Жеке қабылдаулар жемісін беруде

100-ден астам ақмолалық облыстық Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауында болып, сұрақтарына жауап алды.
Апта сайын ведомствода Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов азаматтарды жеке қабылдайды. Өңірдің кез келген тұрғыны облыстың бас полицейіне құқық қорғау органының қызметіне қатысты мәселемен жүгініп, оның құзыретті шешілуіне сене алады.
Кезекті азаматтарды қабылдау 10 шілде күні департаменттің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті. Бір сағаттың ішінде Берік Біләлов өңірдің 5 тұрғынының сұрағына жауап берді. Жеке қабылдауға келген азаматтарды қылмыстық істердің тергелуі, көші-қон және әкімшілік заңнама мәселелері, сондай-ақ, полиция органдарына қызметке тұру мүмкіндіктері толғандырды. Ведомство басшысының айтуынша, бұл өтініштердің әрқайсысы барлық мән-жайды егжей-тегжейлі зерделеп, заңнама негізінде дұрыс шешім қабылдауды талап етеді.
Айта кететін жай, кездесу барысында азаматтар сөз еткен қылмыстық істерді Берік Біләлов тікелей қадағалауына алып, тергеу құрылымдарына аталған істердің сотқа барынша қысқа мерзімде жолдануы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, Көші-қон қызметі, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы және Кадр саясаты басқармасы бастықтарына жеке-жеке тапсырмалар берді. Қабылдау кезінде келіп түскен бірде-бір мәселе жауапсыз қалмады, ал барлық тапсырмалардың орындалуын департамент басшылығы өз бақылауына алды.
Бүгінде азаматтарды жайлы жағдайда қабылдау үшін «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» жұмыс істейді. Сонымен қатар, Берік Біләлов азаматтарды қабылдау кеңсесінен бөлек, аудан орталықтары, ауылдық аймақтар және учаскелік полиция пункттерінде де қабылдау тәжірибесін енгізген болатын. Полицейлерге қоғам белсенділері белсенді көмек көрсетуде. Бір де бір қабылдау Консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді. Бұл мақсатқа сандық технологиялар да барынша қолданылады. Әрбір азаматтарды қабылдау ведомстволық әлеуметтік желілерде тікелей эфирде беріледі. Бұл интернет қолданушылардың арасында көптеген оң пікірге ие.
Осы жылдың екі айында полиция ведомствосының басшысы өңірдің 100 тұрғынымен жеке өзі кездессе, тағы 77 азаматты департамент бастығының орынбасарлары қабылдады. Бұл тәжірибе аумақтық құрылымдарда да жалғасуда. Биыл қалалық және аудандық бөлімдерде 350-ден аса ақмолалықтың проблемалық мәселелеріне жауап берілді.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*