Жағажайлар жағдайы бақылауда

Петропавл қаласында қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендігі және спирттік ішімдік ішкені үшін 3 мыңға тарта құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Петропавл қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері өзен-көлдердің жағасын патрульдеуді күшейтті. Рейдтің мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және суда жазатайым оқиғаларға жол бермеу.
Құбылмалы ауа райына қарамастан, судың жағасында демалуды қалайтындардың қатары мол. Жағажайдағы жағдайды полицейлер ТЖ департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп қадағалайды. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – демалушылардың спирттік ішімдіктерді ішуінің жолын кесу және мас күйде суға түсуге жол бермеу. Жыл басынан петропавлдықтардың жалпы суды пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін полицейлер 3 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Барлығы ескертумен шектелді.
Қалалық жағажайдағы рейд барысында мас күйде жүрген 4 жас жігіт анықталды. Мән-жайды анықтау барысында олардың барлығы кәмелетке толмағандар болып шықты. Барлығы медициналық куәландырудан өтуге жіберіліп, қорытындысы олардың алкогольдік мас күйде екендігін көрсетті. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін ювеналдық полицейлер әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Есіл өзені бойындағы жабайы жағажайлардағы шомылу фактілерін анықтау мақсатында полицейлер құтқарушылармен бірлесіп қайықпен патрульдеуге жиі шығады. Шомылушылардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға жадынамалар таратылады. Облыстық ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқару бөлінісінің басшысы-құтқарушы Сергей Черкасовтың айтуы бойынша, Петропавл қаласы бойынша екі жерде ғана суға түсуге рұқсат етілген: Пестрое көлі мен Есіл өзені – бұл жабдықталған жағажайлар. Сонымен қатар, Корнеевка селосындағы Тораңғұл көлінде құтқару бекеті, демалу аймағы бар. Жабдықталмаған жерлерде суға түсуге тыйым салынады. Қалалық жағажайға демалуға келгеннің өзінде де, судағы тәртіптің өз қағидалары бар: суда тартылған белгілердің ар жағына шығуға, балаларды қараусыз қалдыруға, спирттік ішімдіктерді ішуге және мас күйде суға түсуге болмайды.
Полицейлер суға түсетін жерлерде алкоголь ішу жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыратындығын ескертеді. Мас күйдегі адамдар жиі құқық бұзушылық жасайды немесе өздері түрлі қылмыстардың субъектісіне айналуы мүмкін. Сондықтан Есіл өзені мен Пестрое көліндегі жағажайларды патрульдеу суға шомылу маусымы аяқталғанша жалғасады.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*