бұйырыпты. Жалпы қоғам болсын, оның кәсіптік салалары болсын, үнемі дамып, жетіліп, жаңарып отырады ғой. Осы тұрғыдан қарағанда полиция жұмысы да жаңғыру үстінде, осы жөнінде пікіріңізді білудің артықтығы жоқ шығар?
– Иә, қоғам үнемі даму үстінде болмаса, ол қоғам, ел, мемлекет, ұлт бола ма? Сан түрлі мамандықтың бірі – полиция мамандығы да қоғамнан тыс қала алмайды. Әсіресе, мынау техникалық прогресс заманында бұл процесс жедел жүреді, шапшаң дамуды қажет етеді. Абай атамыз айтқандай: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Полиция саласының реформасы да осындай заман талабынан туындап отыр. Жаңа реформа полицияға мүлдем жаңа талаптар жүктейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын барлығымыз оқып білдік, ол: Сабақтастық, Әділдік, Даму деген ұстаным. Президентіміздің ұстанымын іске асыратын халық және олардың санасы, қажырлы еңбегі мен еліне деген патриоттық сезімі сияқты үлгілі қасиеттер деп ойлаймын.
Енді осы ұстаным туралы жастарға айтарыңыз бар ма?
– Бұл ұстанымдардың терең мәні бар. Өйткені, еліміз егемендік алғалы бері Елбасының көреген саясатымен көп жетістікке жетті. Шекарамызды заңдастырдық, Түркістанды түлету үшін атқарылып жатқан ұлан-ғайыр істердің өзі неге тұрады. Осындай игі істерді кейінгі Президент сабақтастырса, ол көрегендігі емес пе? Ал әділдік болмаса, даму болмаса, болашағымыз бұлыңғыр болатыны айқын.
Президентіміз тәртіп сақшыларына реформа талаптарын қойып отыр, осы жөнінде полиция бөлімдері мен басқармаларының атқарар функциялық қызметтерін біле бермейді. Басқарманың негізгі міндеттері мен функциялары туралы айта кетсеңіз?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен тығыз қарым-қатынас жасау міндетін қойып отыр. Облыстық Полиция департаментінің атқарар міндеттерін біліп, «халықтық кеңсе» арқылы тығыз байланыс жасауға мүмкіндік береді. Халық білу үшін біздің топтың міндеті мен функцияларын толық айта кету жөн шығар.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті алдына қойып отырған міндеттер келесідей:
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде әкімшілік практика саласы бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, жүзеге асыру. Әкімшілік құқық бұзған адамдарға қатысты толтырылған әкімшілік хаттамаларды зерделеп, заңдылығына баға беріп, заң талаптары мен құқықтық нормаларының дұрыс қолданылуын қадағалау. Салынған әкімшілік айыппұлдардың өндірілу жағдайын сараптап, оларды өндіру бойынша жан-жақты шаралар қабылдау.
2. Жол-техникалық инспекциясы саласы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз ету. Жол-техникалық инспекция саласында арнайы бақылау, қадағалау және рұқсат беру, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша автокөлік жолдарында орындаушылық және реттеуші функцияларын атқару.
3. Ішкі істер органдарының айдауылдау бөліністерінің күдіктілер мен айыпталушыларды айдауылдау жөніндегі қызметін ұйымдастыру. Ішкі істер органдарының уақытша ұстау изоляторының күдікті ретінде ұсталған адамдарды қамауда ұстау жөніндегі қызметін ұйымдастыру.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялар мен рұқсаттар беруді жүзеге асыру. Қызметтік және азаматтық қару мен оның оқ-дәрілерінің айналымын бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру.
5. Әкімшілік полиция бөлімшелерін техникалық дамыту және ақпараттық қамтамасыздандыру бойынша бағдарламалар жасау, оларды жүзеге асыру.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Балтакесті ӨТЕБЕКОВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*