Қоғамдық қауіпсіздік қызметінде – 125 жыл

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде ұрпақтар сабақтастығын сақтап, династияны жалғап отырған отбасылар баршылық. Мұндай отбасылардың ұлдары мен қыздары полиция қызметінің қыр-сырына қанығып, шыңдалып, кәсіби шеберліктерін арттырып, уақытпен санаспай әлі күнге саптан табылып келеді.
Жалпы, азаматтық қызметтегі жандардың полиция қызметіндегі қиындықтар мен ауыртпалықтарды көзбен көргенде ғана түйсікке сыйғызатыны анық. Династияның негізін қалаушы жандар өзінен кейінгі ұрпақтарына осынау қызмет туралы баяндап, ақыл-кеңестерін береді. Қызметтеріне дұрыс бағыт сілтейді. Әрине, кез келген әкеге полиция мамандығын игеріп, ұл-қызының династияны жалғауы – зор мерей. Бірнеше жылғы тынымсыз қызметінің жалғасқаны болмақ.
Династия отбасылары туралы әңгіме қозғалғанда біз бұл жолы 1984 жылы республикалық «На страже» газетінде жазылған Рахметовтер отбасы туралы баяндауды жөн санадық. Арада 35 жыл өткен соң да, Рахметовтер династиясының жалғасып келе жатқаны жайында айтпақшымыз. Династияның негізін қалаған Хасан Рахметов есімді биік, заңғар тұлға болатын. Хасан Хамитұлы бастаған жолмен Талғат және Болат есімді екі ұлы жүрді, одан соң немерелері Қайрат, Ержан мен Қанат – династияны жалғаушы буындар.
1927 жылы дүниеге келген Хасан Хамитұлы ішкі істер органындағы қызметін 1944 жылы бастап, 36 жыл аянбай қызмет қылып, 1980 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Хасан Хамитұлы өз балаларының жоғары білім алып, еңбек шежіресін жалғаушы буын ретінде кәсіби маман болуына аса ден қойған жан. Сол уақыттағы сұрапыл соғыс жылдарынан кейінгі қиын-қыстау кезең мен отбасындағы ауыртпалықтарға мойынсұнбай, ол 1952 жылы Харьков орта мектебінің жедел құрамында дайындалып, білім алды. Одан әрі Мәскеу Жоғары милиция мектебін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.
Милициядағы алғашқы еңбек жолы хатшылық лауазымнан басталып, Тайпақ милиция бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындалды. Қызмет барысында кейіпкеріміз Тайпақ аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілінен Зеленов пен Теректі аудандық милиция бөлімі бастығының орынбасары және Тасқала мен Жәнібек аудандық милиция бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарды. 17 жасында кіші сержант шенін алған тұлға зейнеткерлікке шығар тұста милиция подполковнигі шенін алды. Милиция қатарындағы мінсіз қызметі ерекшеленіп, кеудесіне бірнеше рет медальдар мен төсбелгілері тағылды. Бұл құрметті төсбелгілерін ұрпақтары әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келеді. Атап айтқанда, «Совет милициясының үздігі» кеуде белгісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының алғыс хатымен, Қазақ КСР ІІМ және Орал облыстық атқарушы комитетінің Орал қалық басқармасы кеуде белгілерімен марапатталды. 1969 жылы Орал облыстық атқару комитеті басшысының бұйрығымен 25 жылғы қызметі үшін оған «Полет» қол сағаты тапсырылды. Бұл сыйлық бүгінде ұрпақтарының қолында сақтаулы, әлі күнге тықылдап жүріп тұр. Балалары мен немерелері асқар таудай ардақтыларының жеке заттарын, барлық құрметті мадақтауларын, офицер планшетін, компас пен ысқырғышына дейін сақтап қойған.
Әке жолымен 1981 жылы Кеңес армиясы қатарында борышын өтеп келген ұлы Болат ішкі істер органдарына қызметке орналасты. Болат Рахметовтің еңбек жолы Орал облыстық Ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік қызметінің инспекторы лауазымында милиция сержанты шенімен басталды. 1989 жылы Кеңестер Одағы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебіне оқуға түсіп, аяқтайды. Жоғары білім алған соң, Теректі аудандық Ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындалып, бірнеше жыл қылмыстық іздестіру құрылымдық бөлімінде жұмыс атқарды. Жедел уәкілдіктен Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары лауазымына дейін жоғарылап, Батыс Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 170/2 түзеу мекемесі бастығының орынбасары лауазымында әділет подполковнигі шенімен қызметін аяқтады. Ішкі істер органындағы қызметі 28 жылды құрайды.
