Борышкер, төлемнен бұлтарма!

Солтүстік Қазақстан облысы Көші-қон қызметі 100-ден астам борышкер, алимент төлемеушілер мен туыстық қарым-қатынастарды жоғалтқан адамдарды іздестіруде.
9 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері алимент төлемеушілер мен борышкерлерді іздестіру бойынша үш күндік акция өткізді.
Полицейлердің өндірісінде 117 іздестіру ісі болды: оның ішінде 28 алимент төлемеуші, 60 борышкер бар. Қалған 29 азамат «туыстық қарым-қатынастарын жоғалтқандар» санаты бойынша іздеуде. Өткізіліп жатқан акцияның мақсаты – іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтау жұмысын пысықтау.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбіловтің айтуынша, адамды іздеуге жариялау туралы сот ұйғарымы келіп түскеннен кейін қызметкерлер іздестіру ісін ашады. Тұруы мүмкін мекенжайлар тексеріледі. Іздеудегі тұлға табылған жағдайда түсіндірме алынады, іздестіру ісін тоқтату үшін қажетті құжаттар жинастырылып, тиісті органдарға жолданылады
– Сондай-ақ, рейд кезінде көші-қон қызметінің қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Азаматтарға мамандардың байланыс телефондары үлестіріліп, Көші-қон қызметі орталығында қызмет көрсету тәртібі туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, борышкерлер мен алимент төлемеушілерге қарыздан жалтару салдары түсіндіріледі. Мәселен, борышкер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тек қарызын өтеген жағдайда ғана шыға алатынын еске салады, – дейді Талғат Әбілов.
Акция басталғалы облыс полицейлері іздестірудегі 22 адамның жүрген жерін анықтады. Оның ішінде 8 алимент төлемеуші, 8 борышкер және туыстық қарым-қатынастарын жоғалтқан 6 адам бар. Көші-қон қызметі басқармасының полицейлері осындай іс-шараларды үш айда бір рет өткізеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*