Болат Рахметовті әріптестері тәжірибелі және кәсіби тыңшы ретінде еске алады. Аса ауыр және ауыр қылмыстарды ізін суытпай ашатын білікті маман шәкірттерін де шеберлікке тәрбиеледі. Б. Рахметов «Совет милициясының үздігі» кеуде белгісімен және медальдармен марапатталды. Болат Хасанұлы 1986 жылы Мәскеу қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде Армения мен Әзербайжанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан. Өкінішке орай, 2018 жылы 56 жасында Болат Рахметов өмірден озды.
Хасан Хамитұлының екінші ұлы Талғат Рахметов КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін үздік тәмамдаған соң, Теректі аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушісі лауазымына орналасты. Одан әрі жедел және тергеу бөлімдерінде, Жәнібек аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Жәнібек пен Бөрлі, Зеленов аудандық Ішкі істер бөлімдерінің бастығы, Орал қаласы Полиция бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарды. Соңғы 10 жыл Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. 2004 жылы ІІМ Академиясы магистратурасын үздік аяқтады. 2010 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 2011 жылы оған заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы берілді.
Ғылыммен айналысуға деген құштарлығы жас кезінен басталған Талғат Ресейдің Свердлов қаласындағы «Студент және ғылыми-техникалық прогресс» бүкіләлемдік олимпиадасына қатысып, криминалистика бойынша жүлделі орынмен оралған болатын. Ол әлі күнге дейін Свердлов қаласынан алған алғыс хатын мақтанышпен айтып отырады.
Талғат Рахметов 36 жыл ішкі істер органында қызмет атқарып, 2017 жылы полиция полковнигі шенімен құрметті демалысқа шықты. Ол 16 медальмен, соның ішінде «ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкері» медалімен марапатталған жан. Осы күнге дейін курсант кезіндегі милиция погонын сақтап қойған. Тәрбиелеген шәкірттері ішкі істер саласында абыройлы қызметтер атқарып жүр.
Полиция полковнигі жас буынды тәрбиелеу іс-шараларына атсалысып, Орал қаласындағы Қазақ ақпараттық-инновациялық университетіндегі ғылыми орталықтың беделді басшысы болып келеді. Магистратура мен заң факультетінде оқитын студенттерге сабақ беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Ғылым-білім кешенінде өзінің бастамасымен және оқу орнының қолдауымен 2018 жылы қылмыстық іздестірудің 100 жылдығына орай халықаралық конференция ұйымдастырды. Оған Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы аймағынан танымал ғалымдар қатысты.
Ішкі істер органдарындағы династиялық жолды Хасан Хамитұлының 3 немересі жалғап отыр. Полиция майоры Қайрат Талғатұлы, полиция аға лейтенанттары Ержан Талғатұлы мен Қанат Болатұлы – ІІМ Қарағанды Академиясының түлектері. Барлығы да криминалдық полиция бөлімінде тынымсыз қызмет атқаруда.
Рахметовтер отбасының жалпы еңбек өтілі 125 жылды құрайды. 2003 жылы Хасан Хамитұлының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметі еленіп, 2005 жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен Теректі аудандық Ішкі істер бөлімінің маңдайшасына мемориалды тақта орнату туралы шешім қабылданды. Алайда, Хасан Хамитұлы ұрпақтарының династияны жалғастырып отырғанын көрмеді. Оның балалары мен немерелері анттарына адал, абыройлы қызмет етуге ынталы жандар. Хасан Хамитұлының жары Мәдина Хабиқызы ошағын ұйытып отырған қадірлі ана. Тыл ардагері Мәдина Рахметова балапандарының амандығына қуанады, солардың бейбіт өмірде еңбек еткендерін қалайды. Полиция қызметкеріне мықты тыл қажет десек, Мәдина Хабиқызы әулеттің тілеуін тілеп отырған мәуелі әже.
Хасан Хамитұлының ұлдары мен келіндері Зауре Молдашқызы, Райса Тілеубергенқызы әке ізін жалғаған ұлдарының қиындығы мол қызметтеріне шыдамдылық пен сабыр, адалдық тілейді. Сөз соңында Мәдина Хабиқызына ұзақ ғұмыр, Рахметовтер отбасындағы династия жалғастырушы полиция қызметкерлеріне, жас офицерлерге сәттіліктер тілейміз.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*